| 18/11/2026, 20:10 | |
ТӘРБИЕГЕ ТОЛЫ ДӘСТҮРЛЕР Қой басты (сыйластық) Қой басты – қазақ халқының сыйластыққа негізделген дәстүрі. Қазақ халқында мал бағу, киіз басу сонау ертеден қалыптасқан тұрмыстық салт. Киіз басу ауылдағы ағайын үшін елеулі іс болып табылған. Бір үйдің киізін ағайындық сыйластықпен бір ауыл болып басатын болған. Ауылда киіз басу – ауыр жұмыс. Жүнді сабайды, сосын бояйды, қайнатуы мен құрғатуы тағы бар. ораудың астынан арқан өткізіп, жіптің ұшынан ұстап, аяқпен теуіп отырып, үй-үйдің арасынан өткізеді. Кез келген үйдің жанына келгенде «қой басты, қой басты» деп айқайлайтын болған. Мұны естіген үйдегі әйел кісілер киіз басушыларға бауырсақ, қымыз, құртын береді. Бұл – әзіл-қалжың ретіндегі дәстүр болғанмен, түбі сыйластыққа негізделіп қалыптасқан. «Ағайы тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деген біздің бабаларымыз ағайын мен абысынның татулығын көрсеткен қой басты дәстүрін осылай ұрпақтан-ұрпаққа тәрбиелік мәнімен жетіп отырған. Ыбырай Алтынсарин: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады», - деген екен. Дінімізде ағайындық, туыстық қарым-қатынастың орны бөлек. Ислам діні туыстық қатынасты үзбеуге, ағайынның ауызбірлігін сақтауға шақырады. Жылаған сәтте жұбататын, қиналған күніңде арқа сүйейтін, қуанғанда қуанышыңды бөлісетін тек ағайын ғана. Діннің әмірін берік ұстаған байырғы бабаларымыз ауылы аралас, қойы қоралас сыйласып ғұмыр кешкен. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алладан қоқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз Алла сендерді бақылап тұрушы» (Ниса,1), - деп бұйыраы. Адамзаттың ардақтысы, асыл Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туыстық қарым-қатынасты сақтау жөнінде былай деп өсиет еткен: «Уа, адамзат! Өзара сәлемді жайыңдар, аш*мұқтаждарды тамақтандырыңдар, туысқандармен болған байланысты үзбеңдер, адамдар түнде ұйықтап жатқанда тұрып намаз оқыңдар. Міне, сонда аман-есен жәннатқа кіресіңдер» (имам Тирмизи, ибн Мәжа). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кім ризық-несібесінің көбеюін және ғұмырының қзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайлассын» - десе, келесі бір хадисте: «Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, туысқанымен қарым-қатынасын үзбей, жалғастырсын», - деген (имам Бұхари, Мүслим). «Құранның сөзі – қасиет, пайғамбар сөзі – өсиет» деп білген дана халқымыз туысқандық пен ағайындықты сақтауға, аражігін бұзбауға аса мән берген. Ел аузында айтып жүрер мағыналы нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер қалдырған. Текті бабаларымыз «Туғаныңмен туыспасаң кең дүниеге сыйыспассың», «Ағайынның азар болса да, безері жоқ», «Ағайынмен ішкен ас тәтті», «Ағайын қадірін білмесең, жалғыздық берер сазаңды», «Бетің қисық болса айнаға өкпелеме, ниетің қисық болса ағайынға өкпелеме», «Тіріңде сыйласпасаң, өлгенде жыласпа», «Ағайын ала болса ауыздағысынан айрылар» деп ағайынның сыйластығы мен туыстық қатынастың берік сақталуы маңызды екенін айтып өткен. Ағайынның арасын жақындатып, өз ішіндегі сыйластығын арттыратын көріністерді қой басты секілді дәстүрмен ұрпақ бойына тәрбие арқылы сіңіріп отырса керек. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 5 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
