Ғұмырлық ғұрып
01/09/2026, 17:57

ДӘСТҮР – ІЗГІ ҚОҒАМ НЕГІЗІ

Қайырымдылық

Сауын айту    

Сауын айту бұл қандай да бір ас, дүбірлі той-жиын өтетіндігі туралы ел-жұртқа алдын ала арнайы хабар жеткізіп, жариялау дегенді аңғартады. Сондай-ақ сауын айтудың тағы бір мағынасы – жорыққа аттану, ел шабу жайында жұршылыққа хабар тарату дегенді де аңғартады. Мысалы, «Айман-Шолпан» тарихи жырында ас берген шөмекейлерге өкпе артып кеткен Көтібар батыр: «Шабамын Маман байды жиылсын деп, Еліне барысымен сауын айтты», - деген үлгіде кездеседі.

Негізі сауын айту дәстүрі бізде ертеден бар. мысалы, «Қозы көрпеш-Баян сұлуда»: «Сарыбай жұрт асқан бай салтанатты, Құдай оған көп қылды қолғанатты. // Орманбет би ноғайдың бір тап елі, Ат шаптырған ас бар деп сауын айтты» деген үлгіде кездеседі.

Сауын сөзінің шығу тегін арнайы зерттеген марқұм академик Р.Сыздық: «Сауын айту тіркесіндегі сауын сөзінің сауу етістігіне қатысы жоқ. Оның түбірі – көне түркі тілдеріндегі саб / сап (sab) сөзі. Саб / сап дегеннің мағыналары – 1) «сөз, сөйлеу», 2) «хабар», 3) «хат», 4) «мақал, мәтел», 5) «баяндау, тарих, әңгіме», 6) «сәуегейлік». Демек, саб сөзі қазақтың сауын айту, сөз саптау сияқты тұрақты тіркестері мен сәуегей сияқты сөздерінде сақталып қалған», - деп түсіндірген.

Сауын айту кез келген адамға емес, рулы елдегі билер мен батырларға, беделді ақсақалдарға, ауқатты бай-мырзаларға, елдің басқа да бетке ұстар игі жақсыларына айтылады. Бұндай алқалы той-жиында ат жарыс, палуан күрес, ақындар айтысы, жамбы ату тәрізді бәсекелі жарыстар өткізілетіндіктен, сауын, әдетте, бір жыл, жарты жыл немесе кем дегенде үш ай бұрын аытуға тиіс болған.

Әдетте сауын айтқан жақ ұлы тойды ойдағыдай өткізіп, ел есінде қалдыру үшін барын салып, ру болып атсалысатын болған. Сауын айтқан жақтың жігіттері, әдетте, келушілерді ұзақтан күтіп алып, сый-құрмет көрсеткен. Сауын айтылған жақ, әдетте, асқа құр келмейді. Тойға деп саба-саба қымыз, сойыс мал, қоржынға салып тайтұяқ, қойтұяқ жамбы, қымбат кездеме, өрік-мейіз тәрізді тойға қосар үлестерін ала келетін болған. Бұл дәстүрдің де дініміз исламға кереғар тұсы жоқ. Туысқандық қарым-қатынасты нығайтатын, ынтымақ-бірлікке, ауызбіршілікке ұйытқы болатын мұндай ізгі дәстүрді ысырапшылдыққа бой алдырмай орындаудың еш ағаттығы жоқ.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: