| 21/04/2026, 09:17 | |
ДӘСТҮР – ІЗГІ ҚОҒАМ НЕГІЗІ Тоғыз тарту Қазақ салт-дәстүрінде ежелден қалыптасқан «тоғыз» деп аталатын салттың екі түрі бар. бұлардың аталуы бірдей болғанымен қолдану жолы бөлек. Тоғыз (салт) – сый-сияпат. Ел ішінде еңбек дәстүрлерінің бұлжымас заңы бар. мысалы, егіннен – кеусен, малдан – зекет, табыстан – шүлен сияқты. Соның қазіргі күндерде ұмытылып бара жатқан түрі – тоғыз. Бау-бақша қасіретін ел, әсіресе Қазақстанның оңтүстігіндегі өнімді мол жинап алғаннан кейін туған-туысқандарына, құда-жекжаттарына, сыйлас көршілеріне тоғыз беретін салты бар. яғни өздері қалаған адамдарына қоржынға салып қауын-қарбыз жібереді. Оның саны тоғыздан не екі тоғыз, үш тоғыздан кем болмауы керек. Келген адам ол үйге тоғыз әкелгенін айтады. Бұл жай келіс емес, кәделі, сыйлы келіс. Тоғыз дегенің тарту, ескеру, құрмет белгісі. Сонымен қатар мұнда дәмету де бар. демек, тоғыз жіберген адамға соған лайық сый-сияпат жасау керек. Халық арасында бірін-бірі ескеру, елеу осы тоғыз арқылы білінеді. Тоғыздың келесі бір түрі – айып төлеу тоғызы. Мысалы, «Бір тоғыз айып төлеп құтылған екен» деген сөз бар. тоғыздың бұл тармағы құқықтық, әділет жүйесінде қолданылады. Әдетте жеңіл жаза алғандар атын немесе шапанын төлеп шығады. Ал ауыр жазаға тартылғандар, мысалы ұрлығы, ел-жұрт алдындағы зор кінәсі, дін жолындағы күнәсі үшін, опасыздығы үшін қылмыс жасағандарға қатаң жаза қолданылады. Оларға «тоғыз» деп аталатын жаза бар. қылмыстың ауырлығына байланысты жаза бірнеше есе көбейтіледі... Жер аудару, түрмеге отырғызу жоқ кезде қазақтың бұл заңы көшпелі елдің әлеуметтік тұрмысына сәйкес жасалғаны анық. Сонымен қатар тоғыз – қазақтың ескі дәстүрі бойынша үлкен жиын-тойда ат бәйгесіне берілетін сыйлық немесе әртүрлі дау-шарда төленетін айып. Үш тоғыз – этн. Әрқайсысы тоғыздан тұратын үш топ сыйлық (айып). Байблотақа берген қалыңмалына үш тоғыз айыбын қосып алды да, ұпайым түгел дегендей көкіректегі ызаны ішке түйіп қала берді (І.Есенберлин, шығ.). Той-томалақтарда қайым айтыстан жеңілген жақтың торғын орамалдың шетіне күміс жүзік (не күміс теңге) түйіп, жеңгендерге сый-құрмет көрсетуі. Тоғыз тарту – тоғыздың нақ өзі болмаса да, кәдесі... Ал қазіргі таңдағы тоғыз жақын туған-туыс, құда-жекжат, дос-жаран арасындағы түрлі сыйлық ретінде тартыып жүргенін көреміз. Бұл тоғыздардың өз атаулары бар: ағайын тоғыз, нағашы тоғыз, құдағи тоғыз, көрші тоғыз, жиен тоғыз және осылайша аталып кете береді. Тоғыз беру – сыйлық беру, ал сыйлық беру адамдар арасын жақындататын нәрсе екені дініміз исламда анық айтылған. Десек те сыйлық беру – ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): сүннеттерінің бірі екендігі талассыз. Көптеген хадистерінде сыйлық тарту ету адамдардың бір-біріне деген сыйластығын, татулығын, өзара сүйіспеншілігін арттыратындығы баяндалады. Мысалы ретінде айтсақ, «Бір-біріңізге сыйлық беріңіздер! Өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, жүректі кірбіңнен тазартады», «Сыйлық алмасыңдар, бір-бірлеріңе деген махаббаттарың артады», «Жейтін нәрсе сыйлаңыздар. Бұл несібелеріңізді молайтады», «Бір-бірлеріңізге барып қал-жағдай сұрасып тұрыңыздар. Сыйлық берісіңіздер. Өйткені зиярат – сүйіспеншілікті нығайтады, ал сыйлық – жүректі жамандықтардан (өшпенділік, қатігездік, дұшпандықтан) тазартады», - деп ескерткен. Сондықтан қазақ халқының тоғыз тарту дәстүрі діни ұстанымдарға қайшы емес. Керісінше құпталған іс деуге болады. Бірақ ислам діні бойынша сыйлық жасаудың өз әдептері бар екендігін де айта кетуіміз қажет. Мысалы, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне сыйға берілген затты еш уақытта сынамаған, оны керек емес деп кері қайтармаған. Ол сыйлықты мұсылманнан да, мұсылман еместен де, еркектен де, әйелден де қабыл алған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұны өзінен кейінгілерге де бұйырған. Бір хадисте: «Мені қойдың жамбас етін пісіріп шақырса да, сирағын асып шақырса да, жауап берер едім және сыйға тартылса, қабыл етер едім», - деген. Тағы бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шақырғанға жауап беріңдер және сыйлықты қайтармаңдар», - деген. Мұсылмандық әдеп бойынша сыйлық сыйланған кезде оған ризашылық білдіру қажет. Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімге жақсылық жасалса, ол жақсылық жасаушыға: «Алла саған разы болсын» деп айтса, мақтауды кемеліне келтіргені», - деп ескерткен болатын. Сыйлық берген адам берген сыйлығын қайтарып алуы дұрыс емес. Бұл мұсылманшылыққа жат қылық. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ондай адамдар жайында: «Сыйлығын қайтарып алған адам, өз құсығын өзі қайта жеген ит секілді», - деп бұл істің жиіркенішті екендігін қатаң ескерткен. Ал жасаған жақсылығын, берген садақасын міндетсіну тіпті құпталмайды. Бұл жайында қасиетті Құранда «Бақара» сүресінің 264-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Берген садақаларыңды міндетсіну арқылы зая етпеңдер!» - деген мағынада ескерту жасалынған. Яғни, бір адам өзі берген сыйлығының артынан қайтарымын күтуі немесе оны міндетсінуі жасаған сыйын зая кетіреді деп түсінуіміз қажет. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 1 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
