15/05/2023, 11:46 | |
КІТАПТЫҢ 60%-ЫН 1 МИНУТТА ТҮСІНУ Көрінген кітапты оқи берген жарамайды, көңілде туған сауалдарға жауап бере алатын кітаптарды оқыған абзал. Лев Толстой Кітапты бастамас бұрын, оқитын кітабыңыз жайлы толық мәліметпен танысып алыңыз. Кітаппен толық танысып алсаңыз, сізге кітапты оқу жеңіл болады. Ми еркін қабылдайды. Дәріні ішпес бұрын оны пайдалану нұсқаулығымен танысамыз. Қай уақытта дәріні қабылдау қажет, қандай ауруға ем, қанша мезгіл ішу қажет т.б. ақпаратпен танысып барып дәріні ішесіз. Кітап та тура осы жүйені талап етеді. Кітапты оқымас бұрын мына 3 сұраққа жауап алыңыз:
1. Автор кім? кітаптың авторымен танысыңыз. Қай бағытта үздік шығарма жазғанын зерттеңіз. Мысалы, бір жазушының роман жазу қабілеті өте жоғары деңгейде болып, қысқа әңгімелерді жаза алмауы мүмкін. Автордың өзге кітаптарына көз жүгіртіңіз. Барлық еңбегіне тән ұқсастықты бағамдаңыз. Кітап авторы жайлы өзге оқырманның ойын біліңіз. 2. Шығарма не үшін Жазылған? Автор кітапты не үшін жазғанын анықтаңыз. Автордың басынан өткен оқиғасы ма? Әлде көрген, білген, естіген ақпараттары ма бұл маңызды процесс. Себебі сіз «Ұлы Отан соғысы» жайлы шығарма оқығалы жатырсыз. Автор мүлде соғыс, майдан көрмеген болса, сізге атмосфераны бере ала ма? Әрине, жоқ. Шығарманың кемшін тұстары көп болады. Автор шығарманы жазу барысында еңбектенсе, оқырманға бірден сезіледі. Осы тұрғыда Әбіш Кекілбаев «Үркер» романын жазу барысында 1979 жылы Ырғыз ауылына барды. Барудағы себебі Кіші жүздің Ресейге қосылуға қол қойған жерін көзбен көру еді. Әрі Ырғыз ауылындағы көпті көрген қариялардан оқиғаның қалай өрбігенін сұрап, таныс болды. Оқиға болған жерге (Маңтөбе) киіз үй тіктіріп, шығарманы жатып жазған. Автор осылай ізденіспен, еңбектеніп жазатын болса, шығарма ғұмырлы болады. Автор басынан өткен оқиғасына, тәжірибесіне сүйеніп жазса, кітаптың берері мол деп тұжырымдай аламыз. 3. Кітап жайлы өзге оқырманның пікірін білу Сізге кітапты құлшынып оқуға мотивация сыйлайтын бөлім. Оқырманның пікірін білу кітапқа деген қызығушылығыңызды оятады. Оқрыманның пікірі «керемет, жақсы, шедевр» деген емес, ойын ашық айтып жеткізген оқырманның пікіріне құлақ асыңыз. Сіз осы 3 процесті өтіп шықсаңыз, кітаптың 60%-ын оқыдым деп ойлай берсеңіз болады. Сіз кітап оқуға толықтай дайынсыз. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 78 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |