05/09/2022, 09:26 | |
ҚАЙ ТІЛДЕ ОҚИСЫЗ? Ағылшын тілін білесіз бе? иә? Керемет! Онда сізге бүкіл әлемнің кітапханаларына жол ашық. Сіз тіпті Қытайдың, шумердің тарихын да сол елдің тілін үйренбей-ақ біле аласыз. Оның бәрі ағылшын тілінің әлемдік тілге айналуының арқасы. Ағылшын тілін білмейсіз бе? ештеңе етпейді, білім алудың ерте-кеші жоқ. Бүгіннен бастаңыз. Тапжылмай, табанды түрде үйренсеңіз, алты айда Робинзон Крузоны түпнұсқасында оқи алатын деңгейге жетесіз. Орысша сауатты білсеңіз, ТМД елдерінің әдебиеттеріне қол жеткізу мүмкіндігі бар. Ағылшынша бестселлер кітаптар да орыс тілінде ізін суытпай жарияланып тұрады. Қазақ тілінде де, Құдайға шүкір, ай сайын жаңа кітап басылып шығуда. Бестселлер кітаптар да қазақ тіліне тәржімаланып жариялануда. Балаларға арналған ертегі, әңгімелер, отбасы, бала тәрбиесіне қатысты кітаптар, іскерлік әдебиеттер, психология және мотивация саласында да кітаптар жарық көруде. Олардың бәрі шетелдік емес, арасында өз еліміздің авторлары да жиі бой көрсетуде.
БІР ЖАНР немесе БІРНЕШЕ ЖАНР? Олардың «Кітап сүйер қауым» чатында екі түрлі нұсқаны сынап көрді. Әуелгіде өзі қалаған кітаптарын оқыды. Кейіннен келесі маусымда әрбір оқырман бір саланы таңдап, бір ай ішінде сол салаға қатысты кітаптарды оқуды мақсат еттік. Алайда сол маусымда кітаптар өте аз оқылды. Содан жанр таңдауды әркімнің өз еркіне қалдырдық. Негізі, кітапсүйер оқырмандар жанрды араластырып оқығанды құп көреді. Өзі де солай жасайды. Бір мезгілде қазақ және шетел әдебиетінен екі кітап, Ислам дініне қатысты бір кітап, психологиялық бір кітап, мотивациялық бір кітап, тұлғалық даму жайында бір кітап, биография туралы бір кітап, ағылшын тілінде бір кітап оқуды әдетке айналдырған. Сонда әртүрлі жанрды араластыра оқи отырып, жалықпайсыз. Бір кітаптан жалыға бастасаңыз, келесі кітапты келген жерінен жалғастырып оқи жөнелесіз. Әдеби кітап оқып сөздік қорыңыз дамып, шығармашылық қабілетіңіз шыңдалса, ислами кітаптан рухани әлеміңіз жанданады. Ағылшынша кітаптан тілді меңгеру деңгейіңіз әрдайым жаңарып отырады. Психология өзінің жұмбақ әлемімен адам жанының сырларын ашса, мотивациялық кітаптар шаршамай жұмыс істеуге шабыт береді. Тұлғалық даму кітаптары пайдасыз әрі зиянды әдеттерден арылуға, пайдалы қабілеттерді сіңіруге көмектеседі. Танымал қайраткердің биографиясы адамзатқа адами үлесіңізді қосу мақсатына берік болып, ештеңеден тайсалмауға көмектеседі. Кейде тізімге оған қатысы болмаған саладан бір кітапты енгізуге тырысады. Мысалы, көбелек туралы биологиялық кітап немесе ғарыш кемелері туралы кітап. Бұл тәсіл санаңның сілкінуіне әкеледі. Бірсарынды кітаптарды оқып, өзіне таныс сүрлеумен жүріп үйренген санаға таңсық кітап оқу қызықты әрі қиын. Бір жағынан, таныс емес кітапты оқу арқылы басыңа небір идеялар келеді.
РЕЦЕНЗИЯ Бір кітапты оқып бітірсеңіз, ол жайында қызықты пікір жазып, әлеуметтік желіде бөлісіңіз. Сол арқылы өзіңіздің әрдайым кітап оқып жүргеніңізді білдіресіз әрі өзге адамдардың кітап оқуына септігіңізді тигізесіз. Егер рецензия қызықты болса, кітап оқымайтын адамдардың да құлшынысын оятады. Бұлай жасау өзіңізге де көмегін тигізеді. Оқығаныңыздың әсері әлі бойыңызда шымырлап тұрғанда жазып тастасаңыз, мағлұматтар санаңызда ұзақ мерзімді жадыға беки түседі. Құдды бір біреуге айтқан анекдотты ұмыта қоймайтыңыз секілді. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 114 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |