| 25/11/2025, 09:03 | |
ДӘСТҮР – ІЗГІ ҚОҒАМ НЕГІЗІ Араша түсу Араша – араздасып, жанжалдасып қалған немесе төбелесіп жатқан екі адамның арасына түсіп, оларды ажыратып, тоқтату үшін айтылатын сөз. Қазақтың салты бойынша «Араша» деген сөзді естіген адамдар араша беруге, яғни жанжалды дереу доғаруы керек. Араша бермей жанжалдасу қазақ әдетінде жоқ. Ондай адамға айып бар. Ислам дінінде араздасып қалған екі адамды жарастыру сауапты іс екендігі айтылады. Бұл жайында қасиетті Құранда бірнеше аяттарда айтылады. Нақтырақ айтар болсақ, «Ниса» сүресінің 114-аятында: «Олардың өзара күңкілдерінің көбінде қайыр жоқ. Алайда кім (мұқтаждарға) садақа беруді не бір игілікті істеуді немесе адамдардың арасын жарастыруды әмір етсе, ол қайырлы...», - деген мағынадағы аят кездессе, осы «Ниса» сүресінің 28-аятында: «Егер қандайда бір әйел ерінің жеруінен немесе бет бұруынан қорықса, өзара келісіп жарасуларында екеуіне де күнә жоқ. Сондай-ақ жарасу жақсы...», - деп ерлі-зайыптылардың жарасуының қайырлы екендігі туралы айтылған. Ал «Әнфал» сүресінің 1-аятында: «Ендеше, егер мүмин болсаңдар, Алладан қорқып, араларыңды жарастырыңдар. Сондай-ақ Аллаға және Оның пайғамбарына бойсұныңдар», - деген мағынадағы аят кездеседі. Ал «Хұжұрат» сүресінің 10-аятында: «Шын мәнінде мүминдер (бір-біріне) туыс. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер», - деген мағынадағы аятта барша мұсылмандардың бауыр екендігі айтылып, олардың арасын жарастыруға, араша түсуге бұйырылғандығын аңғаруға болады. Осы орайда, Әбу Һұрайра (алла оған разы болсын) риуаят еткен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «адам баласының барлық мүшесі үшін әр күні берілетін садақасы бар. соның бірі: екі адамның арасын жарастыру – садақа...» делінген. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 9 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
