| 23/12/2025, 18:24 | |
СҰРАҚ-ЖАУАПТАР Әр халықтың дәстүрінде сәбидің тегін, тамырын, рухани діңгегін қалыптастыру үшін, ең алдымен, оған аты-жөнін, руын, ұлтын, сенімін үйретеді. Мұны ғылымда дүниетану әліппесі деп атайды. Ата-ана балаға үнемі осы сұрақтардв қойып отырса, оның санасында бұл ақпараттар жақсы сақталады. Әлеуметтанушы ғалымдардың пікірінше, киелі құндылықтарды игермеген бала өскен кезде әртүрлі діни ағымдардың жетегіне еріп кетеді. Елін сүймейтін нигилиске айналады. Салт-дәстүрін менсінбейді. Демек, бұл сұрақ-жауаптар бала үшін рухани иммунитет тәрізді. Осы арқылы сәбидің бойында ұлы тұлғаларға, қасиетті заттарға, ата-тегіне, тарихын деген құрметі оянады. Ертеректе «қырық сұрақ», «жетпіс сұрақ», «мың сұрақ», т.б. нұсқалар қолжазба түрінде немесе ауызша кеңінен таралған. Теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай «Бұл сұрақ-жауаптар ұлттың болмысын анықтайтын көрсеткіш» дейді. Психолог ғалымдардың зерттеуінше, бозбаланың арманын айқындап, мәңгілік мұраттарға құмартатын кезі 13 пен 15 жас аралығы. Табиғат заңы бойынша бозбала осы жаста өміріне мән-мағына бітіретін ұлы армандардың жетегінде кетуі тиіс. Әдетте бұл классикалық сұрақ әлем даналарының кітабында мынадай формада қайталанып отырады. «Мен кіммін?», «Бұл өмірге қайдан келдім?», «Өмірдегі менің азаматтық парызым қандай?», «Өлген соң менің жаным қайда барады?». Осындай мағынасы терең, мазмұны бай мақсаттарға ұмтылмаған адамның өмірі мағынасыз бола бастайды. Оның психологиясында эмоционалды тұрақсыздық пен сауықшыл мінез үстем болады. Орта жасқа келгенде және қартайған шағында ішкі әлемінде рухани тоқырау дерті басталады. Логотерапия ғылымының негізін қалаушы австриялық ғалым Виктор Франкл бұл дертті «экзистенциалды вакуум» деп анықтаған. Адамның 15 жаста жіберіп алған осы салғырттығы жігіттік дәуренде білінбейді. Бірақ 35 пен 40 жастың арасында экзистенциалды вакуум болып қайта оралады. Психолог ғалым Гейл Шихи: «Біз не нәрсемен шұғылданып, қандай жұмыс жасамайық, жасымыз қырыққа келгенде өзіміз бұрын-соңды елемеген, қолдан тұншықтырып келген кеудедегі бір күш сыртқа қарай ышқынып ұмтылады», - дейді. Осы жаста адам өмірге деген құштарлықты жоғалтып алмас үшін, бала кезінде елемей өткізіп алған осы сұрақ-жауаптарды қайта қарап, ойлануға мәжбүр болады. Ғалымдар «Егер осы жаста адамдар тағы да өзін өзі алдап, әртүрлі жұмыстарға жегіліп, ойын-сауықтарға үйір болса, немесе, арақ ішіп жұбанатын болса, оны өмірінің соңына қарай «үлкен өкініш» күтіп тұр» деп ескертеді. Егер адам осы қауіпті кезеңде дәстүрлі сұрақ-жауаптарға мән беріп, рухани ізденсе, 70-80 жасқа дейін еркін жететін тың шығармашылық шабыт табады. Ондай адамдар сәтімен қартайып, өмірдің барлық қиындықтарына төтеп береді. Қазыналы қартқа айналады. Мамандар адамның идентификациясын анықтау үшін мынадай тәсіл қолданған. Олар бірнеше адам арасында сауалнама жүргізіп, оларға «Мен кіммін?» деген сұрақты 20 рет қайталап қояды. Емтиханға қатысқан кісілер қайталана беретін жалғыз сұраққа тұшымды жауап бере алмай қиналған. Қатысушылардың көбі сұраққа аты-жөнін, ұлтын, мамандығын жазып бастаған. Бірақ алты-жеті сұрақтан соң олардың жауаптары таусылған. Бірақ бұл жауаптардың бір де біреуі «Мен кіммін?» деген ең маңызды сұраққа жауап болып табылмайды. Себебі оның бәрі шарты анықтама. Кәсіп пен мамандық уақытша болғандықтан, адамның кім екенін анықтап бермейді. Бірақ осы анықтаманың классикалық, өркениеттік формасын қазақ даласындағы дәстүрлі тәрбие жүйесінен таба аламыз. «Мен кіммін» деген сұрақтың жауабы «Кімнің құлысың», «Кімнің үмбетісің?» деген қалыппен қайталанып келіп отыратын «сұрақ-жауаптар» барысында терең ашылады. Балаға жастайынан өзінің адамдық қалпы мен рухани бағдарының мәнін ашып беретін болғандықтан, бұл үрдіс оның сәулелі ғұмырына шамшырақ бола алады. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
