| 04/11/2026, 22:13 | |
ТӘРБИЕГЕ ТОЛЫ ДӘСТҮРЛЕР Көрімдік Көрімдік – қазақ салтында жаңа киім киіп, мүлік алғанда, жаңа үйге кіргенде, жетістікке қол жеткізгенде туған-туысқан, жора-жолдастарының жасайтын кәдесі. Байғазы мен көрімдік бір-біріне жақын дәстүр. Екеуінде де кәде, сыйлық жасалады. Екеуі де «жаңа» нәрсеге сұралады. Жаңа нәрсені көргенде беріледі. Айырмашылығы мынадай: байғазы – жансыз затқа берілсе, ал көрімдік жанды, яғни адамға және жан-жануарларға, ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң тарапынан берілетін кәделі сыйлық. Жаңа туған балаға, жас келінге, тағы басқа алғашқы көрінген сәтте көрімдік сұрау халықтың ежелгі дәстүрі. Көрімдікті жаңа туған нәрестеге, енді түскен жас келінге, мал төлдегенде сұрайтын болған. Әсіресе қызға құда түсіп, сырға салуға барған кезде жігіт жақ қызды көруі үшін алдымен көрімдігін береді. Ұзатылғалы тұрған қыздың жеңгелері: «Болашақ келіндеріңізді көріп, көрімдігін беріңіздер», - дейді. Жігіттің анасы келінінің маңдайынан сүйіп, жеңгелеріне көрімдіктерін береді. Сондағы отырған үлкендер жас жұбайларға ақ баталарын арнайды. Байғазыға келсек, жансыз заттардың жаңасын алғанда ғана байғазы сұрайды. Яғни жаңа киім, бұйым, жиһаз, баспана, көлік сатып алынғанда байғазы сұралады. Байғазы үлкендер тарапынан кішілерге берілетін сый. Байғазыны кішкентай балаларға, жасөсірімдерге беріп, оларды әрдайым қуантады. Ыбырай алтынсариннің мына әңгімесінен жомарттықты көруге болады. Атымтай жомарт есепсіз бай бола тұрып, күн сайын бәр мезгіл үстіне ескі-құсқы киі киіп, отын кесіп, шөп тасып жұмыс қылады екен. Бір күні өзінің жақын, таныстары сұрады дейді: - Жомарт, құдай берген дәулетіңіз бар, ашқа – тамақ, жаңашқа – киім, үйсіздерге – үй болдыңыз, сөйтіп тұрып өз басыңызды кемшілікке салып, жете алмаған жарлыша отын кесіп, шөп тасығаныңызды мағынасы не? – деп. Жомарт айтты дейді: - Төрт түрлі себеп бар. әуелгісі: әдемі ат, асыл киім, асқан дәулетті өне бойы әдет етсең, көңілге жел кіргізеді; сол желіккен көңілмен өзімнен терезесі төмен бейшаралардан жиреніп, көз салмай, кем-кетікке жәрдем беруді ұмытармын деп қорқамын. Екіншісі: бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұның кемшілік емес екенін біліп, кейінгілер әбірет (ғибрат) алсын деймін. Үшіншісі: күн сайын өз бейнетіммен тапқан бір-екі пұлға нан сатып алып жесем де, бойыма сол тамақ болып тарайды, еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі, сіңімділігі болады екен. Төртіншісі: Құдай тағаламның берген дәулетін өзімсініп, тиісті орындарына жаратпай, көбісін өзім ішіп-жеп, өзім тұтынсам, мал берген иесіне күнәлі болармын деп қорқамын, - деді. Көрімдік дәстүрі дінімізбен ұштасып жатқан рухани құндылық. Көрімдік беру адамның пейілін, жомарттығын, дархандығын көрсетеді. Жомарттықтың ең жоғарғы белгісі қолындағы барын өзгелермен бөлісе білу. Қазақ халқының дархандығы «ағайынға болсын» деуінде жатыр. Құранда былай делінеді: «Олардың көңілдерінде мүминдерге бергендерінде кірбің болмайды. Сондай-ақ, өздері таршылық пен мұқтаждықта бола тұра, оларды өздерінен артық көреді» («Хашыр» сүресі, 9-аят). Міне, «ағайын аман болсын, ағайынға бер» дейтін дархандығымыз иманның нақ көрінісі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жомарт – Аллаға, жәннатқа және халыққа жақын, тозақ отынан алыс. Сараң – Алладан, жәннаттан және ел-жұрттан алыс, тозақ отына жақын», - деген. Ахмет Иүгінеки бабамыз: «Егер мақтағың келсе, жомарт ерді мақта; барлық кісі жомарттың жақсылығын айтады; жомарттық барлық айыптың кірін жуады; жомарт бол. Саған сөз де, сөгіс те келмейді; сөз келетін жолды жомарттық тыяды; жібімейтін көңіліңді жомарт кісі жібітеді; қол жетпейтін мұратқа жомарттың қолы жетеді; жомарттықты әрі зиялы, әрі қарапайым халық мақтайды; жомарт білімді жете меңгереді; жомарттың арқасында қорғансыздар жақсы өмір кешті; жомарт ер – халықтың құрметтісі; жомарттық абырой-атағыңды, ажар-көркіңді арттырады; жомарттық сені сүйіспеншілікке бөлейді», - деп кеткен екен заманында. Дінімізбен байланысып жатқан салт-дәстүрлеріміздің тәрбиелік мәні зор. Байғазы беру – үлкен мен кіші арасын байланыстырып жақындатса, көрімдік сұрау – ағайын-туыстың арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, татулық пен бірлікті онан әрі арттырады. Көрімдік дәстүрі – көңілді дархандыққа, пейілді кеңдікке, қолды ашықтық пен жомарттыққа тәрбиелейді. Бабаларымыз «Кең пейілді кем болмас», «Кең болсаң, кем болмайсың» деген екен. Мұнымен қоса халқымыз ақ батаға «Кең пейіл, кетпес дәулет бер» деп қосатын болған. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 10 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
