Оқы, оқы және оқы
03/10/2022, 12:18

ЖЫЛДАМ ОҚУДЫ БІЛЕСІЗ. ТЕК БІЛЕТІҢІЗДІ БІЛМЕЙСІЗ!

Иә, дәл солай. Жылдам оқуға үйрететін көптеген тәсілдерді сіз өз бетіңізбен үйреніп алғансыз. Оны үйренгеніңізден хабарыңыз жоқ. Сондықтан қолыңызға кітап түссе, бірден сөзден сөзге секіріп оқисыз. Ал ҰБТ не тест кезіндегі жылдамдығыңыз есте ме? Бір қарағаннан-ақ бір бетте қандай сұрақтардың барын көре алғансыз. Мәселен, есеп, тригонометрия, теңдеу, график, қысқаша көбейту формуласы, т.б. демде айыра алғансыз.

Тағы бір жайт: сабаққа дайындалмай келген кезде мұғалім тақтаға шығарды. Ымдай қойып едіңіз, алда тұрған партадан сыныптасыңыз кітабын сізге қаратып қойды. 1,5-2 метр қашықтықта тұрып кітаптан оқи беретін едіңіз.

Үшінші жағдай: автобуста не пойызда қарсы алдыңыздағы адам газет не кітап оқып отырса, теріс жазудың өзін түсініп оқи беретінсіз. Біреудің оқығаны әрдайым қызық көрінеді емес пе, сізді де сол қызығушылық жеңіп, теріс тұрғанына қарамай, оқығансыз.

Төртінші мысал: «Тарих» пәнінен «Сақтардың билеушісі Томирис қанша жасында таққа отырды?» деген сұрақ келді. Кезінде атүсті оқығандықтан, қазір есте жоқ. Кітапты алып парақтағанда, бір қарағаннан-ақ сол бетте Томирис деген жазудың бар-жоғын түсінуге 1 секунд жетіп жатады. Келесі бетті ашасыз. Көзіңіз бетті тұтас көріп тұр. «тоқтамыс хан» деген жазуды көріп кідіріп қаласыз, себебі «Томирис» сөзімен ұқсас. Беттерді парақтай отырып, тез тауып аласыз.

Бесінші мысал: Мұғалім тегі (фамилия) бойынша сабақ сұрай бастайды. Сіздің фамилияңыз: Көкенов делік, ол журналдың ортасында. Алдыңызда Жұмақанұлы, Заңғарұлы, Исаев деген үш бала қалды. Сол кезде басыңызға қонбай жатқан материалды санаңыз суретке түсіріп алады. Көзіңіз бір қарағаннан бір бетті тұтас көре алды. «Көкенов, тұр, сабақ айт!» дегенде, санаңыздағы суретті көре отырып, сабақ айтасыз. Тіпті дәптердің шетіне жағылып қалған сияға дейін көз алдыңызда тұрады.

Таныс жағдайлар ма? Бұл бәріміздің басымыздан өткен. Демек, біз жылдам оқу қабілетімізді керек кезде іске қоса алады екенбіз.

 

БІР КІТАПТЫ ҚАНША УАҚЫТТА АЯҚТАЙСЫЗ?

Кітаптың бір жолында 9 сөз болса, тоғыз рет тоқтайсыз және тоғыз рет секіресіз. Сонда 9 секунд + 4,5 секунд секіру + 5 секунд кері қайтып, басынан оқу = 18,5 секунд бір жолға кетеді. Бір бетте 34 жол болса, онда 629 секунд, демек, бір бетті оқуға 10 минут кетеді. Бұл ең аз дегендегі көрсеткіш.

Ары қарай есептейікші, бір адам шамамен 200 беттік кітапты қанша уақытта оқиды екен? 200 бет * 10 минут = 2000 минут. Адам күніне 20 минутын кітап оқуға жұмсаса (күн сайын кітап оқитын адамдар сирек, өте сирек), онда 100 күн шығады. Бір кітапты 3 айдан артық уақытта оқып бітеді. Адамдардың күн сайын оқымайтынын ескерсек, бұл мерзім созыла түседі. Сонда жылына бір адам 2-4 кітап қана оқиды екен. Бір кітапты 3 ай оқитын адамда кітап оқуға қызығушылық қайдан болсын!

Ары қарай есептейік, бір жолға 3 секунд жұмсасаңыз, бір бетке 3 * 34 = 102 секунд, 1,7 минут шығады. Сонда 200 беттік кітапқа 340 минут кетеді. Күніне 20 минут оқитын адам 17 күнде бір кітапты аяқтайды. 17 күн! Бұл ең ұзақ уақыт деп есептегенде! Әйтпесе 200 беттік кітапты 3 сағатта толық түсініп оқып шыға аласыз. Бұған сеніңіз.

Жақсы кітаптар оқу – өткен замандардың ең жақсы адамдарымен әңгімелесу деген сөз, онда да әлгі адамдар бізге өзінің тек қана ең жақсы ойларын айтып беретін әңгімелесу.

Р.Декарт

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 105 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: