| 23/09/2026, 22:30 | |
ТӘРБИЕГЕ ТОЛЫ ДӘСТҮРЛЕР Аяғына жығылу Халқымызда «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген нақыл сөз бар. аяғымыздың сүрінетіні секілді, тілден де опық жеп, кісілерді ренжітіп алатын кезіміз болады. Қазақ халқындағы тәрбиелік дәстүрдің бірі – кісі «аяғына жығылу». Бұл кешірім сұраудың ең үлкен, ауыр түрі деп аталады екен. Кешірілуі қиын жағдай туғанда өз айыбын мойындап, қарсы тараптың кешірімін алу үшін жанына беделді адамдарды ертіп, кінәлі адамынан жұрт алдында тұрып кешірім сұрайды. Бұл бұрыннан келе жатқан көне үрдіс. Күнәсі кешірілмейтіндей ты ауыр болса, аяғына жығылатын болған. Діні мен дәстүрін қатар алып жүрген баларымыз «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік», «жақсы адамның ашуы – шәй орамал кепкенше» деген. Араздасқан ағайынның арасын суытпай, өкпе-ренішті ұзаққа созбай, тезірек кешірудің жолын іздей білген. Кісінің аяғына жығылса да кешіімін алып, разылығына кенелуін қалаған. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» демекші, ата дәстүрмен, тізе бүгіп кешірім сұрағанға кешірім етілетін болған. «Аяғына жығылу» жазамен пара-пар болып есептеледі. Аяққа жығылудың екінші бір түрі екі жастың көңіл қосу кезінде ата-ана келісімін аттау барысында қолданылады. Кейде бірін-бірі ұнатқан жігіт пен қыз ата-ананың келісіміне қарамастан (әсіресе соңғы кездері) бас қосады, отау құрады. Мұндайда «қызды қашып кетті» дейді. Қыздың әке-шешесі ренжіп, кейде қатты ашуға басады, көрместей болады. Осы кезде жігіт жағынан әкесі бас болып «елшілер» келіп, құдаларының «аяғына жығылады», яғни кешірім өтінеді, бітім сұрайды. Оның аяғы татулыққа ұласады. Ислам – бейбітшілік, кешірімділік, бауырмалдық діні. Дініміз ислам ренжіскен адамдарды өзара кешірімді болуға шақырады. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Кешірімділік жолын ұстан, жақсылыққа (ғұрыпқа) бұйыр және надандардан сырт айнал», - деп бұйырады («Ағраф» сүресі, 199-аят). Алла Тағала тағы бір аятта: «Кім сабыр етіп, кешірімді болса, сөз жоқ, істердің ең маңыздысы осы», - деп айтқан («Шура» сүресі, 43-аят). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Қандай да бір мұсылманның өз бауырына үш күннен артық ренжуі дұрыс болмайды (адал болмайды)», - деп айтқан (Бұхари, әдеп 62). Расымен кешірімді болу бір-бірінен алыстап кеткен адамдардың арасын жақындатады, татулығын арттырады, арадағы өкпе-ренішін өшіреді. Ислам тарихындағы мына бір ғибратты оқиға осыған дәлел: «Бірде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хусейін ренжісіп қалады. Сонда Хусейін ағасы Хасанға өзінен кешірім сұрауын өтініп, хат жазып жібереді. Бұл хатты оқыған Хасан сәл шамданып, інісіне: «Сен менен жасың кіші, бірінші өзің кешірім сұра», - деп қайта хат жазып жібереді. Сонда інісі: «Асыл ағатайым! Пендені кешіргенді Алла Тағала кешіреді емес пе? Мен сіздің бірінші болып Алла Тағаланың кешіріміне ие болғаныңызды, менен бұрын жәннат иелерінен болуыңызды өтініп едім», - деп, қайта хат жазған екен. Ағасы Хасанның жүрегі елжіреп: «Мен өзімнің нәпсіммен ойлап тұрсам, сен қияметтің бақытын ойлап тұр екенсің. Кешір мені», - деп інісін құшақтап, кешірім сұраған екен». Кешірімді болу сауабы жағынан жоғары іс. Кешірім сұрау мұсылмандық іс болса, кешіре білу – Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «...Алла өзелерді кешірген құлының даңқын арттырады. Алла үшін кішіпейілдік танытқан пендені, Ұлы Алла Тағала әлбетте жоғарылатады», - деп айтқан (имам Мүслим). Сонымен қатар аяғына жығылып келген адамды кешіру адам баласының дәрежесін екі дүниеде көтереді. Кең пейілдігі үшін қияметте мол сауапқа кенеледі. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 13 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
