Ғұмырлық ғұрып
28/04/2026, 08:57

ДӘСТҮР – ІЗГІ ҚОҒАМ НЕГІЗІ

Тоқым қағар  

Қазақ халқының дәстүрінде тоқым қағар яки қағар жасады дегені жол сапарға шыққалы тұрған кісіге арнап, оның сапарының сәтті болуын тілеп, ағайын-туысқа, ел-жұртқа арнайы тамақ беру дегенді білдіреді. Мұндай себеппен дастарқан басына жайылған ауыл ақсақалдары, туған-туысты шақырып ет асылып, жілік салынып, ойын-сауық ұйымдастырылып, жыр айтылады. Аузы дуалы қариялар «Жол оң болсын», «Ақ жол» деп бата беріп, жастар жағы көңілді кеш ұйымдастырады. Сапары жеңіл, сәтті болсын, көңілі көтеріңкі болсын деген ниетпен әзіл айтылады, ән шырқалады. Бала сапардан аман-есен оралғаннан кейін де дастарқан жайылып, шүкіршілік етеді. Мұны кейде «тоқым қағар», «тоқым салар», «тоқым сілкер» деп те атайды.

Біз адам баласы ретінде күнделікті тұрмыс-тіршілікте түрлі себеп-салдарға, қажеттілікке байланысты жол сапарға жиі шығып тұратынымыз ақиқат. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Мүлік» сүресінің 15-аятында:

«Ол сондай Алла, сендердің еркін жүріп-тұруларың үшін жер бетін сендерге бағындырып берді. Ендеше, осы жер бетін аралап, Оның ризық-несібелерін жеңдер! Ақыр түбінде Оның құзырына қайтасыңдар», - деп баян етеді.

Халқымыз «Көре-көре көсем боласың» деп айтқандай, адам баласы алыс-жақын сапарға шығу арқылы әртүрлі деңгейдегі адамдармен араласады, танысады. Алла Тағаланың жер бетіндегі сан түрлі жаратқандарын өз көзімен көріп, таным көкжиегі кеңи түседі. Адам баласы сапар сынағына төзу арқылы өзін сабырлыққа тәрбиелейді, адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы білмегенін үйренеді. Халқымыз сапар жайында: «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла», «Алыс сапар алғашқы адымнан басталады», «Кемедегінің жаны бір», «Ақсақ кісі сапарға шығып жарытпайды», «Жолаушыны жол сынайды» деген сияқты мақал-мәтелдер арқылы сапардың пайдасымен қоса қиындықтары да болатындығын меңзейді. Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Сапар – қиыншылықтың бір бөлшегі, ол сендерді ас-ауқаттан, сусыннан, ұйқыдан тыяды. Кімде-кім сапардағы қажеттілігін аяқтаған болса, отбасына дереу оралуға асықсын», - деген.

Дінімізде жолаушы адамға қатысты мынадай жеңілдіктер бар: бесін, екінті және құптан намаздарының төрт ракағаттық парыздарын қысқартып, екі ракағат етіп оқиды. Үш тәулікке дейін мәсіге мәсих тарта алады. Сапары Рамазан айына сәйкес келген адам ораза ұстамай, оны кейінге қалдыра алады. Алайда, оразасын бұзбай, жалғастырғаны абзал.

Осы орайда тағы бір айта кететін мәселе ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде:

«Үш тұрлі дұғаның қабыл болатындығында күмән жоқ. Ол: зұлымдыққа ұшыраған адамның дұғасы, жолаушының дұғасы және ата-ананың баласына жасаған дұғасы», - деген.

Сондықтан сапарға шыққан жолаушы адам өзіне, отбасына, елімізге және де барша мұсылман жамағатына арнап ізгі дұға-тілектерін көптеп жасағаны абзал.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 16 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: