Ғұмырлық ғұрып
30/09/2026, 20:35

ТӘРБИЕГЕ ТОЛЫ ДӘСТҮРЛЕР

Байғазы беру   

Қазақ халқының көп қолданатын тәрбиелік дәстүрінің бірі – байғазы беру. Яғни үлкеннің кішіге беретін сыйы. Байғазыны жасөспірім балалар, бойжеткен қыздар, бозбалалар сұрайды. Жаңа киім кигенде немесе жаңа зат алған кезінде өзінен үлкен аға-жеңгелерінен, әпкелерінен, ата-анасы мен жанашыр жақын туыстарынан сұрайды. Үлкендер жағы баланы қуантып, байғазы береді. Бұрынғы уақыттарда малдың төлімен берсе, бүгінгі күні қаражаттай, заттай беріп, қолын бос қайтармайды. Байғазы бергенде үлкендер кішілеріне ізгі тілектерін, ықылас-ниеттерін білдіреді.

Байғазы – жас балалардың, жастардың жаңа киімі, жаңа бұйымдары үшін берілетін ақшалай, заттай сый, көрімдік (мысалы, қамшы, шана, ер-тоқым, т.б.). Кейде балалар жаңа бір киім кигенде ерекше шаттанып, әжелері мен апаларына, аға-жеңгелеріне көрсетіп мақтанады. сонда қыз бала болса, киімдерінің алдыңғы өңіріне құтты болсын деген тілектерін білдіріп, маржан, моншақ, түйме, тана, үкі қауырсынын, сөлкебай тақса, ұл балаларға қамшы, жүген-ноқта береді немесе қой-қозы сыйлайды. дәм Үзілмесін деп қолдарына ірімшік, бауырсақ, тәтті ұстатады... Байғазы алу балалардың басқалардан тұңғыш сыйлық алып, көңілі қуанышқа толып, мақтанышқа бөленуі.

Байғазы – балалар мен жасөспірімдердің көңілін аулаға, мерейін өсіруге негізделген, жақсы тілек тілеген ықыласын білдірудің дәстүрге айналған жолы. Мәселен, байғазы сұрай келген балаларға үлкендер «Киімің тоза берсін, өмірің оза берсін», «Киімің бос болсын, жаның берік болсын» деген дағдылы тілектерді айтады. Мұндай тұрақты тіркестері «киім-өмір», «киім-жан», «тозу-озу», «бос-берік» деген қарама-қайшы ұғымдарды өзара шендестіру арқылы баланы тіл-сұқтан қорғауға бағытталған өзіндік магиялық функция атқарады.

«Қуанса, бала қуансын» деген халықпыз. Баланы қуантудың өі сауапты іс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәннаттағы қуаныш сарайына тек балаларды қуантқан адам кіреді», - деген екен (И.Адий риуаят еткен). Баланың қолын кері қайтармай, азғантай нәрсе болса да беріп қуанту – бұл да тәрбие көзі. Дініміз ислам – бала тәрбиесіне жіті ден қояды. Бабаларымыз баланы тәрбиелеу үшін шариғат аясындағы методиканы оң пайдаланып, салт-дәстүрлер арқылы өнегелі жол қалыптастыра білген. Байғазы беру – сыйлықтың баламасы секілді.

Сыйлық – екі адам арасындағы көңіл мен ықыластың көрінісі. Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір-біріңізге сыйлық беріңіздер! Өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, жүректі кірбіңнен тазартады», - деп айтқан (Бұхари, «Әдәбу әл-Муфрад»). Сондықтан үлкеннің кішіге, кішінің үлкенге құрмет көрсетіп, сый жасауы арадағы жақындықты нығайта түседі. Міне, байырғы бабаларымыз осындай имандылық құндылықтарға негізделген дәстүрлерді жас ұрпақ санасына сіңіріп отырған.

Үлкеннен байғазы алған бала жүзі қуанып қоймай, үлкенге алғысын жаудырады. Демек, көңілден берілген азғантай сый болса да оған ризашылық таныту әрбір иманды жанның міндеті. Бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кімге жақсылық жасалса, ол жақсылық жасаушыға: «Алла саған разы болсын» деп айтса, мақтауды кемеліне келтіргені», - деген болатын (имам Термизи). Байғазы берудің бала бойына беретін тәлімі мол. Үлкендерден сый алады, үлкенге ілтипат жасап, алғыс жаудырады. Үлкендер сый ғана жасамайды, ақ батасын беріп, жылы лебізін білдіреді.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 10 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: