Салт-дәстүр сүрлеулері
13/01/2026, 09:02

ҚАЗАҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ САКРАЛЬДІ ҰҒЫМДАР

Ғалымдардың пікірінше, көне дәуір адамы тарихты басқаша қабылдаған. Оларды өткен заманның дерегі емес оқиғаның мағынасы көбірек қызықтырған. Олар өте ерте кезде болып кеткен көне оқиғалар тізбегіне мән бермейді. Адам өмірінде мәңгі бақи қайталанып тұратын, уақыт пен кеңістікке еш бағынбайтын ақиқаттың сырларын ғана меңгеруге ұмтылған. Уақыт пен кеңістікке тәуелді болмағандықтан да, қазақ дүниетанымындағы батырлар пайғамбар заманында сахаба атанып, олармен бірге жорықта жүре береді. Мәселен, қасапшының пірі – Садуақас батыр VII ғасырда өмір сүрген Мұхамбет пайғамбарға сахаба болып жүре береді. Екінші бір аңызда бүкіл қазақ шежіресі тұп атасын Әнес сахабадан таратады. Егер қазақтың осы дүниетанымын мифтік тұрғыдан емес логоспен тексеретін болсаңыз, шым-шытырық қарама-қайшылыққа тап боласыз.

Сондықтан да ежелгі тарихи аңыздар әр заманда қайталанып тұратын ұқсас оқиғаның ғибратты мазмұнын ғана қармап қалуға тырысады. Мысалы, ежелгі еврей жұрты Қызыл теңізді жарып өтті ме, жоқ па, оны білу мүмкін емес. Бұл оқиға тек миф түрінде ғана баяндалады. Есесіне осыдан келесі шындық туындайды. Еврей халқы жыл сайын осы оқиғаны еске алып, ұлттық мейрам етіп тойлайды. Егер осы Қызыл теңіз оқиғасын миф арқылы жеткізіп, оны мистикалық тұрғыда баяндамаса, ол діни реңінен айрылар еді. Яғни, логостың бұл жерде ешқандай ролі жоқ. «Мұса пайғамбар Қызыл теңізді шынымен де аса таяқпен екіге жарды ма?», «тарихта болғаны рас па?» деген сияқты сұрақтар ежелгі мифтің иләһи мағынасын көрсетпей бүркеп тастайды.

Бұндай сұрақтар логос пен миф шатысқан кезде көбейеді. Қазақша түсінікке салғанда былай болып шығады. Аңызды көңілдің пернесімен емес, ақылдың сәулесі арқылы түсінуге талпыну – қате қадам. Тура сол сияқты қазақ аңыздарын да тарихи фактімен тани алмайсыз. «Арыстан бап шынымен 400 жыл өмір сүрді ме?», «ол құрманы аузында 400 жыл қалай сақтады?», «Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа тоқтағаны рас па?», «Адам ата Қазақстанға келген бе?» деген сияқты сұрақтар адамға ешқандай да пайда бермейді. Осындай сұрақтар көбейген сайын аңыздың рухани мазмұны әлсіреп, көңілге сәуле шашатын шындықтың жалыны әлсірей береді.

Ағылшын ғалымы Карен Армстронг логос пен мифке қатысты ойларын былайша тарқатады. «Адам өмірі үшін логос та өте маңызды. Логостың рационалды прагматикалық танымы болмағанда, адамзат нақты ғылымға қол жеткізіп, қазіргідей әлемді игілігіне жарата алмас еді. Қазіргі Батыс жұрты мифтік танымын әлсіретіп алған сияқты. Есесіне логос бізге жақсы таныс. Батыс қоғамы осы танымның негізінде құрылды. Логостың мифтен айырмасы мынада. Логос нақты фактілерді салыстырады. Егер фактілер сәйкес келмесе, мәселе күрделенеді. Дүниелік істерді реттегенде – логос таптырмайтын құрал. Практикалық тұрғыдан өте пайдалы. Яғни, логос алға ғана ұмтылады. Жаңа нәрселер ойлап тапқысы келеді. теорияларды дамытады. Қоршаған ортаны игергенді жақсы көреді.

Миф, керісінше, келешекке емес, өткенге назар аудартады. Мифтің мақсаты – өмірдегі ең құнды, ең киелі, ең қасиетті идеяларды ұмыттырмай, ұдайы еске салып отыру. Миф адамдарды әманда әр нәрсенің түпкі негізі мен бастауына үңілдіреді. Бірақ мифтің анық-қанығын эмпирикалық әдіспен тексеріп біле алмайсыз. Мифтің міндеті біздің тұрмыс-тіршілікте тұтынатын тыйымдар мен ырымдарды иләһи мағынамен байытып, адамды өмірден жалықтырмау».  (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 8 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: