| 14/10/2026, 22:44 | |
ТӘРБИЕГЕ ТОЛЫ ДӘСТҮРЛЕР Жолаяқ «Жол қадірін жүрген білер» дейді дана халқымыз. Жолаушыны құрметтеген халқымыз «жолаяқ» дәстүрін қалыптастырып, мұны ұрпақтан ұрпаққа өнеге етіп жеткізген. Сапар алдында ел-жұрт, ағайын-тума болып ізгілік тілеп, ақ ниеттерін білдіреді. Алыстан келген қонақты жолға шығарып салып тұрып, жол болсын айтып, кетерінде арнайылап дәм-тұз ұсынуды «жолаяқ» дәстүрі деп атайды. Яғни келген қонақ кетіп бара жатқанда «жолы болсын, сапары сәтті болсын», «жолы ашық болсын», «ай жүр, аман жүр!» деп алыс жолға жүретін адамға ықылас-ниеттерін білдіріп, ағайын-тума немесе ауыл халқы «жолаяқ» дастарқанын жайып, құрметтеп шығарып салады. Сонымен қатар елден ұзақ сапарға шыққалы жатқан кісі бір малын сойып, ауылдың үлкен-кішісін шақырып, жолаяқ дастарқанын жаяды. Қариялар жағы сапарға ниет етіп жатқан жолаушыға арнап ақ баталарын берсе, жастар өзінің ізгі тілегін жеткізеді. Ең алғаш атқа мініп, жолға шыққан балаға да жолаяқ жасаған байырғы бабаларымыз «Сапарың оң, жолың ашық болсын!» деп тілегін айтып, ақ баталарын береді екен. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария барып сәлем береді» деген сөздің астары осыны меңзегендей. Жолаушы жас-кәрі болса да, жолаушының жолы үлкен екендігін көрсетеді. Дәстүріміздің барлығы осындай игі ниеттен туындаған. «Жол азабы – көр азабы» деген де қанатты сөз бар. ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Сапар азаптың бір бөлігі. Сапар біріңді ішіп-жеуден және ұйқыдан тосады. Егер (жолаушы) кісі шаруасын аяқтаса, отбасына асықсын», - делінген. Жолаяқ жасау дәстүрінен дініміз құп алған жолаушыға құрмет және дұға жасау сынды ізгі істерді көреміз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүминдер бір-біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене тәрізді. Адамның бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады», - деген. Мұсылмандар өз ішінде бір-біріне сүйіспеншілік танытып, мейірімділік, жанашырлық арқылы бауырластық қалыптастыруы қажет. олай болса, ағайынның тілеуін тілеп, оған дұға жасап жүру дініміз құп көрген ізгі амал. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтады: «Мұсылманның бауыры үшін тілек айтқанда, періштелер: «Әумин, Алла саған да бауырың үшін сұрағаныңды берсін», - дейді» (имам Бұхари). Дұға – құлшылықтың мәйегі, тіршіліктің мәні. Сондықтан Аллаға жалбарынып, дұға жасау істің берекесін арттырады. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Менің пенделерім! Сендерден Мен туралы сұраса, ақиқатында Мен оларға жақынмын, Маған дұға жасаса (тілек тілесе) жауап беремін. Ендеше, олар да Менің әмірімді орындасын. Иман келтірсін, мүмкін тура жолға түсер» («Бақара» сүресі, 186-аят), - деген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үш түрлі адамның дұғасы қабыл болады, оған күмән жоқ. Ол: мазлұмның (жәбір көрушінің), жолаушының және ата-ананың баласына жасаған дұғасы», - деп айтқан (ибн Мәжә, Әбу Дәуід). Міне, жолаяқ дәстүрі жолға шығып бара жатқан адамға ақ бата беру болса, ал жолға шыққан кісі қызмет еткен ағайындарына дұға жасап, тілеуін тілейді. Қазақ халқы сапарлап жүрген жолаушы көрсе, дереу үйіне әкеліп дәм татқызып, ат-көлігін жайлап, қызметін жасайтын болған. Мүсәпір ғой деп жолаушының жағдайына жіті мән берген. Қонақжайлығына тәнті болған жолаушы үй иелеріне разылық танытып, дұға-тілегін, батасын береді. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 10 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
