22/08/2022, 14:06 | |
МАЗМҰНЫН ҚАРАУ Кітаптың алғашқы не соңғы бетіндегі мазмұнына қараңыз. Кітап не туралы екеніне мән беріңіз. Мазмұнына қарап, кітапта не жайлы жазылғанын біле аласыз. Егер сізің санаңыздағы сұрақтарға жауап бере алатын тақырыптарды көрсеңіз, онда келесі кезеңге өтіңіз. Аты дардай бір кітаптар болады, ал мазмұнын қарасаңыз, автордың өзін мақтауы, лауазымды қызметтері, қандай дәрежелерге жеткені туралы жазғанын көресіз. Бұндай кітаптан оқырманға пайда жоқ. Егер біреудің автобиографиясын оқу қажет болса, соған лайықты тұлғаларды оқу қажет. Мысалы, Қаныш Сәтпаев, Бенджамин Франклин, Махатма Ганди, т.б. Кітаптың мазмұны қаланың картасы секілді. Кітап белгілі бір идеяға негізделген болуы мүмкін. Мысалы, «Магия утра» кітабы таңда ерте тұруға көмектесу үшін жазылған. Одан басқа тақырып жоқ. Ал енді бір кітап бірнеше идеялардың жүгін көтерген. Оны тек осы мазмұнға қарап қана біле аласыз. Оны тек кітаптың мазмұнын әлі қарамаған болсаңыз, қарап шығыңыз. Мазмұн арқылы кітаптан не оқитыныңызды алдын-ала біліп тұрасыз.
ҚЫЗЫҚТЫРҒАН БІР ТАҚЫРЫПТЫ АШЫП ҚАРАУ Өзіңізді қызықтырған бір тақырыпты ашып, қалай жазылғанын, не жазылғанын қарап шығыңыз. Кейде автор әдемі тақырып қойғанымен, оны аша алмайды, жаңа мәлімет бере алмайды. Сондықтан жылдам көз жүгіртіп, қандай қосымша тақырыптарды қамтығанын көріңіз. Кітапты тек мықты жазушылар жазбайды. Қазіргі заманда кез келген адам – автор. Кімнің қолынан келсе, сол кітап жаза алады. Тіпті қойшының өзі ақысын төлеп, тапсырыспен өз өмірі жайында кітап жаздырады. Кей адамдар әкесінің әруағын разы қыламыз деп, әкесі жайлы кітап жаздырады. Ал ол кісі оған лайық болмаған болса ше? Мұндағы айтпағымыз, көптеген кітаптарда бос сөздер көп. Оны қалай білеміз? Осылай бір тақырыпты ашып қарау арқылы біле аламыз. Егер тақырыптың өзі бірнеше ондаған беттен тұратын болса ше? Онда келесі әдісті қолданып көріңіз.
СҮЗГІ Тақырып көлемді болса, онда мына әдіс оны жеңілдетеді. Алғашқы абзацты оқыңыз. Себебі материалдың не жайлы екені алғашқы абзацта жазылады. Материал ішіндегі қалың әріппен жазылған сөйлемдерді оқыңыз. Сосын соңғы абзацты оқыңыз. Сонымен қатар қорытындыны оқуды әдетке айналдырыңыз. Материалды қысқаша қорытындылайтын бұл мәтінге немқұрайлы қарамау керек. Осылайша ауқымды материалды бір минутта шамамен 50-60% біліп шығасыз.
50 БЕТ ҚАҒИДАСЫ Кейбіреулер кітап қызық болмаса да бастаған соң соңына дейін жеткізуді мұрат тұтады. Бұл қате тұжырым. Егер кітап қызық болмаса, оны соңына дейін оқудың қажеті жоқ. Алтын уақытыңызды пайдасыз ақпаратқа жұмсау – орны толмас шығын. Мұндай кезде 50 бет қағидасын қолданыңыз. Мұның мәні мынада: егер кітаптың алғашқы елу беті қызықтырып әкетсе, ары қарай оқи беріңіз. Ал алғашқы елу беті қызықсыз болса, жауып қоя салыңыз. Кітапты қайта өткізіп немесе сатып жіберіңіз, сол кітапты іздеп жүрген досыңызға сыйлаңыз. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 127 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |