Ғұмырлық ғұрып
24/02/2026, 17:52

ДӘСТҮР – ІЗГІ ҚОҒАМ НЕГІЗІ

Құдайы қонақ

Қазақ халқы болмысынан қонақжай екендігі баршаға аян. Әсіресе үйінде үлкен кісісі, қариясы бар үйдің дастарқаны күніге қонақ күтуге даяр тұратыны да белгілі. Қазақта «Қонақ келді, құт келді» деп ырымдайды. Бұрындары қазақтың үйінен қонақ үзілмеген. әрбір келген қонаққа жылы қабақ танытып қарсы алатын, барын қонағының алдына тосатын қазақтың көргенді аналары мен инабатты келіндерінің қонақжайлылылқта алар орны ерекше. Қазақ халқында қонақтың түрлері бар, мысалы: құдайы қонақ, арнайы шақырылған қонақ, қыдырма қонақ, қылқыма қонақ және тағы басқалар. Осы қонақтардың қайсысы келсе де құшақ жая қарсы алып, құрметтеп күтіп жіберетін болған. Біз солардың ішіндегі құдайы қонақ туралы сөз өрбітеміз.

Құдайы қонақ – шалғай елден, алыс жерден жолаушылап жүріп жолда көлігі болдырып немесе жолдан адасып, шаршап, тынығу үшін қонған тосын, бөгде қонақ. Ат арылтып алыстан келе жатып үйге түскен, шаңырақ иесіне ешбір таныстығы, туыстығы, жекжаттығы жоқ бейтаныс жолаушы.

Басқаша айтқанда, жол-жөнекей кездейсоқ түскен қонақты ата-бабаларымыз ерекше құрметтеп, оны «құдайы қонақ» деп атаған. Құдайы қонақты күтудің өзін жоғары бағалаған. Қазақ ақындарының бірі Нүсіпбек Байғаниннің өлеңінде:

Мен білмейтін байың жоқ,

Қайыры жоқ малынан.

Зекеті жоқ жанынан,

Байдың несін мақтайсың?

Құдайы қонақ келмеген,

Бір аяқ, ас бермеген,

Бөтен түгіл, өздері,

Мал рақатын көрмеген деп құдайы қонақ түспейтін байдың жағдайы сынға алынған.

Қазақ халқы құдайы қонақпын деп кіріп келген кісіге құрметпен қарап, оған дастарқан жайып, жағдайын жасап, тіпті кейде қайтар уақытында оның арқасына шапанын жауып, ерекше құрметтейтін болған. Бұл да қазақ халқына тән ерекше қасиет қонақжайлылықтың нышаны деуге болады. Құдайы қонақ деп арнайы шақырылмаған, жол-жөнекей келе жатып түстеніп немесе бір күн түнеп шығатын бұйрықпен келген қонақты айтады. Қазақ мәдениетінде үйге келіп түсетін көп қонақтың ішінде (арнайы шақырылған, той-жиынға келген т.б.) осындай қонақ түрін ерекшелеп бөліп алып, оған айрықша құрмет көрсетіп, қадірлеуінің тарихи-әлеуметтік, тіпті елдік те маңызы зор. Аңызға сүйенсек, Алаша хан ұлдарына ұлан-ғайыр жерді мирасқа қалдырып, сол ең байтақ аумақта бір-біріне еркін қатынасып тұру үшін балаларына кез келген ұзақ жолдан түскен қонақты ерекше құрметпен қарсы алып, шығарып жолға салуды өсиет еткен, тіпті үш ұлына берген еншіден бөлек төртіншісін, қонақ еншісін де белгілеген деседі. Оны Алаштың бөлінбеген еншісі деп атайды. Яғни, исі қазаққа ортақ несібе. Содан бері қазақ түсінігі бойынша әрбір жолаушы адам – «құдайы қонақ». Оны дәм-тұзымен қарсы алып, ақ төсек салып қондырып, жол мұқтажын беру әр қазаққа міндет саналған. Тіпті құдайы қонақтың қонақ асы берілмесе, сол елдің биіне барып, арыз айтып, кінәлілерден «ат-тон» айып алатын тәртіп болған. Сөйтіп, құдайы қонақ институты қазақ халқының үлкен аумақты емін-еркін жайлап, бір шетінен екінші шетіне қиындықсыз қатынап тұруына мүмкіндік берді. Құдайы қонақты күтудің өз ерекшеліктері болған. Үйге түскен қонақ ешқашан атпен шауып келмеген. Себебі мұндай қылық жаманшылыққа бастайды деп есептелінген. Қонақ үйден сәл алыстау жерден аттан түсіп, үйдің артына жақындағанда, «сөйлес» деп үй иелерін шақырады. Үй иелерінің сұрағына «құдайы қонақпын» деп жауап бергеннен кейін, үй иесі оны алдымен есіктен кіргізіп, соңынан есікті жабады. Мұның астарында қонақпен кірген құтты ұстап қалу ниеті жатса керек, осымен байланысты үйден шығып бара жатқанда да қонақты үй иесі алдымен шығаратын болған. Егер құдайы қонақ жазда келген болса, оған арнап мал (қой, ешкі) сойылады да, қыста келген болса, үй иелері жеп отырған соғымнан ас әзірлеген. Сойылатын малды бауыздамас бұрын қонақтан бата сұраған. Егер құдайы қонақтың жасы үлкен болса, оған бас тартқан. Кім болса да, дәулетіне қарамастан, қолынан келгенше құдайы қонақты мол дастарқанымен күтіп, риза қылуға тырысып баққан. Себебі оны Құдай жіберді, онымен бірге үйіне құт кіреді қырықтың бірі Қыдыр деп санаған. Ас ішіп, сый-құрмет одан қонақ кәде – өнерін көрсетуді сұраған. Қонақ бас тартқан жағдайда оның есек болып ақырып, тауық болып шақыруымен жазалатыны да болған деседі. Кетерінде қонақ оны аты, иті мен мылтығынан басқасын сұрай алатын болған. Әдетте, мұндай қонақ алыс жолда қажет болатын бір бұйымды ғана сұрайтын болған. Оны орындамау үлкен ұят саналған. Құдайы қонақты салт бойынша күтіп алмаған үйді көпке дейін ауылдың думан-тойларына шақырмаған, биге жүгінсе, ат-тон айыбын өтеткен. Ең қиыны, ел арасында жаманатқа қалған. Сондықтан ондай жағдайлар сирек, тіпті ел ішінде мүлде кездеспеген.

Сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі олсын) хадистерінің бірінде:

«Кімде-кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірген болса, онда көршісіне жақсылық жасасын. Кімде-кім Аллаға және қиямет күніне иман келтіретін болса, онда қонағын құрметтесін. Кімде-кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірген болса, онда жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» деп бұйырған. Тағы бір хадисте: «Қонақ өзінің ризығымен келеді және кеткенде, отбасының күнәсі кешіріліп, береке келеді», - деген. Міне, сондықтан болар қазақ халқы қонаққа әсіресе құдайы қонаққа ерекше құрмет көрсету дәстүрі жақсы сақталған.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 8 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: