Ғұмырлық ғұрып
09/12/2025, 09:38

ДӘСТҮР – ІЗГІ ҚОҒАМ НЕГІЗІ

Ат тергеу

Қазақ халқының салт-дәстүрі адамдар арасында сыйластық пен құрмет көрсетуді кеңінен насихаттайтыны белгілі. Соның бірі – ат тергеу. Шын мәнінде ат тергеу – ізеттілік, көрегенділік, кішіпейілділік қасиеттерінің ең көркем көрінісі деуге болады. Бұл дәстүр әрбір ыздың келін болып босаға аттаған әулет мүшелерінің, ауыл үлкендерінің атын тікелей атамай, әрбіріне жеке-жеке ат қоюында көрініс табады.

Осы дәстүрге байланысты халық арасында: «Бір келіншек: «Сарқыраманың ар жағында, сылдырламаның бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр! Білемені жанымаға жанып-жанып тез келіңдер!» - депті деген қызықты әрі өнегелі әңгіме кеңінен тараған. Бұл жерде Өзенбай, Қамысбай, Қасқырбай, Қайрақбай, Пышақбай деген қайын ағаларының аты кездесетін болғандықтан, тапқыр келін ол кісілердің атын атамауға тырысып, өзі ойлап тапқан теңеулері осындай көріністе келтірілген. Осы теңеулер арқылы жас келін ауыл маңынан өтетін өзен бойындағы қалың қамыстың арасында жатқан қойға қасқыр тигенін ауылдағыларға жеткізгісі келген деседі.

Ел ішінде таралған осы бір мысалдан-ақ келін тарапынан қайын жұртына көрсетер ерекше құрметті аңғаруга болады.

Ат тергеу – қазақ халқының тәрбиелік мәні зор, сонымен қатар, сыйластық пен құрметтің ерекше белгісін көрсететін дәстүрінің бірі саналады. Ат қоюдағы басты ерекшелік – адам бойындағы қасиетті, көркін, түрлі қабілетін ескере отырып, соған сәйкес келетін сөзді ойлап таба білу. Тіпті қазақ келіндері ата-енесінің атына ұқсас сөздерді де айтпайтын. Мысалы, атасының немесе енесінің есімінде «аман» деген сөз болса, көргенді, дана келін «амандасу», «амандық» деген сияқты сөздерді де айтпастан, оның орнына «сәлемдесу», «есендік саулық» деген сияқты мағыналас сөздерді қолданады. Ал енді жасы кіші қайнылары мен қайынсіңлілерін «батырым», «ақылдым», «шеберім», «сұлуым», «шашбаулым», «жарық жұлдызым» және осы сияқты мағынасы жақсы есімдермен атау өсіп келе жатқан баланың тілеулесі болады, сондай-ақ оған өзі аталған есімдегідей болуға құлшыныс берері сөзсіз. Осы орайда қазақтың «жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөзі орынды келеді.

Әлбетте, кішкентайынан отбасында адамдарға деген ерекше сый-құрмет пен ілтипатты көріп өскен әрбір жас қыз өскен кезде бұл дәстүрді еш қиналмастан ұстап кетері сөзсіз. Өйткені қазақ халқы «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтпаған.

Расында «ат тергеу» - адамдардың бір-бірін сыйлап, әдептен аттамай, туысқандар арасындағы ерекше сезімге дақ түсірмей оларды береке бірлікке, кішіпейілділікке, әдепке шақыратын ізгі дәстүр. Бұл дәстүр тек жеңге, келіндерге ғана қатысты емес, ер адамдар да ақсақалдар мен өзінен үлкендерді «ата», «әке», Ереке, Жәке, Сәке деп құрметтеген. Бұл да осы ғұрыптың бір түрі. Ат тергеу – біздің халқымыздың адам сыйлау жөніндегі ізеттілік, көргендік, кішіпейілділік қасиеттерінің биік көрінісі.

Ислам дінінің ұстанымдары ат тергеуге қатысты нақты тыйым салмайды. Құран аятында адамды төмендетпеу, оны келемеждемеу туралы қатаң ескертіледі. Нақтырақ айтсақ, «хұжұрат» сүресінің 11-аятында Алла Тағала:

«Уа, иман келтіргендер! Бір ел бір елді тәлкек қылмасын. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Сондай-ақ әйелдер, әйелдерді келемеждемесін. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Бір-біріңді міндемеңдер, жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін сүркей ат нендей жаман. Ал кім тәубе етпесе, міне солар залымдар», - деп баян етеді.

Осы орайда, әрбір әке өз баласына жақсы ат қоя білуі әрі оған жақсы тәлім-тәрбие беріп, имандылықты, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрімізді үйретуі міндет екендігін айта кетуіміз керек. Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) имам Бәйһақи риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Әкенің бала алдындағы міндеті – жақсы ат қою және жақсы тәрбие беру», - деп айтқан.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: