Ғұмырлық ғұрып
22/10/2026, 22:21

ТӘРБИЕГЕ ТОЛЫ ДӘСТҮРЛЕР

Жыртыс     

«Жыртыс» дәстүрін білмейтін қазақ жоқ. Әсіресе дүниеден өткен кісінің жаназасына келген адамдарға ақтық шүберек, бет орамал, шапан таратып жатқанын көреміз. Қазақ дәстүрінде жыртыс екі түрлі жағдайда жасалады. Біріншісі – үлкен жастағы адам қайтыс болғанда жыртыс тарату үрдісі. Қазақта «жақсының киесі, жаманның кесірі бар» деген даналық сөз қалған. Кей өңірлерде жыртысқа арналған матаның ішіне ақша салып, түйінделген күйде халыққа таратып береді. Мұндай жыртысты сондағы жұрт «тие берсін» деп алады. Жыртыстың мынадай тәрбиелік мәні бар. яғни қайтыс болған кісінің қияметте қарызы болмасын, ағайын арасындағы алыс-беріс кезінде кеткен кемдіктің орны тлсын, пендешілік күнә-қателіктері кешірілсін дген мақсатта жыртыс таратады. Таратылған жыртысты алған адам дүниеден өткен марқұмға арнайы дұға жасайды. Алладан ол үшін рақым тілеп, ақыретінің жақсы болуына дұға етеді. Егер қайтыс болған кісі ұзақ ғұмыр кешсе, артына үбірлі-шүбірлі ұрпақ өсіріп қалдырса, қызығы мен рахатын көріп кеткен демек,

Қазақ халқы той-қуанышқа жетсе «жұғысты болсын», «жұғымды болсын» деп бір-біріне тілеп жатады. Жыртыстың екінші түрі қуаныш сәтке арналады. Яғни келін түскен кездегі жыртыс дәстүрін атап өтеді. Қыз жасауымен келген сандықты ашқанда, қыздың қоржыны келген кезде орын алады. Қоржынды сөккенде арнайы салынған матаны бөлшектеп жыртып, сол жерде отырған барлық әйелдерге үлестіреді. Осындай қуанышты сәттерге, жақсы күндерге сендер де жете беріңдер деген ниетпен береді. Қолға тиген жыртыс сыйлы кәде болып саналады.

Арнайы таратылған жыртысты адамдар ешқашан лақтырып тастамаған. Ата-бабаларымыз жыртыстан балаға киім тігіп беретін болған. Мақсаты өмірден өткен үлкен кісінің жасы бұйырсын, марқұмға сауабы тиіп тұрсын деген. Ал келін түскенде таратылған жыртысты қыздың жасауына арнап тігілетін көрпеге қосып құраған екен. Жақсылықтың жұғымы артсын деген ойдан туса керек. Міне, бабаларымыз осындай игі істерін шариғатқа қайшы қолданбаған. Керісінше, сабақтастырып отырған.

«Жыртыс беруге бола ма?» деен сауалға шариғи тұрғыда былай жауап берілген: «Біріншіден, бұл амалдарды дініміз жүктеген, міндетті түрде істелуі тиіс «парыз» амалы деп түсінбеген жөн. Бұларды жасамаған жағдайда ешкім күнәһар болмайды. Екіншіден, ешкім кәдесіне жаратып, пайдасына асыра алмайтын бір жапырақ жыртыс таратқаннан гөрі, сол жыртысқа кететін қаржыны жетім-жесір, жоқ-жітіктерге таратқан әлдеқайда сауапты. Үшіншіден, қайтыс болған кісінің киімін ертеректе «тәбәрік» ниетімен елге тарататын. Ал бүгінде бұл әдет жағымсыз әдетке ойысқан сияқты. Кейбіреулер кісінің күнделікті киімін емес, керісінше, дүкеннен жаңадан сатып лынған жаңа киімді таратуды шариғат қағидасы секілді талап етіп жатады. Тіпті базбіреулер «ұят болмасын» деген түсінікпен қарызданып, қымбат киім алып, аяғы бұл іс өзгелермен бәсеке, бақталастыққа да ұласып жатады. Сондықтан мұндай амалды атқармаған жөн». Демек, жыртыс ысырыапшылдыққа айналмауы тиіс.

Қайтыс болған кісінің атынан сауап ниетімен садақа беруге болады. Бір күні Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі келіп: «Менің әкем қайтыс болды. Артында дүниесі қалды. Артында қалған дүниесін пәлен жерге берілсін деп өсиет етпеді. Егер мен оның орнына садақа берсем, күнәлары кешіріледі ме?» - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә», - деп жауап қатады (имам Мүслим).

Хадистің мазмұнына назар салсақ, дүниеден өткен кісіге арнайылап жасалған садақаның сауабы оған жететіндігі баян етіледі. Сахаба абдулла ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) мынадай риуаят келеді: «Елден жырақта жүргенінде Сағд ибн Убаданың анасы қайтыс болды. Сонда ол Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Мен сырта жүргенде анам қайтыс болыпты. Енді оның атынан садақа берсем, оған сауабы тие ме?» - деп сұрады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә», - деді. Сонда Сағд (Алла оған разы болсын): «Олай болса, сізді куә қыламын, анамның атынан бағымды Алла жолында садақа беремін», - деді» (имам Бұхари). Демек, дүниеден өткен жақынының рухына арнап игі амал жасау, артынан жарылқау тілеу – сауабы мол іс. Өзіне тиесілі мал-мүлкінен марқұмның атынан садақа беру немесе жақындарының жасаған жақсы амалын марқұмның рухына арнаса, сауабы жеткізіледі.

Қуанышты сәттегі жыртыс жырту дәстүрі – шариғатқа қайшылық үшін емес, бәлкім жақсылықтың жалғасы болсын деген ізгі ниеттен туған ғұрып. Қазақ сол үшін «Қайғының бөліссе азаяды, қуанышты бөліссе, көбейеді» деп тұжырым жасаған. Қайғыны көппен көтерісіп, қуанышты ағйынмен бөлісіп, осы сынды тәрбиелік дәстүрлермен сабақтастырып, ұрпақтан ұрпаққа өнеге етіп жеткізген.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: