| 08/09/2026, 16:49 | |
ДӘСТҮР – ІЗГІ ҚОҒАМ НЕГІЗІ Қайырымдылық Шүлен тарату Шүлен / шүлен тарату – ауқатты адамдардың кедей-кепшік, жоқ-жітікке мал, астық, тағамды тегін үлестіру салты. Бұның мәні мырзалық, жомарттық, дарқандық танытумен бірге, көптің алғысын алу, мұқтаж адамдарға қол ұшын беріп, жәрдемдесу осы арқылы өзара жақсы қарым-қатынас орнату, өзінің адамгершілік парызын өтеу көзделеді. Шүлен тарту деген де атаумен белгілі болған бұл ғұрып – дәстүрлі қазақ қоғамында орын алған жәрдем мен қамқорлық көрсетудің өзіндік бір үлгісі ретінде қалыптасқан деуге болады. Бұл – парыз, уәжіп, садақа, құдайы немесе зекет сияқты мұсылмандық қағидаларға да байланысты болып келетін қазақы ортада қалыптасқан салттарының бірі. Халық арасында «шығыс болмай кіріс болмайды» деген наным, барымен бөлісу дәстүрі. Осылайша кеңпейілділік танытып, қамқорлық жасаудың – малдан көгендік, мүліктен шүлен, балықтан өлі сыбаға деп келетін де нұсқасы бар. ырым бойынша осылай жасаған кезде ғана бақ-дәулет асып-тасады деп есептелген. Және солай болып келгені туралы ел тарихында, халық аузында сақталған әңгімелерде көптеп ұшырасады. Мысалы, Жетісулық Маман бай, Ырғыздық қара Мұқан, Торғайлық Бірәлі байлар мырзалықпен де атағы шыққан, малын қалың елден аямаған, мәрт, жомарт кісілер болған. Жомарт болған, шүлен таратқан жақсы-ақ, бірақ бұл кез келген байдың қолынан келе бермейтін іс екені ақиқат. Ондай шүлеңгір аталатын адамдар жөнінде ақтамберді жырау заманында «...Халыққа атым білініп, / Шүлеңгір мырза атанар ма екенбіз...», - деп шүлен таратып, барын үлестіріп, мырза атанғысы келетін жайттардың болғанын аңғаруға болады. Кейбір деректерде байлар тайқазандарда тамақ әзірлетіп, көпшілік қауымға дәм татқызу салты кейін келе тұрақты үрдіске айналып, ол шүлен тарту деп аталып кеткені туралы айтылады. Көбіне малдай таратылып, мал семірген күз айларында атқарылған. Халық арасында «су жүрген жер – шүлен» деген сөз бар. мұның астарында су бар жерде береке-байлық, молшылық болатынын білдіру арқылы ол алдағы уақытта дәулетті кісілердің шүлен таратуға себеп болатындығын аңғартса керек. Осыған байланысты, шүленнің қазақы ортада ырыс, молшылық, байлық көзі ретінде қарастырылады. Түйіндеп айтқанда, шүлен тарату адамдар арасындағы қатынастарды жақсартады, халық ішіндегі әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға қолдау жасау арқылы елдегі ынтымақ пен татулықты арттырады. Дініміз жағдайы төмен отбасыға қарайласуды, кем-кетікке қайыр-садақа беруге ынталандырады. Сондықтан бұл дәстүр дінімізде құпталатын дәстүр деуге болады. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 4 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
