Оқы, оқы және оқы
15/08/2022, 18:39

КІТАПТЫ ДҰРЫС ТАҢДАЙ БІЛУ

ХХІ ғасыр бізді шегі жоқ сансыз кітаппен көміп тастады. Google желісінің мәліметі бойынша 2010 жылы әлемде 129864880 кітап болған екен. Қазір 140 миллионға жетіп қалған да болар. Сіз жылына 100 кітап оқып, жүз жыл жасасаңыз да, ары кетсе 10000 кітап қана оқи аласыз. Сондықтан оқитын кітапты дұрыс таңдау өте маңызды.

Негізі, оқитын кітаптардың тізімін жасап алған дұрыс. Қазіргі таңда ең көп оқылған кітаптар тізімі, оқылуы тиіс әлемдік 100 кітап, Қазақстан жастары оқуы тиіс 100 кітап, Билл Гейтс немесе Марк Цукерберг оқуға кеңес беретін кітаптар тізімі деген секілді ақпараттар жетерлік. Осылардың ішінен де таңдап алуға болады.

 

КІТАПТЫ НЕ ҮШІН ОҚИСЫЗ? ПАЙДА АЛУ ҮШІН БЕ ӘЛДЕ ОЙ-ӨРІСТІ КЕҢЕЙТУ ҮШІН БЕ?

Кез келген кітапты оқылғаннан кейін өміріңізді жақсартатын бір құрал немесе жай ғана ой-өрісті кеңейтетін ақпарат деп екіге бөліп қарастыра аламыз. Сондықтан кітап таңдауда қателеспеген жөн. Жұрттың бәрі мына кітапты оқып жатыр екен деп, соған кірісе кетуге болмайды. Дәл қазіргі уақытта сізне нақты қажетті ақпарат жазылған немесе сіздің проблемаңызды шешуге көмектесетін кітапты оқыған дұрыс. Мысалы, сіз өз қызметіңізді жарнамалау үшін google немесе yandex іздеу жүйесіне таргет жарнама бергіңіз келеді. Енді алдыңызда жарнаманың құнын түсіру, ыңғайлы уақытты таңдау, аудиторияны дұрыс табу, жасы, жынысы, табысы, территориясына қарай сорттау, т.б. проблемалары тұрады. Бұларды шешу үшін осы тақырыпқа арналған кітаптар оқуыңыз қажет. Сонда ғана оқыған кітабыңыз пайдасын тигізеді. Бұл мәселені мотивациялық кітап оқып шеше алмайсыз. Ондай кітап жай ғана ақпарат болып, санаңызда қалады. Біреумен әңгіме барысында айтатын сөз ретінде қажетіңізге жарайды.

 

ҰСЫНЫС

Ең жақсы әдістердің бірі – достарыңыз ұсынған кітаптарды оқу. Егер кітап оқитын достарыңыз аз болса, интернет желісінде оқырмандар форумдары, чаттары, оқыған кітаптары жайында пікір жазатын сайттар бар, солардан қарап, өзіңізге ұнаған кітаптардың авторын, атын жазып алыңыз.

Әрине, кітапты өзіңіз парақтап, не туралы екенін өз көзіңізбен көріп шыққанға не жетсін! Ол үшін қаладағы ең жақсы кітап дүкеніне барып, сөредегі кітаптарды шетінен алып, көз жүгіртіңіз.

 

КІТАПТЫ ТЕЗ ШОЛУ

Кітапты парақтап, қарап шығыңыз. Авторы таныс па? Ол туралы не білесіз? Кітаптың мұқабасына, оның дизайнына мән беріңіз. Кітап ішіндегі суреттерге қараңыз. Жылдам парақтау арқылы үлкен әріптермен жазылған тақырыптарға назар салыңыз. Адамның миы өте жылдам жұмыс жасайды. Жай ғана шолу арқылы кітаптың жалпы не туралы екендігін, қандай тақырыптарды қозғағанын білуге болады. Бұл әдісті тексеріп көру үшін кітап дүкеніне жиі барып тұрған жақсы. Жаңадан шыққан кітапты сатып алмас бұрын шолып шығыңыз. Шолып шығу – киімді сатып алмас бұрын киіп көрумен тең. Кей кітаптың қарпі оқуға ыңғайсыз болуы мүмкін. Суреттері сапасыз, қағаз жұқа болса, ода сатып алудың ешбір қажеті болмайды.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 107 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: