Оқы, оқы және оқы
06/03/2023, 07:48

КІТАП ОҚУ...

 Артық білім кітапта,

Ерінбей оқып көруге.

Абай Құнанбайұлы

Кітап оқу – ақылды адаммен сұхбаттасқанмен бірдей. Ендеше, сұхбатымызды бастайық.

Өмірде жетістікке жеткен тұлғаның, елге еңбегі сіңген азаматтың күндік жоспарына көз жүгіртіңіз. Кез келен тұлға күндік жоспарына кемі 30 минут кітап оқуды жоспарлайды.

Өмірде қандай бір қиындыққа кездессе, білімі мен оқыған кітаптары арқылы қиындықты еңсергенін айтады. Жетістігінің басты сырын сұрай қалсаң да оқыған кітаптарын алға тартады.

Әрбір танымал тұлғаның өзіндік кітап оқу әдісі бар. Біз осы үрдіс арқылы күнделікті кітап оқитын адамның тұлғаға айналатынын ұғынамыз.

«Ауқатты адамдардың күнделікті әдеттері» кітабының авторы Томас Корли байлар мен кедейлердің өміріне зерттеу жүргізген.

Ауқатты адамдардың 86%-ы кітап оқуды әдетке айналдырған. Оқуды жақсы көретін кедейдің үлесі – 16% құрайды.

Ауқатты адамдардың 63%- ы күніне кемі жарты сағат аудиокітап тыңдайды. Тұрмысы төмен адамдардың 2%-ы ғана аудиокітап тыңдайды екен.

Өмірде кітап оқитын кісі мен оқымайтын кісінің арасы жер мен көктей. Қарапайым мысал келтірсек, кітапханаға барсаңыз, зиялы адамдарды кездестіресіз. Олардың сөйлеу мәдениеті өзге адамдардан ерекшеленіп тұрады. Ал қоғамдық орында ақыл-ойы таяз түрлі адамдарды көресіз. Кітап оқитын адам ақыл, парасат, таным, білім, елмен қарым-қатынас, тіл байлығы, сыпайылығы мен мәдениеттілігі секілді бірсыпыра ізгі қасиеттерімен дараланып тұрады.

Еліміздің 76,2%-ы кітапты өте сирек оқиды, не оның бетін мүлде ашпайды. Бұл өте төмен көрсеткіш. Кітаптың пайдалы екенін біліп тұрып оқымау – оқи алмағанмен бірдей.

Егер бір адам кітап оқымса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті. Әлемдік статистикаға сүйеніп қарайтын болсақ, кітап оқудан әлемде көш бастап тұрған Үндістан мемлекеті екен, бұл жақтағы әр азамат 1 аптаның 10 сағат 22 минутын кітап оқуға жұмсайды. Өкінішке қарай, біздің ел бұл рейтингте төменгі орында.

Не үшін кітап оқымайсың деп сұрай қалсаң, «уақытым жоқ», «кітап оқуға қызығушылығым жоқ», «ұзақ уақыт оқимын», «не үшін екенін білмеймін кітап оқу мүлде қызықтырмайды» т.б. сылтаулар айтып, өзін ақтап алады.

Адамның тұлға болып қалыптасуына әсер ететін кітаптарды оқу бірінші кезекте тұруы тиіс.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 64 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: