| 07/10/2026, 23:30 | |
ТӘРБИЕГЕ ТОЛЫ ДӘСТҮРЛЕР Ерулік Ерулік – халықтық жоралғының жарқын үлгісі. Жаңадан көшіп келген, жапсарлас қонған отбасына бұрыннан отырған көршілері қонақасы береді, дәм-тұз татырып, ықылас-пейіл білдіреді. Ерулік беру арқылы ауыл тұрғындары жаңа көршілерін өздеріне етене жақындастыруды, бөтенсітпеуді де көздейді. Ерулік қысқы соғымның сүбелі мүшелерінен (қазы-қарта, жал-жая, т.б.) пісіріледі немесе қой сойылып шақырылады. Қазақ жұртының қонақжайлығы ежелгі заманнан бері жоғары деңгейде болған. Бұл дәстүр сонау көшпелілер заманынан келе жатыр. Ертеде ауыл тұрғындары арқалаларына немесе аттарына жүк артып келе жатқан адамдарды көргенде олардың көшпелілер екендігін бірден-ақ түсінетін. Олардың бір қоныстан басқасына ауысуы үшін ұзақ қашықтық жүретіндігі де бәріне мәлім болған. Мұндай жағдайда ауыл тұрғындары қонақтарды үйлеріне шақырып, барынша құрметпен қарсы алып, күтетін. Қонақтарды молынан тамақтандырып, демалдырып, жолдарына жігерлендіріп жіберетін. Көмегін аямай, барынша жәрдемдесуге тырысатын. Бұл қазақ халқының керемет дәстүрлерінің бірі ерулік берудің негізін қалады. Көрші үйге жаңадан қоныс аударғандарды жергілікті тұрғындардың барлығы өз үйлеріне қонаққа шақырады. Көршілер жаңа келіп қоныстанғандарға бар қонақжайлылығын көрсетіп, өз қуаныштарын осылай жеткізеді. Бұл көршілерді жақындастырып, берік жылы қарым-қатынас орнатуына әсер етеді. Енді бір жағынан, қоныс аударғандарды аймаққа тезірек үйренісіп кетуі үшін, оларға барынша көмек көрсету үшін шақырады. Бүгінгі күнде бұл дәстүр ауылды аймақтарда кеңінен тараған. Алайда, қала тұрғындары да ерулік беруді ұмытпай, өздерінің жаңа көршілеріне көңіл бөлуге тырысады. Көршілерді ерулік беруге шақырғанда, үй-іші қонақтарына дастарқан жаяды. Олар танысып, бірге ас ішіп, күліп-ойнап, ән салады, түрлі әңгіме айтысып, жақындасады. Егер көшіп келгендер енді отау құрған жастар болса, көршілері оларға ыдыс-аяқ немесе басқа тұрмыста қажетті заттарды сыйлауға тырысады. Ерулік бергеннен кейін, жаңа қоныстанғандарды шығарып салып, олардың үйінде шашу шашады. Еруліктің астарында көршіңмен жақсы болу, жақсылық жасау, бауырға басу сынды ізгі істерді көреміз. Көршімен жақсы болу, оған жақсылық жасау дініміздің әмірі. Құранда: «Аллаға құлшылық етіңдер. Оған ешқандай да серік қоспаңдар. Ата-аналарың мен жақындарыңа, жетімдер мен міскіндерге, туысқан көршілерге, туыс емес көршілерге жақсылық жасаңдар», - делінген («ниса» сүресі, 36-аят). Жақсылық жасауға лайықты жанның бірі жаныңдағы көршің. Көршіге қарайласу, жәрдемінде жүру, жақсылық жасау – имандылықтың белгісі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне зиянын тигізбесін», - деген. Көршінің салмағы қашан да жоғары. Бұл жөнінде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған Жәбірейіл періште көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы сонша, мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым», - деген (Бұхари, Мүслим) Құран және хадиске сай амал еткен бабаларымыз көрші жайлы нақыл сөз қалдырып кеткен. «Жақынның жаманын мақтама, көршіңнің ала жібін аттама», «Отты үрлей берсең өшіресің, көршіні күндей берсең, көшіресің», «Жақсы көрші тапқаның, мол олжаға батқаның», «Туыс – атадан, көрші – Алладан» дейді бабаларымыз. Ата-бабаларымыз «Алыстағы ағайыннан, жақындағы көрші артық» деуі бекер сөз емес. «Көрші ақысы – тәңір ақысы» деген де бар. бұл «ерулік» дәстүрі көршілердің бір-біріне ағайындай араласып, туыстай жақын болуына үлкен септігін тигізбек. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 5 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
