Ғұмырлық ғұрып
11/11/2026, 22:59

ТӘРБИЕГЕ ТОЛЫ ДӘСТҮРЛЕР

Қатыра күні     

Қазақ халқының тағы бір тәрбиелік дәстүрі – Қатыра күні. Халқымыз қыстан аман шығып, тіршіліктің тынысы кеңейетін наурыз айының соңғы күндерінде «Қатыра» дәстүрін атап өтетін болған. Кей өңірлерде бұл әруақтарды еске алу күні деп аталады. Тәрбиесі мол «Қатыра» күнін жас-кәрісі, үлкен-кішісі, ағайын-тума асыға күтетін болған. Өз ауылынан түлеп ұшқан ел-жұрттың барлығы ауылына оралып, тегіс жиналады.

Ауыл азаматтары, ағайын-тума болып ата-бабалары мәңгілік мекен еткен қабірді зиярат етіп, айналасын тазартып, дүниеден өткен марқұмдарға көппен Құран бағыштайды. Әйелдер қауымы қазан көтеріп, сырттан келген ағайын-туғанға ас әзірлеп, қонақжайлық жасайды. Ауыл ағайындары бір қазаннан ортақ ас ішіп, арқа-жарқа болысып, бір-бірімен көрісіп, хал-жағдай, аман-саулық сұрасады. Ас соңында үлкендердің батасын алып, ел-халықтың амандығы мен берекесін көппен тілейді.

Жылына бір ауылдың тумалары бас қосатын мұндай тәрбиелі жиында ағайынның мәселесі көтеріледі. Ағайынның ішінде қиналып жүрегін болса, көптің көмегіне қажеттілігі болса, осы жиында ортақ талқыланады. Ауыл қариялары ақылмен жол сілтеп, бай-қуатты жандар мұқтаждарға өз көмегін жасап, қажетті нәрсесіне жәрдем жасайды. Қалған ағайын қол көмек көрсетіп, асармен іс бітіретін болған. Күрмеуі қиын істерді ағайынның көптігімен осылай бітіп отырған.

Жүсіп Баласағұн бабамыз: «Адам – бұл дүниедегі қонақ. Оның өмірі өткінші. Сондықтан ол артына жақсы ісі мен жақсы сөзін қалдыруы керек», - деген екен. «Қатыра күні» дәстүрін ұмытпай, жадымызда сақтай білуіміз керек. Ауыл ағайындары сауабы мол, тәрбиесі терең бұл дәстүрден ешқашан ажырамай, ұрпақтан-ұрпаққа үлгі етіп жеткізгені жөн болады. Қазақ халқындағы мұндай тәрбиелік дәстүрлер асыл дінімізбен астасып жатқан құндылықтар екенін ескерген жөн. Осы «Қатыра күні» дәстүрінен бірнеше ізгі амалды көруге болады. Ағайынның ауызбірлігі, дүниеден өткендерге Құран бағыштау және ағайынға қол ұшын созу.

Қоғамда ағайынның ауызбірлігі, ынтымағы қашан да маңызды. Дініміз ислам бірлік болғанда ғана берекелі тіршілік қалыптасатындығын ескертеді. «Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді», «Ауыл болса – қауым бол», «Ауылы бірдің – аузы бір» деген сөз бар халқымызда.

«Өткенін еске алған – өскендіктің белгісі. Өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі», - деген мағыналы сөз бар. дүниеден өткен марқұмдарды еске алып, Құран бағыштап, ағайынға ас беру – имандылық, адамгершілік, ізгілік тұрғысынан өскендіктің белгісі. Дүниеден өтті-кетті деп, әруақты еске алмау, артынан сауапты амал жасамау, адами тұрғыдан өшкендіктің көрінісі. Шариғатымыз дүниеден өткен ата-баба рухына арнайылап ас беріп, Құран бағыштауды мансұқтамайды. Оның сауапты амал екенін білдіреді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: «Кімде-кім зиратқа кіргенде «Ясин» сүресін оқыса, Алла Тағала олардың (марқұмдардың) сол күнгі азабын жеңілдетеді және оқыған адамға зираттағы адамдардың санындай сауап береді», - деген екен (Суюти, «Шарх ас-судур», 312-бет). Сондықтан әрбір жасаған ізгі амалдар мен оқылған Құран сауабын өмірден өткен әруақтар рухына бағыштау шариғатқа қайшы емес.

Қатыра дәстүрінен жақсылық жасау сынды игі істі көруге болады. Ағайын бір қуанышта, бір қиыншылықта керек деген бар. шариғатымызда мұсылман бауырыңның мұң-мұқтажын өтеу, қиындығына жәрдем қолын созу сауапты амал. Құранда Алла Тағала: «...жақсылықты ықыласпен істеушілерді қуандыр!» - деп бұйырады («Хаж» сүресі, 37-аят). Демек, ықыласпен жасалған жақсылықтың сауабы еселене бермек. Ағайынға қарайласып, жақындық танытып, қолдан келген жақсылығыңды жасау – бауырластықты арттырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды және оны сатпайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала оның айыбын қияметте жасырады», - деген (Бұхари, Мүслим).

Ата-бабаларымыз дініміздің сауапқа толы құндылықтарын салт-дәстүрмен күнделікті тұрмысымызға сіңіріп отырған. Дәстүрдің әр қырынан дінімізді айқындап берген игі істерін көруге болады. Сол сияқты қатыра күні де сауапқа толы дәстүр.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 8 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: