Мерейгер мұрасы
12/12/2009, 17:04
ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА ЖЫРЛАРЫНДАҒЫ МАХАМБЕТТІҢ РУХЫ «Бала күнімізден атын жаттап, үлкендердің айтуымен қанымызға сіңген бейне, Махамбет бейнесін айтам, мен үшін Мұхаммед Пайғамбар секілді әулие тұлға болатын. Мен анамнан естіген әңгімелердің әсерінен болса керек, бұл екі кісіні түсімде көретінмін және біздің туысқандарымыз деп қабылдайтын едім» деп, ақын өз естелігін жазады. Сөйтсек, «Оның өз шығармашылығында әлсін-әлсін Махамбетке оралып отыруы, Махамбетке жүгінуі бекер емес» (Ә.Бөпежанова) екен. Фариза батыр баба рухын бойтұмар етіп, Махамбетке жүрекжарды бірнеше жырларын арнаған. Ф.Оңғарсынованың «Алмас қылыш немесе мен Махамбетпен қалай кездестім» және «Поэзия» циклы («Махамбет аудармашысымен әңгіме») – ақынның дара сипатын айқындай түсетін төл туындылары. Бұл жырлардан шуақты да шымыр шындықты, сардар толғаныстарды айқын аңғарамыз. «Махамбет аудармашысымен әңгіме» атты көлемді өлеңінен поэзияның халық мүддесіне қызмет етуін қалау, ақындық шеберліктің қоғамдық-әлеуметтік, көркемдік-эстетикалық биік мұраттармен берік астасып, ақындық шабытқа ұласуын кздеу қағидалары сөз етіледі. Композициялық құрылымы жағынан үш бөлімге бөлінген. Топтаманың бірінші бөлімінде сөз өнеріндегі ақындық болмыстың ара салмағын айқындап, батыр ақынның өжет жырларына контраст ретінде тірліктегі «қасаң әнді» сөз етеді. Ақын шынайы шеберліктің аса күрделі, қиын әрі азапты екенін меңзей отырып «бұл күнде шабыт, арқалы жыр дегендеріңіз сандыраққа айналып, бұл ұғымдар ұмытылды, жыр бұлақ боп төгілмейді, жыр жасалады» деген өткір ойды жырына өзек етеді. Жоқ, тепкі жоқ, бұғау да жоқ адамда мұнау күнде, Себептер жоқ шабытсыз бұралқы үнге, зындан да жоқ, шіритін шыдам-піл де. Мықты да жоқ, нашар жоқ ақындарда – іскерлер бар жыр өрген тұман түнде, - деуінен өлең жазуды кәсіп еткендердің «тұман түнде жыр өрген» парқын тура батыр бабаша кесіп айтады. Жырдың екінші бөліміндегі ақынның: Поэзия дегенің – халық қаны, қасіретті мұрасы, жарық таңы, Жыр-таңбадай қасиет халықтағы, ақын – заман, дәуірдің алыптары, - деуінен өзі өмір сүріп отырған ортасының сырына үңілмей сыртқары қала алмайтының, дәуір толғаныстары мен халық өмірінің жәйі оны бей-жай қалдыра алмайтынын ақындық табиғилыққа саямыз. Сосын да шын ақынның бойындағы ақындық пафос пен рух халықтың мақсат-мұратымен, ортаның шынайы сенімімен, адамзат баласының көкейкесті арманымен біте-қайнасып жатары даусыз. Махамбет! Махамбет... Білмеймін, жел ме, сел ме, жырда онымен бір тұлға теңдесер ме... Әділетсіз дүниенің қабырғасын Махамбетше сөгер жан кездесер ме... ондай жыр – ем кеселге... Жырдың екінші бөлімін Махамбеттің аудармашысымен әңгімесі деп толық айтуымызға болады. Фариза поэзияның шынайы үлгісі ретінде Махамбет мұрасын алға жетелей түседі де: Ұлылар да ортақ де, жақсы ақын де, Өз халқыма таныту – мақсатым де. Бірақ, мүмкін емес-ау, өз шыңынан Махамбеттер сөйлеуі басқа тілде.., - деп автор аудармашының түпкі мақсатын айқындай отырып, айбатты жанның аузынан тау суындай тасқындаған жырларды қайта сөйлетудегі қиындыққа, ақын өлеңдерін терең түсінуге назар аудартады. «Махамбет өлеңі – қазақ сөзінің қайталанбас құдіреті. Әрбір буыны мен бунағы, тармағы мен шумағы мұнша тап-таза қорғасыннан құйылған ап-ауыр асыл сөз қазақтан басқа жер бетіндегі өлең жырында жоқ. Оның өзге тілге оңай аударылмайтыны да сондықтан» деп академик З.Қабдолов айтқандай, жалынды ақынның сөзі де мірдің оғындай өткір, уытты, ақиқатты сөз болған соң да ауыр. Ауыр, салмақты нәрсені бір орыннан екінші орынға аударып, орынын өзгерту көп күшпен, қиындықпен келетініндей, Махамбет «сөздерінің қорғасындай ауырлығын» сезінген Фариза оның өлең аудармасында да оңай аударма бола қоймасына өзінің күдікті ойын жеткізе келіп, себебін де алға тартады: ...Найзағайлы жырындай бар ғұмыры Махамбет, ол халқымның аспанында алаулы таңғы нұры. Махамбеттің сөйлеуі басқа тілде – наркескеннің жарқыл мен жаңғырығы... Бұл Ф.Оңғарсынованың Махамбет жырларын басқа тілге аударуға қарсылығы емес, аудармашыға ой тастағаны «Наркескеннің жарқыл мен жаңғырығына» теңдес Махамбет үнін түсінуге, «семсер өнерді» шын ұғуға, өжет жырлардың «бойлатпас заңдылықтарын» терең бағамдауға талпындырады. Әдебиетші ғалым С.Мақпырұлы «Ақынның қайталанбас оқшау даралығы мен ерекшелігі оның өзге тілге «өз шыңынан», яғни өзінің төл стихиясына сай көрінуіне мүмкіндік бере бермейтініне көңіл аудартып отыр. Мұның түпкі себебі, Махамбеттің айрықша ұлттық бітімдегі қазақ ақыны, ұлттық феномен екендігінде. Автордың негізгі ой түйіні де осы болса керек» деп тұжырымдайды. Жырдың үшінші бөлімінде: Жыр – менің жалғыз тарланым, аялап өтер ардағым, талықсып атар таңдарым, өзімді соған арнадым, - деп, Фариза өзінің ақындық кредосынтап басып көрсетеді. Иә, қайсар шындықсыз үлкен ақындық та жоқ екенін Махамбет дәстүрін дәріптеген Ф.Оңғарсынова өз жырларымен дәлелдеп-ақ жүр. Өз шығармашылығында оқтын-оқтын Махамбетке оралып, онымен мұңдасуы, Махамбеттің есімін қастерлей отырып, қатулы мінезіне жүгінуі бекер емес. Бұған дәлел – Шығарған шындық, арды естен, Зұлымдықтарды қан кешкен. Махамбеттен қалған наркескен – айбалта – жырмен шапсам деп, әділеттің шамын ғаламға, лаулатып солай жақсам деп қарамай құрсау-қамалға тасқыны тылсым тереңмен серігім – жырым жебеммен, жүрегім – желкен, жел кернеп, қарсы ағыстарға, сеңге өрлеп, қағілез құйттай денеммен дауылдардықұшып келем мен!.. – деуі. Махамбет атын жырына қосып, пір тұтқан Фариза өз өлеңдерінде батыр ақын жырларындағы айшықтау тәсілдерін, дыбыс үндестіктерін ғана беріп қоймай, ішкі мазмұнын сақтай отырып, ел тыныштығы, туған жер тұтастығы, ұрпақ бақыты үшін батыр бабаның жан пида ерлігін әрі үлгі тұтып, әрі аманаттап, әрі ұрпаққа Махамбет жырларының рух беріп, теңдік туын жықпай, ерлік дәстүрін жалғастыруын тілек етуі де бар.[1] [1] Алтыншаш ТӘЖІҒАЛИЕВА, филология ғылымдарының кандидаты

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 2050 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 3.5/2
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: