27/03/2023, 07:27 | |
КІТАП ОҚЫМАС БҰРЫН МАҚСАТТЫ АЙҚЫНДАҢЫЗ Сізге кітап оқыған ұнамаса, өзіңізге керек кітапты әлі таппағансыз. Жоан Роулин Кітапты атүсті оқи беруге болады. Алайда кітап оқығанда мақсат қоймасаңыз, еңбегіңіз зая кетеді. Сіз кітап оқуға 12 сағат, 1 күн, 1 апта, 1 ай уақыт бөлуіңіз мүмкін. Мақсатыңыз болмаса, сол уақыттың текке кеткені. Кітапты оқып болған соң « бұл кітап пайдалы, ішіндегі мәлімет қажет болғанда қайта оқимын» деген ой ғана қалмауы керек. Бұлай оқу сіздің уақытыңызды алады. Кітапты сұрағыңызға жауап ретінде пайдаланыңыз. Ол үшін кітап оқығанда мақсат қоя білуіңіз шарт. Кітап оқығанда мақсатты проблемаңызға сай қоясыз. Мысалы, мидың қалай жұмыс жасайтынын білгіңіз келеді. Миға байланысты кітаптарды жинақтап, сұрағыңызға жауап беретіні таңдайсыз. Ми жайлы кітаптың барлығында мидың қалай жұмыс жасайтыны жазылмауы мүмкін. Сұрағыңызды қанағаттандыратын кітапты таңдап, оқи бересіз. Мақсатыңыз орындалады. Сіз осыған дейін кітаптың көбін мақсатсыз оқыдыңыз: досыңыз мақтағасын, мұқабасы ұнағасын, мұғалім тапсырма бергені үшін, автор танымал болғаны үшін оқыдыңыз. Бұл оқу тәсіліңізді түгелдей өзгертіңіз. Енді мақсат қойыңыз, мақсатқа сай кітап таңдаңыз. Мәселен, Айгүл қазақ тілін жақсы көреді, ол «Абай жолын» тілдік ерекшелігі үшін оқиды. Кітаптағы таныс емес сөздерді сөздік қорына енгізеді. Ал Алтынайға адам психологиясы тақырыбы ұнайды. Ол «Абай жолын» адам писхологиясын зерттеу үшін оқиды. Себебі екеуі де өз мақсаттарына сай оқып тұр. Өз сұрағына жауап алады. Бір кітап – екі түрлі мақсат. Кітапты жай ғана парақтау үшін не болмаса біреуге оқыдым деп айту үшін оқу дұрыс емес. Ол сіздің уақытыңызды алғаннан басқа еш нәтиже бермейді. Кітапты мақсатты түрде оқу керек. Оқығалы жатқан кітабыңыз сіздің мәселеңізді шешу керек не болмаса ерекше эмоциялар сыйлау керек. Сондықтан кітап оқымас бұрын мына сұрақтарға жауап беріңіз:
Мысалы, «Эмоционалды интеллект» кітабын оқимын. Өйткені мен жылауықпын, тым көңілшекпін. Бұл кітап менің эмоциямды басқарып үйренуіме көмектеседі» немесе «Жабайы алма» кітабын оқимын. Басқа әлемге еніп, күйбең тіршіліктен демалу үшін оқимын. Бұл кітап маған ерекше эмоциялар сыйлайды, өткен ғасырдың өмірімен таныстырады». Осылайша мақсатты анықтап алу кітапты жалықпай оқуға көмектеседі. Мидың функциясы – энергия үнемдеу. Егер кітап оқудағы мақсатыңыз айқын болмаса, миға түсініксіз болса, кітап оқу барысында сіздің ішіңіз пыса бастайды, ұйқыңыз келеді, не үшін оқып жатқаныңызды түсінбей, орта жолда тастап кетуіңіз ықтимал. Сондықтан өзіңізге сұрақ қою арқылы нақты мақсатты анықтап алу өте маңызды. Осы тұрғыда Лев Толстой «Көрінген кітапты оқи берген жарамайды, көңілде туған сауалдарға жауап бере алатын кітаптарды оқыған абзал» деп кеңес береді. Проблемаңызды шешетін кітапты таңдап оқыңыз, сізге пайдасы орасан зор. Кітап оқудағы мақсатыңыз осылайша орындалады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 67 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |