Оқы, оқы және оқы
29/08/2022, 12:53

КОНСПЕКТ

Кітап оқу барысында жаныңызда блокнот пен қалам болғаны абзал. Себебі кітаптағы жақсы ойлар мен кітап оқу барысында ақылыңа келетін ерекше ойларды қағазға түртіп алу қажет болады. Егер жаныңызда әрдайым болкнот жүрмесе, онда түрлі-түсті жабысқақ қағаз (стикер) болсын. Кітапты оқып болған соң оны бірден сөреге қоюға асықпаңыз. Қайта парақтап шығып, стикерлердің қойылған тұсына мән беріңіз. Оның әр түсін былайша белгілеп алыңыз:

Қызы стикер қойылған ақпартты өміріңізде жүзеге асырыңыз. Мысалы: 22:00 – 01:00 аралығындағы ұйқы кезінде ми демалады, 00:00 – 03:00 аралығында дене демалады. Бүгіннен бастап кешкі 20:00-де ұйықтап қалуды қолға аламын.

Жасыл стикердің ақпараттарына қарап, өз ойыңызды қорытып, зерделеңіз. Мысалы: жатар алдында есті адам өзіне есеп береді дейді Абай хакім. Демек, мен әр ісіме жауаптымын. Жақсы не жаман істерімді таразылап отыруым керек.

Сары стикердегі ақпаратты бірден есте сақтап, түртіп алыңыз. Мысалы: жоспарланған істің орындалу ықтималдығы 90%. Жоспарланбаған істің орындалу ықтималдығы 10%.

Көк стикерлерге бір назар салып шығыңыз. Таным көкжиегін кеңейтіп, әңгіме арасында пайдалануға керек болады. Мысалы: шыныдан жасалған доптың резеңкеден жасалған допқа қарағанда серпіні қатты болады.

Жақсы кітап қанша жақсы болғанмен, бір аптадан соң ұмытыла бастайды. Оны басынан соңына дейін қайта оқып шығу қаншама уақытты алады. Ондай кезде болкнотты ашып, қысқаша жазылған негізгі ойларды бір қарап шықсаңыз, санаңызда бәрі қайтадан сайрап шыға келеді. Бір блокнотқа 20-30 кітаптың мазмұнын сыйдырып алып жүруге болады. Егер блокнотқа қол үйренбесе, онда жаныңнан әрдайым табылатын ұялы телефонға жазуға болады. Мысалы: Еvernote бағдарламасына жазып жүрсеңіз, оны кез келген әлем нүктесінен кез келген құрылғыдан ашып, оқи аласыз.

 

САЛАҒА БАЙЛАНЫСТЫ КІТАП ТАҢДАУ

Егер сізді бір ғылым саласы, айталық, «әлем тарихы» қызықтырса, сол саладан 5 кітап оқысаңыз, маманы болып шығасыз. Кітап дүкеніне барғанда тарих секциясының сөресіне барып, кітапты жоғарыдағы кеңестерді ескере отырып таңдағаныңыз жөн. Егер қаржы сауаттылығы қызықтырса, сол саланың маманына қандай кітап оқуға кеңес беретінін ұялмай сұрап алыңыз. Сол ортаның қазанында қайнап жүрген адам ненің не екенін жақсы біледі әрі дұрыс әдебиеттерді таңдауға көмектеседі. Абайша айтқанда «надандық ұятын» жеңіп, «көрсем, білсем, үйренсем» деген талпыныс әрдайым жоғарыда тұруы тиіс.

 

ТЕРІП ОҚУ

Өзіңізге қажетті ақпараттарды кейде теріп оқуға тура келеді. Бұл уақытты үнемдеуге таптырмайтын құрал. Мысалы, сізді Абылай ханның тарихы қызықтырады. Қолыңызға түскен тарихи кітаптардың барлығын тауысып оқудың қажеті жоқ. Мысалы, «Дарабоз» кітабынан Абылайханға қатысты жерін ғана оқисыз. Әр кітаптың мазмұнына қарап, іздегеніңіз бар ма, жоқ па біліп аласыз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 110 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: