| 16/09/2025, 09:37 | |
КІТАП ОҚУ НЕ ҮШІН КЕРЕК? Harvard Business Review-де жарық көрген мақала шықты. «Басқаша ойла, стандарттан тыс ойла» деп жатады ғой. Мақаланың өзегі мынаған кеп саяды: «Басқаша ойлау деген киын түсінік. Басқаша ойланғың келсе, сол бір нәрсеге басқаша қара» дейді. Күнде көріп жүрген гүлің ғой. Күнде көріп жүрген жапырағың. Күнде көріп жүрген адамың. Бірақ сен кітап оқу арқылы бағанағы мақалада айтылғандай олардың бәрін басқа қырынан көре аласың. Әйтпесе, ойлашы, кітап оқымайсың, тек бір қырынан көре бересің. Басқаша ойлаймын десең, басқа қырынан қарай алмайсың. «Басқа қырынан қалай қарауға болады?» деген сұрақтың түрлі жауаптарын кітап ұсынады. Карл саган деген мықты ғалым бар. Сол кісінің күшті бір сөзі бар: «Ғылым – жарық және бәрін айқын көрсетеді. Бірақ біздің әлеміміз үлкен бір орман сияқты. Ал ғылымның жарығы оның тек бір жапырағына ғана түсіп тұр». Енді ары қарай игерілмеген қанша нәрсе бар. Осыны түсінген адам үйренбей, үйренгісі келмей, жаңадан бір нәрсе ойлап таппай жүре алмайды. Креатив осыдан шығады. Мысалы, Илон Маск не үшін жоғарыға ұмтылады? Себебі бүкіл орманның бір жапырағын ғана танып тұрғанын біледі. Сондықтан үлкен өзгерістер ғылымға, білімге деген ұмтылыстан шығады. Ал мұны білу үшін, сондай әлем бар екенін білу үшін – кітап оқу керек. Біз бұрыннан тамақтан соң бата оқимыз ғой. Бата бергенде оқитынымыз – «Фатиха» сүресі. Соның алғашқы аятының аудармасы – «Бүкіл мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға болсын» деген сөз. Сонда «әлемдер» деген қандай әлемдер деп ойланатын едік. Адамдар, періштелер, жындар әлемі деген секілді, өсімдіктер, жануарлар да бөлек әлем болып саналатын шығар деп ойладық. Кейін биология, физика, химиядан кітаптарды оқи келе, әлем деген өте көп екенін түсіндік. Бағанағы ағаштың өзі бір әлем. Өйткені ол өте ұсақ бір дәннен пайда болды. Бір дәннің ішінде бүкіл ағаштың генетикалық коды жазулы тұр. Сол бүкіл потенциалын ашып ағашқа айналды. Сонда емен мен қайыңды салыстыра алмайсың. Екеуінің тығыздығы әртүрлі, жапырақтарының формасы әртүрлі, биіктігі де әртүрлі. Енді осы еменнің әр бұтағын алсақ, әр бұтағының өзі Фибоначчи заңдылығы бойынша бітеді. Әр бұтақтың өзі сондай бір заңдылықпен пайда болса, одан кейін пайда болатын әр жапырақ та осы заңдылыққа бағынады. Ал енді жапырақтың өзін үлкейтіп қарасаң... «люси» деген киноны көрдіңіздер ме? Бас кейіпкер миының бүкіл потенциалын ашады да, ағашқа қараған уақытта оның тамырларының жердегі минералдарды сорып жатқанын, жапырақта болып жатқан фотосинтезді көре алатын болады. Білімді адам дәл солай көре алады. Жапырақтың құрылымында пигменттер бар. Күздің кезінде пигменттер бүкіл суды үнемдеу үшін өзінің түсін өзгертіп, жасыл түстен сары түске айналады. Осының бәрі – бір әлем. Енді әр жапырақтың ішінде молекулалық денелерге қарасаң, кванттық физикаға кіріп кетесің. Ол жерде әр молекуланың өзі бөлек бір әлем. Молекуланың құрылысына қарасаң, күн жүйесінің моделін көресің. Өте үлкен зат пен өте ұсақ заттың арасында тікелей байланыс бар. Қатты таң қаласың. Тарихтан бір мысал айтайық, «Кез келген диктатор диктаторлығының бірінші кезеңі ретінде кітап шығарады». Осыдан-ақ кітаптың маңызын көруге болады. Әлемнің кез келген саяси жүйесін қараңыз, диктатор болсын, президент болсын, бірінші кітап жазады. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 13 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
