Лебяжі ауданының бейресми энциклопедиясы
12/07/2011, 14:11 | |
Қаратаев Мәнсүр Сейітжанұлы (1925) / 1977-1986 жылдары Қызылағаш селолық кеңесінің төрағасы болып қызмет етті, оның алдында шаруашылықта әртүрлі қызметтерде болды. Кеңес Одағының медальдарымен және ордендермен марапатталды.
Қасенов Қаблен (1923) / Павлодар қаласында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1932-1936 ж.ж. Бесқарағай ауданының Беген ауылында балалар үйінде тәрбиеленді. 1938-1942 ж.ж. Павлодар қаласының №10 мектебінде оқып, негізгі орта білім алды. 1942 жылдың 23 мамырында әскер қатарына шақырылды. 1942 жылдың қазан айынан 1946 жылға дейін Ұлы Отан соғысының Оңтүстік-Шығыс, Дон, Украин, Белорус майдандарындағы шайқастарға қатысты. 1946 жылы Павлодар қаласына оралып, Успен ауданы Тоғжан поселкесінің партия бюросының басшысы болды. 1949-1955 ж.ж. Успен ауданының комендатурасында жұмыс істеді. 1958 жылы Лебяжі ауданының Бесқарағай ауылына келіп, Қызылағаш селолық кеңесінің хатшысы, ал 1964 жылдан бастап селолық кеңестің төрағасы қызметтерін атқарды. 1969 жылдан Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытының мал шаруашылығында қызмет етті. 1983 жылы зейнеткерлікке шықты. «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерлік үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдармен марапатталды.
Қалымов Жоламан (1938 – 2010) / Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылында дүниеге келді. Бесқарағай мектебінің 8 сыныбын бітіргеннен бастап, 1954 жылдан «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытында» шопан болды. Солтүстік қазақ мериносы биязы жүнді асыл тұқымды қойды шығарып, өсіруге ерен еңбегі сіңірді. ХШЖК (ВДНХ) бірнеше мәрте қатысып, 1979 жылы осынау көрменің қола медальмен, 1981 жылы алтын медальмен, ал 1983 жылы тағы да алтын медальмен марапатталды. 1976 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. 1990 жылы Компартияның Орталық комитетінің мүшесі болып сайланды. 1998 жылдан бастап зейнеткерлік демалысқа шықты.
Құрманов Анатолий Сапарович (1936) / Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылында дүниеге келді. 1947 жылдан бастап мал шаруашылығында жұмыс істеді. 1963 жылдан бастап «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытында» аға бақташы болды. 1967 жылы 3-дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды, «Еңбек ардагері» медалінің иегері. 1996 жылдан бастап зейнеткерлік демалыста.
Қалиева Гүлжанат Қаратайқызы (1973) / Лебяжі ауданы Ленин (қазіргі Әйтей батыр) ауылында дүниеге келді. 1980 жылы Ленин орта мектебіне қабылданып, 1990 жылы Лебяжі орта мектебін бітірді. 1990-1992 ж.ж. Екібастұз педагогикалық училищесін бастауыш сынып мұғалімі, 2001-2003 ж.ж. С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университетін педагогика және бастауыш сыныптады оқытудың әдістемесі мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 1992 жылы Тақыр орта мектебінде бастап, 1995-2001 ж.ж. Лебяжі ауданы Ленин орта мектебінде, 2001-2005 ж.ж. Лебяжі қазақ орта мектебінде қызмет атқарды. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінде мұғалімдер ұжымынан құрылған «Аққу сазы» ансамбілінің тұрақты мүшесі болды. 2005-2009 ж.ж. Лебяжі қазақ орта мектебінің жанынан ашылған интернаттың меңгеруші болып қызмет атқарды. Қазіргі кезде Лебяжі аудандық білім бөлімінде қызмет атқаруда.
Қайсенов Темірболат Еслямұлы (1935) / Ресей Федерациясы Алтай өлкесі Құлынды ауданы Керей ауылында дүниеге келді. Шарбақты ауданы Жаңауыл мектебінің түлегі. Целиноград (қазіргі Астана) кооперативтік техникумін бітірген соң ұзақ жылдар бойы Қазақстан тұтынушылар одағының жүйесінде, соның ішінде Лебяжі ауданы кеңшар жұмысшылар кооперациясында сауда меңгерушісі, басқарма төрағасы, статистикалық басқарма жүйесінде Лебяжі аудандық атқару комитетінің азаматтық қорғаныс бөлімінің төрағасы және аудандық әлеуметтік қорғау бөлімінде түрлі қызметтер атқарды. Атқарған түрлі лауазымды қызметтерінің арқасында "Ерен еңбегі үшін” медальмен марапатталды.
Құсайынов Айып Қисаұлы (1938 – 1994) / Павлодар облысы Екібастұз ауданында дүниеге келді. Жергілікті мектепті бітірген соң Семей зоотехникалық-ветеринарлық институтта білім алады. Еңбек жолын 1960 жылы Лебяжі ауданы «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытында» бас зоотехник болып бастады. 1969-1976 ж.ж. аралығында Лебяжі ауданындағы «СОКП ХХІІІ съезі» атындағы кеңшарды басқара жүріп, «Бесқарағай» кеңшарында бастаған ғылыми целек қой тұқымын асылдандыру жұмысын жалғастырды. 1976-1978 ж.ж. аралығында Қазақстан компартиясы Екібастұз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1978-1994 ж.ж. арасында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық министрінің орынбасары және ҚазақстанАгроөнеркәсіп кешені төрағасының орынбасары, 1994 жылы республикалық мемлекеттік «Асыл» акционерлік компаниясының төрағасы, президенті және вице-президенті қызметтерін атқарды. Айып Құсайынұлы – белгілі ғалым, мемлекет қайраткері, ауыл шаруашылық өндірісінің ірі ұйымдастырушысы, ауыл шаруашылық ғылымының докторы, биязы жүнді солтүстік қазақ миранос қой тұқымының авторы. «Қазан төңкерісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталып, 1971 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген зоотехнигі» атағы берілді.
Қадыров Шамкен (1895) / 1925-1927 ж.ж. Семей облысының Қосшы Одағының төрағасы болып қызмет етті. 1930-1933 ж.ж. Шығыс Қазақстан облысының ауыл кеңесінің төрағасы, 1933-1963 ж.ж. шаруалар инспекциясының бақылау комиссиясының шағымдар бюросының меңгерушісі, Пролетариат ауылкеңесінің төрағасы, Қазақ КСР-нің Куйбышев ауданында төраға орынбасары, сол ауданның Чкалов атындағы ауылында саясат бөлімінің орынбасары, Лебяжі ауданының ауатком төрағасыеың орынбасары, әлеуметтік қамты ауатком бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. 2002 жылы «Лебяжі ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Қамбарова Құсына Қамбарқызы (1925) / Лебяжі ауданы Мағал-Сырым елді мекенінде дүниеге келді. 1957-1983 ж.ж. Лебяжі орта мектебінде мұғалімдік қызметпен айналысты. Еңбегі үшін «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Қазықанова Әлия Қалиардамқызы (1970) / Лебяжі ауданы Қызылқоғам ауылында дүниеге келді. 1985 жылы Қызыләскер мектебінің 8-сыныбын, кейіннен 9-10 сыныпты Потанин орта мектебінде бітірді. Артынша Павлодар педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түсіп, 1992 жылы оны да тәмамдады. 1994 жылдан бастап С.Сатыбалдин атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарды. 2005 жылы ұлттық бірыңғай тестілеуде алынған жоғары көрсеткіштері үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Қасымұлы Жантемір (1935) / Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылының Подпуск бөлімшесінде дүниеге келді. 1953 жылы Май ауданы Қызыл еңбек ауылындағы «Қазақстан» орта мектебін бітіріп, сол жылы Семейдің зооветеринарлық институтына оқуға түсті. 1958 жылы ғылым-зоотехник мамандығын алып, Павлодар облыстық ауылшаруашылық басқармасының бұйрығымен Лебяжі кеңшарына бас мамандық қызметіне жіберіледі. 1965-1977 ж.ж. облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бұйрығымен Лебяжі аудандық ауылшаруашылығының бас маманы (зоотехник) болып тағайындалды. 1977 жылы Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытына бас маман болып ауыстырылды. 1979-1986 ж.ж. Қазы кеңшарының директоры, 1986-1990 ж.ж. Май ауданы Киров атындағы асыл тұқымды қой кеңшарында бас зоотехник болып қызмет атқарды. 1990-1993 ж.ж. Бесқарағай кеңшарының бас маманы ретінде еңбек етті. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, 1998-2003 ж.ж., аудандық ардагерлер ұйымын басқарды.
Қайырханов Қайса Керейұлы (1940) / Лебяжі ауданы Шоқтал ауылында дүниеге келді. Биология ғылымдарының кандидаты, профессор. Қазақстан Республикасының жаратылыс ғылымы Академиясының корреспондент-мүшесі. Биохимия жөнінде жоғары оқу орындары үшін мемлекеттік тілде «Жануарлар биохимиясы» атты оқулықтың авторы. Шәкәрім атындағы Семей Мемлекеттік университетінің аға оқытушысы.
Қасқырбаев Қалиолла Қыстаубайұлы (1950) / Ленинград (қазіргі Санкт-Петербор) инженер-құрылыс институтын тәмамдады. Техника ғылымдарының кандидаты, профессор. Қазіргі уақытта С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университетінде аға оқытушы.
Қайдаров Ғадырасул Есімханұлы (1947) / Павлодар облысы Бесқарағай ауданы Лесохим ауылында дүниеге келді. Түлебаев атындағы Семей музыкалық училищесін, Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік консерваториясының оркестр факультетін тәмамдады. Қазақстан Ұлттық академиясының вице-президенті, академик, Қазақстан Республикасы білімінің үздігі. Бес мәрте Социалистік жарыстардың жеңімпазы. Төрт рет ҚР Үкіметінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Қайдаров Рүстем Есімханұлы (1940) / Павлодар облысы Бесқарағай ауданы Лесохим ауылында дүниеге келді. 1970 жылы Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін заң мамандығы бойынша тәмамдады. Қазақ Мемлекеттік заң университетінің профессоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Ресей жаратылыс ғылымы академиясының корреспондет-мүшесі. Әділет басқармасының генерал-майоры. «Парасат» орденімен, «Кеңес милициясына 50 жыл», «Еңбек ардагері», үш дүркін «Кіршіксіз қызметі үшін» және басқа да медальдармен марапатталды. КСРО ІІМ еңбегі сіңген қызметкері. 2002 жылы Халықаралық ақпараттандыру академиясының лауреаты атанды.
Құмарова Лаура Ерсайынқызы (1973) / Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылының Подпуск бөлімшесінде дүниеге келді. 1994 жылы Павлодар педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдады. 1994-2005 ж.ж. Бесқарағай орта мектебінде, Павлодардағы №15 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің жетекші маманы болып еңбек етті. 2005 жылы аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
Қасымова Алма Жантемірқызы (1972) / Лебяжі ауданы Лебяжі (қазіргі Аққу) ауылында дүниеге келді. 1988 жылы Павлодар облысы Май ауданы Киров орта мектебін бітірді. 1993 жылы «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша Павлодар педагогикалық институтын, 1997 жылы «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша Республикалық салааралық институтын тәмамдады. Еңбек жолын 1993 жылы Лебяжі ауданы Бесқарағай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып бастады. 1995-1998 ж.ж. аралығында Лебяжі аудандық білім бөліміндегі әдіскерлік дәрісхананың әдіскері, Лебяжі ауданы «Қазы» ұжымдық ауыл шаруашылық кәсіпорнында материалдық бөлімнің есепшісі, Лебяжі ауданындағы «Димака» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас есепшісі болып қызмет атқарды. 1998-2008 ж.ж. аралығында Лебяжі аудандық құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің меңгерушісі, сондай-ақ Лебяжі ауданы әкімі аппаратының ұйымдастырушы-кадрлық бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді. 2002, 2007 ж.ж. Павлодар аймақтық басқару мектебінде «Басқару барысында құжаттамалық қамтамасыз ету», «Қазақстан Республикасының «Жергілікті өзін-өзі басқару» Заңын жүзеге асыруға мемлекеттік қызметкерлерді даярлау» тақырыптары бойынша семинар бағдарламасын, 2005 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ақпараттық қауіпсіздендіру кеңесінің облыстағы мамандарды даярлау және біліктілігін көтеру орталығында «Мемлекеттік құпияларды қорғау» курсы бойынша, сондай-ақ 2003 жылы Алматы қаласының мемлекеттік және жергілікті басқару институтының «Аймақтық шаруашылық субъектілерінің іс-әрекетін құқықтық реттеу» курстарын сәтті аяқтады. 2008 жылы аудандық үздік әкімшілік мемлекеттік қызметкері болып танылды және мемлекеттік қызмет ісі жөніндегі Агенттігінің 10 жылдығына орай төсбелгімен марапатталды. 2009 жылғы 26 қаңтардан Лебяжі ауданы әкімінің аппарат басшысы лауазымдық қызметіне тағайындалды.
Құсайынов Қанат Салкенұлы (1968 / Лебяжі ауданы Аққу ауылында дүниеге келді. 1992 жылы Семейдің зооветеринарлық институтын тәмамдады. Еңбек жолын 1992 жылы Лебяжі ауданына қарасты Қызылқоғам ауылында бастады. 1994-1996 ж.ж. Павлодар облыстық мал тұқымын асылдандыру бірлестігінде асыл тұқымды малды дайындау және өткізу бөлімінің бастығы болды. 2000 жылы аудандық Қорғаныс бөлімі басшысының орынбасары, 2002-2006 ж.ж. облыстық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің әскери міндеттідерді есепке алу және тағайындау бөлімінң басшысы, 2006-2008 ж.ж. Лебяжі аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы қызмет атқарды.
Қанашев Қалияр Қанашұлы (1916 – 1991) / Лебяжі ауданы Тереңкөл ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Әскер қатарына 1939 жылы алынып, 1941 жылы 310-атқыштар дивизияның жаяу әскер қатарындағы жауынгері болды. Ленинград үшін күрес майданына қатысып, мергендігімен танылды. Маршал Г.К.Жуков басқарған майданға қатысып, біріншілердің бірі болып Берлинге кірді. Жеңіс сәтін 1945 жылы 9 мамырда Берлинде қарсы алып, сол қаланы фашис басқыншыларынан азат етіп, 1946 жылы елге оралды. Бейбіт заманда Тереңкөлде еңбек жолын шопан, бригадир, кәсіподақ жұмыстарымен жалғастырды. Майдандағы ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Германияны жеңген үшін», «Ерлік үшін» және басқа да медальдармен марапатталды.
Құмартегі Адам Құмарұлы (1936) / Семей (Шығыс Қазақстан) облысы Бесқарағай ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келді. Еңбек жолын 1955 жылы Жамбыл ұжымшарында есепші болып бастады. 1967 жылы Павлодар зооветеринарлық техникумының мал дәрігері бөлімін аяқтады. Малшы, тракторшы-комбайншы болып еңбек етті. 1961 жылы үздік механизаторлардың республикалық мәжілісіне қатысты. Тың игеруге арналған бірнеше мерекелік медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен, облыстық және аудандық ауыл шаруашылығы мекемелерінің грамоталарымен, «Коммунистік еңбектің екпіндісі», «Қазақ КСР үздік еңбеккері» белгілерімен марапатталды. Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылық жетістіктері көрмесіне қатысты. Еңбек ардагері.
Қасенов Нұртай Қасенұлы (1936 – 2003) / Лебяжі ауданы Шарбақты ауылында дүниеге келді. 1958 жылы Павлодар совхоз-техникумын мал дәрігері мамандығы бойынша тәмамдап, өз туған ауылына келіп, мамандығы бойынша, әр салада қызмет атқарды. Шарбақты ауылына қарасты Керей бөлімшесінде бөлімше бастығы болып, үйлер салғызып, сегіз жылдан аса қызмет жасады. Төсағаш ауылында мал дәрігері, зоотехник және бөлімше бастығы болып еңбек етті. «Көпжылдық ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Қайдаров Нұрлыбек Қайдарұлы (1938) / Лебяжі ауданы Шарбақты ауылының «Ұйымдас» ұжымшарында (қазіргі Керей бөлімшесі) дүниеге келді. Н.Қайдаров жасынан алғыр, естігенін, көргенін көңілге жылдам тоқып алатын өте зерек болып өсті. Үлкендердің сөзіне құлақ қойып жүретін, әсіресе ертегі, аңыздарды зейін қоя тыңдайтын және жаттап алатын. Осыдан барып оның ауыз әдебиетіне деген құштарлығы пайда болды. Лебяжі орта мектебінде өте үздік оқығаны үшін 1951 жылы он үш жасар Нұрлыбекті аудан басшылары В.И.Ленин атындағы Бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне жібереді. Алғашқы «Ұмытылмас кеш» очеркі «Қазақстан пионері» журналында басылады. 1952 жылы республикалық бала ақындар байқауына қатысады. Оның «Көңілім», «Мен өсемін» атты өлеңдері «Қазақстан пионері» газетінде басылып, жүлделі ІІІ орынға ие болды. Оның тілшілік қызметі 1950 жылы аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Аққу үні») газетінде тұңғыш өлеңі басылудан басталады. 1953 жылдан мақалалары, өлеңдері «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінде басылады. Павлодар облыстық «Аққұс» ақындар бірлестігінің мүшесі болды. 200-ден аса өлеңдері әр түрлі газет беттерінде жарық көрді, ал басылған көлемді очерктері, әңгімелері, басқа да мақалалары өз алдына бір төбе. Бірнеше дүркін ақындар айтысына қатысып, аудан намысын абыроймен қорғады. Олардың ішінде 1980 жылы Май ауданының ақынымен болған айтысты ерекше атап өтуге болады. 1997 жылы «Лебяжі ауданының тарихы» атты кітабы жарық көрді. 1956-1994 ж.ж. аралығында ферма, бригада есепшісі, комсомол комитетінің басшысы, ұжымшар қоймашысы, сауда қызметкері, Шарбақты ауылдық кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.
Қайлахан Талас Сипатұлы (1947) / Лебяжі ауданы Шарбақты ауылында дүниеге келді. 1969 жылы Павлодар педагогикалық институтының физика-математика факультетін физика мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдады. 1970 жылдан бастап шарбақты орта мектебінде мұғалім болып істеді. 1990 жылы Лебяжі ауданы делегациясының құрамында Қазақ КСР тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевпен Павлодар қаласындағы кездесуіне қатысты. 2006 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 15 жылдығына байланысты әрі ҚР Президентінің ұсыгысы бойынша еңбегі ардегі ретінде Астана қаласына туристік сапармен барды. Республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі көптеген грамотамен марапатталды.
Қадырбаев Ерсайын Шайманұлы (1948 – 2005) / Лебяжі ауданы Аққу ауылында дүниеге келді. Қарағанды кооперативтік институтын сауда экономикасы мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 1970 жылы Лебяжі аудандық тұтынушылар қоғамының жоспарлау бөлімінің бастығы болып бастады. 1972-1984 ж.ж. комсомол-партия жұмысында, 1984-1989 ж.ж. Павлодар облыстық тұтынушылар қоғамы басқармасы төрағасының кадрлар бойынша орынбасары болды. 1989 жылдан бастап Қазақстан тұтынушылар қоғамы Павлодар экономикалық колледжінің дирекоры болып қызмет атқарды. Қазақстан тұтынушылар қоғамының, облыстық білім департаментінің Құрмет грамоталарымен, «Кеңестік тұтынушылар кооперациясының үздігі», «Қазақстан Республикасы білім саласының үздігі» белгілерімен, Бейбітшілік қорының облыстық бөлімінің «Белсенді қызметі үшін» медалімен марапатталды.
Қамзин Омар Қамзаұлы (1922 – 1995) / Лебяжі ауданы Қаракесек ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1940 жылы мектепті бітіріп, әскерге Владивосток қаласына аттанды. 1941 жылы желтоқсан айында 62-шекара жасағының құрамына шақырылды. 1943 жылы 117-полктің құрамына ауыстырылды. 1945 жылға дейін 72-полктің құрамында болды. Соғыстан соң Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылының Подпуск бөлімшесіндег мектепте мұғалім болды. 1947 жылы аудандық атқару комитетінде бірінші хатшы болды. 1949 жылы Қорт ауылының төртжылдық мектебінде директор болды. 1953 жылдан бастап үзіліссіз 45 жыл Қызыләскер орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі қызметін атқарды. 1962 жылы Семейдің педагогикалық институтын тәмамдады. «Жапонияны жеңгені үшін», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері» медальдармен марапатталды.
Қалиев Әнуар (1931 – 1991) / Павлодар қаласында дүниеге келді. Еңбек жолын 1947 – 1949 ж.ж. Павлодарда қазақ театрының әртісі болудан бастады. 1950 жылы Шымкент облыстық қазақ драма театрына актер болып қабылданды. Павлодарға қайта оралып, еңбек жолын 1959 жылы облыстық мәдениет басқармасының бұйрығымен қалалық Мәдениет үйінің директорлығымен жалғастырды. 1960-1964 ж.ж. Н.К.Крупская атындағы Мәскеу халқ университетінің режиссура бөлімінде оқып, режиссер мамандығын тәмамдады. Мәскеуден оралған соң мәдениет басқармасының бұйрығымен Павлодар облысы Лебяжі аудандық халық театрының бас режиссері болып тағайындалды. 1965-1970 ж.ж. облыстық теледидар және радио басқармасында режиссер қызметін атқарды. 1970-1987 ж.ж. И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның бас көркемдік жетекшісі болып еңбек жасады. 1988 жылы Қазақстан Республикасы музыка қоғамының Павлоар облыстық бөлімшесінің төрағасы болып тағайындалды.
Қаппасов (Қорт) Боранбай (1907 – 1991) / Лебяжі ауданы Қорт ауылында дүниеге келді. Ұлы отан соғысына қатысушы. Жастайынан көркем сөзге, өлеңге әуес болған Боранбай қолына домбыра ұстап, өлең айтатын болды. 1928 жылы ауылдық Кеңес төрағасы болып сайланды. 1933 жылы Лебяжі ауданы Сталин ұжымшарына келіп, маман ретінде жаңа құылып жатқан ұжымшар мүшесі болды. 1941 жылы алғашқылардың бірі болып Ұлы Отан соғысына аттанды. Соғыста ауыр жараланып, төсек тартып қалды. 1945 жылы елге оралды. Бірқыдыру өлең жазды. Лебяжі ауданы Шалдай ауылында ақынның үнтаспаға жазылған бірегей дүниелері сақталды. Атап айтқанда, «Қыз Жібек» қиссасы, «Шөже мен Кемпірбай айтысы», сонымен қатар қазақ хандары (Абылай хан, Қасым хан, хан кене, Наурызбай) туралы шығармаларды домбырамен әндетіп үнтаспаға жаздырған. Бұларға қоса, ақын Боранбай домбыраға салған ақылбек Сабалаұлының «Сәтбек батыр», «Қойшының ертегісі» аталған Ер Арғынбай туралы дастанын, С.Торайғыровтың «Қамар сұлуын», Мәлике қыз бен Ғабдылғалым, Рымжан мен Әсет, Үмбетәлі мен Нүрилә айтыстарын және т.б. шумақтарды айтып жүрді.
Қайырбаев Серік Амангелдіұлы (1966) / Лебяжі ауданы Восточное ауылында дүниеге келді. Жауынгер-интернационалист. 1984 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылды. 1986-1987 ж.ж. Ауғанстандағы әскери борышы қызметінен кейін Лебяжі ауданы Баймолдин кеңшарында құрылыс жасағында жұмыс істеді. «Ауған халқының алғысы», «КСРО ҚК 70 жыл», «Интернационалист-жауынгер», «КСРО әскерінің Ауғанстаннан шыққанына 15 жыл» медальдарымен марапатталды.
Қасымов Темірбек Дәулетұлы (1967) / Павлодар облысы Шарбақты ауданы Жаңаауыл ауылында дүниеге келді. Жауынгер-интернационалист. 1984 жылы Жаңаауыл орта мектебін тәмамдады. 1985 жылы КСРО Қарулы Күштері қатарына шақырылды. 1986-1987 ж.ж. Ауғанстан Демократиялық Республикасы аумағында әскери борышын өтеді. «Жауынгерлік жетістіктері үшін», «Ауғанстан халқынан алғыс» медальдарымен марапатталды.
Қасенова Ғалия Қайроллақызы (1937) / Шығыс-Қазақстан облысында дүниеге келді. 1956 жылы Лебяжі орта мектебін бітірді. 1957-1959 ж.ж. Семей медициналық училищесінің акушерлік бөлімін тәмамдады. 1992 жылға дейін Лебяжі аудандық ауруханасында акушер мамандығы бойынша абыройлы қызмет жасады.
Қадырбаева Күлән Баймұратқызы (1938) / Павлодар облысы Ақсу қаласында дүниеге келді. 1956 жылы Лебяжі орта мектебін бітірді. 1956-1961 ж.ж. Алматыдағы Қазақ қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетін тәмамдады. 1961-1962 ж.ж. Лебяжі орта мектебінде, 1962-1964 ж.ж. Қазантай сегізжылдық мектебінде, 1964-1979 ж.ж. Майқарағай орта мектебінде физика-математика пәндері мұғалімі болып қызмет атқарды. 1979-1993 ж.ж. Восточное ауылындағы Баймолдин атындағы орта мектепте күндізгі топтың тәрбиешісі болып еңбек етті. Еңбек ардагері.
Қадырханова Сара Қайырденқызы (1938) / Лебяжі ауданы Қарақала ауылында дүниеге келді. 1957 жылы Лебяжі ауданы Қызыләскер орта мектебін бітірді. 1962 жылы Семей педагогикалық институтыеың жаратылыстану факульетін тәмамдады. 1958-1959 ж.ж. Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылының Подпуск бөлімшесіндегі Бірінші Мамыр сегізжылдық мектебінде, 1959-1960 ж.ж. Қызыләскер орта мектебінде, 1962-1965 ж.ж. Қарақала ауылында ашылған Потанин орта мектебінде, 1965-1966 ж.ж. уақытша бала бақшада, 1965-1998 ж.ж. Лебяжі орта мектебінде өнегелі ұстаздық қызмет атқарды. Еңбек ардагері. Көптеген мадақтаумен марапатталды.
Құсайынов Сәлкен Солтанғазыұлы (1938 – 1998) / Лебяжі ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келді. 1956 жылы Лебяжі орта мектебін бітірді. 1957-1962 ж.ж. Семейдің зооветеринарлық институтының зоотехния факультетін тәмамдады. Еңбек жолын Ермак ауданының (қазіргі Ақсу ауданы) Ермак кеңшарында бастады. 1965-1970 ж.ж. Лебяжі аудандық ауылшаруашылық басқармасында қатардағы зоотехник, аға зоотехник болып еңбек етті. 1970-1974 ж.ж. Ермак ауданының «Путь Ильича» кеңшарында бас зоотехник, 1974-1976 ж.ж. Лебжяі ауданы Жамбыл кеңшарында тұтынушы зоотехник, 1976-1980 ж.ж. Шарбақты шегірен кеңшарында, 1980-1983 ж.ж. Лебяжі ауданының Қызылқоғам кеңшарында бас зоотехник қызметтерін абыроймен атқарды. 1983-1985 ж.ж. Майқарағай кеңшары партия комитетінің хатшылығында еңбек етті, 1985-1986 ж.ж. Жамбыл кеңшарында бас зоотехник болып жұмыс істеді. 1986-1988 ж.ж. Лебяжі аудандық мағлұмат-есептеу стансасының төрағасы, 1988-1994 ж.ж. Ямышев селолық кеңестің төрағасы болып еңбек етті. Облыстық кәсіподақ комитетінің мүшесі болды. аудандық партия комитетінің мүшесі болып, жергілікті ауылдық кеңесітің бірнеше дүркін депутаты болып сайланды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды (1973).
Қобайдаров Нұраш Төлеубайұлы (1949) / Лебяжі ауданы Шоқтал ауылында дүниеге келді. 1972 жылы Семей зоотехникалық-ветеринарлық институтын ветеринария мамандығы бойынша тәмамдап, ветеринарлық дәрігер біліктілігіне ие болды, ал 1985 жылы Алматының жоғары партия мектебін аяқтады. Еңбек жолын 1966-1967 оқу жылында Лебяжі ауданы Шарбақты орта мектебінде дене шынықтыру мұғалімі ретінде бастады. 1972-1973 ж.ж. Лебяжі аудандық ветеринарлық стансасында дәрігер-эпизоотолог болып жұмыс істеді. 1973-1977 ж.ж. Лебяжі аудандық комсомол комитетінің екінші, бірінші хатшысы болды. 1977-1983 ж.ж. Лебяжі ауданы Майқарағай кеңшары партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды. 1985-1991 ж.ж. Қазақстан Компартиясы Лебяжі аудандық комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, екінші хатшысы болды. 1992-1994 ж.ж. Лебяжі аудандық ветеринарлық стансасының бас ветеринарлық дәрігері – бастығы қызметін атқарды. 1994-1996 ж.ж. Лебяжі ауданы Шарбақты ауылындағы «Жас еңбек» ұжымдық ауылшаруашылық кәсіпорынның директоры болып еңбек етті. 1996-2003 ж.ж. Лебяжі ауданы әкімінің аппарат жетекшісі болды. 2003 жылдан бастап Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылық Министрлігі агроөндіріс кешеніндегі мемлекеттік инспекция Комитеті Лебяжі аудандық аумақтық инспекциясының бастығы лауазымдық міндетін атқаруда. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл» мемлекеттік мерейгерлік медальмен марапатталды.
Қадырбаев Шайман / Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келді. Қырық жылға тарта өмірі Лебяжі ауданымен байланысты болды. 1947 жылы Мәскеудегі білім жетілдіру курсынан соң Лебяжі ауданына Дайындау Министрлігінің аудандық өкілі болып келді. Аталмыш министрлік таратылғаннан соң 1956 жылы Лебяжі астық қабылдау пуктіне директор болып тағайындалып, құрметті демалысқа шыққанша дейін қызмет атқарды. Көптеген мадақтамамен марапатталды. Ауылдың бір көшесіне есімі берілді.
Қалиев Сембай (1917 – 1972) / Ұлы Отан соғысына қатысушы. Соғыста танкке қарсы қолданылатын зеңбірек командирі болды. Венгрияны азат ету үшін болған жанталасқан ұрыстарға қатысты. Майданнан оралған соң ауыл шаруашылығы мектебін бітіріп, Лебяжі ауданы Жамбыл кеңшарының бөлімшесінде басқарушы болып еңбек етті. «Қызыл ту» орденімен марапатталды.
Қасымханов Рахымбек (1941 – 1999) / Лебяжі ауданында дүниеге келді. Қазақ Мемлекеттік ауыл шаруашылық институтын үздік тәмамдаған соң еңбек жолын қатардағы жұмысшыдан бастап, жоғары лауазым иесіне дейін көтерілді. 1970-1973 ж.ж. Республикалық астық өнімдерін қорғау басқармасы бастығының орынбасары, бастығы болып еңбек етті. 1979 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасарының көмекшісі, 1979-1994 ж.ж. «Қазақауылшархимия» республикалық ғылыми-өндірістік бірлестігі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 1994-1996 ж.ж. Қазақстан Республикасы АУыл шаруашылығы министрлігінің «Құнарлылық» Мемлекеттік акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті, 1996-1999 ж.ж. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мемлекеттік химия комитетінің төрағасы, 1999 жылдың наурызынн ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өсімдіктерді қорғау жөніндегі комитеттің төрағасы болып жұмыс істеді.
Қылыағаш ауылдық округі / 1939 жылы құрылды. Оған Бесқарағай және Босбос (Подпуск) ауылдары кірді. Жалпы тұрғын халқының саны 1381 адамды құрады (1999). Бесқарағайдың тарихи атауы – Шұңқыр су, сондай-ақ бертінге дейін Көкүй деген қосарлы атпен аталып келді. Мұнда Ресейден қоңыс аударған Серемин деген бай Қазан төңкерісіне дейін қой ұстаған. Осы отардың және Голощекин атындағы ұжымшар отарының негізінде 1932 жылы кеңшар ұйымдасты. «Бесқарағай» асыл тұқымды қой зауытының үш шопаны – Жанпейіс Сыздықов, Балғабай Оспанов, Жұмабек Жанғожин – Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. бесқарағай аймағы өзінің әсем табиғатымен, жануарлар дүниесінің сан-алуандығымен көз тартады. Оның тоғайында қалампыр, долана, қарақат тәрізді жеміс-жидектре мен шипалы шөптер қалың. Қараләйлек, кіші ақтырна, әупілдек, жылқышы, құс тәрізді құстар мекендейді, қызыл балық қыстап, уылдырық шашады. Босбос (Подпуск) – Лебяжі ауданындағы көне елді мекендердің бірі. Ол Сібір шекара жүйелерінің әскербасы генерал-майор Киндерманның жарлығымен Ертіс әскери линиясындағы редут ретінде 1745 жылы салынған. 1838 жылы Сібір казак әскері Семияр станицасының казак поселкесі болып өзгертілген. «В 28 верстах от Лебяжьего отдаляются бугры от Иртыша и придешь опять в низкую совершенно соленную и иловатую равнину, в которой в шести верстах увидишь Подпускную станицу с развалившимся деревянным укреплением и восемью домами», деп жазады Петр Симон Паллас 1770 жылмен белгіленген жол-жазбаларында. Босбос ХХ ғасырдың 20-жылдарында контрреволюциялық бүліктердің тірек пункттерінің бірі болды. Кеңес жылдары мұнда аудандағы тұңғыш жергілікті өнеркәсіп артелі ұйымдастырылды. Соқыр Омар (Темірғалыұлы) осы Босбос тұсында қолға түсіп, қызылдардың қолынан қаза тапты. Босбос тұсынан палеонтологтар оңтүстік пілінің, Стенон жылқысының, Шлоссер түйесінің, эласмотерия мүйізтұмсығының, тағы басқа көне дәуір жануарларының қаңқасын тапты.
Қазы ауылдық округі / Қазы және Қызылұз ауылдарын біріктіреді. Қазы ауылы осы аттас көлдің (аумағы 5,7 шаршы километьр) етегінде орналасқан. Халқының саны – 814 адам (1999). Кеңшар құрылғанға дейін №23 қой кеңшарының бөлімшесі болды. «Қазы» кеңшары 1961 жылы Жамбыл атындағы және СОКП ХХІІІ съезі атындағы кеңшардың жерлерінде ұйымдасты. Қазы атауының шығуы туралы нақты дерек жоқ. Жердің шұрайына қарап қойылды ма екен деп жорамалдауға болады. Павлодар облысының энциклопедиясында көрсетілген «Этнонит (Уақ тайпасы, Жансары руы, Кенебай тарабы)» деген жолдар дерексіз: Кенебайлар Малыбай, Қазантай ауылдарын мекендеген, бұл жерде көне замандарда Игілік руының ауылдары болған. Бертініректе Найман руы қоныстанып, ұжымшар құрады. Қызылтұз ауылы осы жердегі Қызылтұз тұзды көлінің атымен аталған. Суы қыста қатпайды, алыстан алқызыл болып жатады. Көлде артемия-салмина емдік жәндігі өмір сүреді. Теріскей жағынан ертеректе тұз өндіретін болған. Көлдің қара батпағы емдік мақсатта (радикулит, остеохондроз т.б.) пайдаланылады. Бастапқыда Қызылтұз жеке ұжымшар болып, соңынан «Игілік», «Соревнование» ұжымшарларымен Жамбыл атындағы ұжымшарға бірікті. 60-жылдары «Қазы» кеңшарының бөлімшесі болды.
Қызыләскер ауылдық округі / Орталығы – Қарақала (Черное) ауылы. Павлодар-Семей тас жолының бойында, облыс орталығынан 79, Аққу ауылынан 33 километр жерде, дөңесте орналасқан. 1999 жылғы санақ бойынша 1810 адам тұрады. Тұрғындарының 80 пайызға жуығы – жергілікті ұлт өкілдері. Мұнда 1929 жылы Голощекин атындағы қой кеңшары ұйымдасты. Голощекин халық жауы болып ұсталған соң оның аты №23 кеңшар болып өзгертілді. 1966 жылы СОКП ХХІІІ съезі атындағы кеңшар болып өзгерді. Кеңшардың тарихына аға шопандар Нәскен Тиіштенов, Ақан Бисекеновтің, Қазыбек Жапаровтың есімдері алтын әріптермен жазылды. Бұл шаруашылықтың ұжымдасуының басында ағайынды Жұмағұл және Болат Даржұманов сияқты азаматтар тұрды. 1958 жылы осы шаруашылықтың аға шопаны Күләй Шарбақбаева Социалистік Еңбек Ері атағын алды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1981 жылы оның баласы Қабдылнәсір Ерғалиұлы Шарбақбаев та осындай жоғары атаққа ие болып, өңіріне Алтын Жұлдыз қадады. Ауылдық округ бұрынғы Қаракесек ауылында құрылған Қызыләскер ұжымшарының атымен аталады. Округ орталығы Қарақалаға 1957 жылы көшірілді. Округке Қарақала, Құмсуат, Шабар, Шәмші ауылары кіреді. Барлық тұрғындар саны – 2640 адам (1999). Қарақала іргесі XVII ғасырдың бас кезінде қаланған көне мекендердің бірі. Оны тұрғызған орыс колонистері болуы әбден ықтимал. Себебі ХІХ ғасырға дейін Ертістің қос қапталында бес (кейіннен он) шақырымдық аймақта қазақтарға қоныстануға тиым салынды. Қызыләскер ауылдық округіне қарайтын елді мекендер патша заманында әскери қызметтен босаған казактарға үлеске берілген жерлер екендігіне олардың ертеректе 1-ші, 2-ші, 3-ші хутор аталуы да жанама түрде дәлел бола алады. Бір деректерде Қарақала атауы «Қара көл» дегеннен шыққан деген жорамал келтіріледі. Бұл дерексіз нәрсе. Бертін келе екінші хутор Шабар, үшінші хутор Шәмші болып өзгертілді. Екеуі де әйгілі адам аттары: Шәмшиден осы жерлерді мекендеген Игілік руынан шыққан қажы, ал Шабар – ғұлама оқымысты адам болған.
Қарманов Бекен (1904) / Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Шопан-қой өсіруші. Еңбек жолын 1917 жылы батырақ-бақташы болудан бастады. 1932-1941 ж.ж. Лебяжі ауданы Бесқарағай қой өсіру кеңшарында шопан ретінде еңбек етті. Соғыстан соң (1945) Бесқарағай асыл тұқымдық қой зауытында шопан, аға шопан болды. Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесіне қатысушы (1957). Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі депутаты (1955, 1959). Екі мәрте Ленин орденімен (1958, 1966) және медальдармен марапатталды.
Қадыр / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Қызылағаш ауылдық округінің «Бесқарағай» асыл тұқымды қой зауытының мал жайылатын жері. Ауылдық округ орталығы Бесқарағай елді мекенінен 2 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 26 адам (1970 жылы) болған. Елді мекен ер адамның есімі, антропоним Қадыр қонысы атауымен аталған.
Қазақ КСР 15 жылдығы / Лебяжі ауданындағы бұрынғы ауылдық елді мекен, Майқарағай ауылдық округінің шалғай учаскесі. Майқарағай елді мекенінен 15 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 14 адамды (1970 жылы) құраған. Елдік мекен 1935 жылы құрылған бұрынғы ұжымшар атымен аталған.
Қазантай / Ауылдық елді мекен, Малыбай ауылдық округінің («Лебяжі» аудандық ауыл шаруашылық бірлестігінің бұрынғы) бөлімшесі. Елді мекен ауылдық округ орталығы Малыбай елді мекенінен 19 км қашықтықта орналасқан.
Қазы / Ауылдық елді мекен, 1966 жылдан бері ауылдық округ орталығы. Елді мекен Қазы тұзды көлінің жанында, Павлодар қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 106 км жерде, Аққу ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 42 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 814 адам (1999 жылы) болған, олардың көбі – қазақтар – 657 адам. Қазы – ер адамның есімі, геноним (Уақ тайпасының Жансары руының Кенебай тармағы) болуы мүмкін. Қазы – 1961 жылы құрылған бұрынғы «Қазы» кеңшарының орталық мекені. 1933-1934 ж.ж. аралығында кеңшар Павлодар ауданының қарамағында болды.
Қалқалы / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Майқарағай ауылдық округінің шалғай учаскесі. Майқарағай елді мекенінен 30 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 13 адамды (1970 жылы) құраған. Қалқалы – «суық ауа-райынан қорғайтын қалқасы бар, ықтасынды қоныс».
Қалша / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Қызылағаш ауылдық округінің қонысы. Бесқарағай елді мекенінен 19 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 28 адам (1970 жылы) болған. Қалша көліне – «кішкене (көлемі бойынша шағын) көлге» байланысты аталған.
Қамыстыкөл / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Ямышево ауылдық округінің қонысы. Ямышево елді мекенінен 27 км қашықтықта орналасқан. Қамыстыкөл тура мағынада «қамысы бар көл» - «қалың қамыс құрағы өсетін көл».
Қараауыл / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Ямышево ауылдық округінің шалғай учаскесі. 1931 жылы елді мекенде Қызыләскер ауылдық кеңесіне қарасты «Тілектес» ұжымшары құрылған. 1939 жылға дейін елді мекен мен ұжымшар Павлодар ауданының құрамында болған. Қараауыл қоныстың алыстан қарайып көрініп тұруына байланысты аталған.
Қарағанды / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шарбақты ауылдық округінің мал жайылатын жері. Ауылдық округ орталығы Шарбақты елді мекенінен 25 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 13 адам (1970 жылы) болған. Елді мекен Қарағанды қонысының атауымен аталған. Қарағанды – «аласа тікенекті бұталар қараған көптеп өсетін» атау дегенді білдіреді.
Қаракесек / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Ямышево ауылдық округінің «Қызылқоғам» бөлімшесі. Қаракесек – Арғын тайпасының ру атауы. 1929 жылы Қаракесек елді мекенінде Қызылқоғам ауылдық кеңесінің «Қызылқоғам» ұжымшары құрылған. 1939 жылға дейін елді мекен мен ұжымшар Павлодар ауданына қараған.
Қарақала / Ауылдық елді мекен, Қызыләскер ауылдық округінің орталығы. Елді мекен Павлодар қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 79 км және Аққу ауылынн солтүстік-батысқа қарай 25 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 1810 адам (1999 жылы) болған, олардың көбін қазақтар – 1404 адам құраған. Елді мекен сөзбе-сөз «қара көл» дегенді білдіретін көлдің атауымен аталған. Қарақала алғашқы рет Қаракөл – 1929 жылы Голощекин атындағы кеңшар ретінде құрылған СОКП ХХІІІ съезі атындағы бұрынғы қой өсіру кеңшарының орталығы болған. 1963-1964 ж.ж. аралығында Павлодар ауданына қарады.
Қараман / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Қазы ауылдық округінің шалғай учаскесі болған. Қазы елді мекенінен 25 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 8 адам (1970 жылы) болған. Қараман – ер адам есімі, жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша, қоныс өз атауын адам атынан алған. Бұл қоныста Қараман атты кішігірім өзен ағып жатыр – («тасты өзен»). Қараман – геноним (Уақ тайпасындағы Жансары – Кенебай руының тармағы).
Қаратал / Лебяжі кеңшарындағы бұрынғы ауылдық елді мекен, қазіргі Шарбақты ауылдық округіне қараған. Халқының саны 11 адам (1970 жылы) болған. Тал, шілік т.б. ағаштардың қаулап өсуіне байланысты қойылған.
Қасымбаза / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Ямышево ауылдық округіне қарасты мал жайылатын шалғай учаскесі. Халқының саны 7 адам (1970 жылы) болған. Қасымның базасы мағынасында айтылады.
Қималы / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Ямышево ауылдық округінің шалғай учаскесі. Ямышево елді мекенінен 40 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 20 адам (1970 жылы) болған. Қималы ауылы 1914 жылы Семей облысы Павлодар уезі Павлодар болысында құрылған.
Қоздау / Бұрынғы елді мекен, Жамбыл ауылдық округінің мал жайылатын шалғай учаскесі. Жамбыл ауылынан 12 км жерде орналасқан қоныс. Халқының саны 15 адам (1970 жылы) болған. Қоздау тура мағынада «қоздау», қозылар туған қоныс мағынасына сәйкес келеді.
Қорт / Елді мекен, Майқарағай ауылдық округіне қарасты бөлімшесі. Елді мекен ауылдық аймқтың орталығы Майқарағай елді мекенінен батысқа қарай 7 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 542 адам (1999) болған, олардың ішінде 539 қазақ. Қорт – патроним, Уақ тайпасының Жансары руының тармағының атауы. 1928 жылы Қорт ауылында Сталин атындағы ұжымшар құрылды. Ал 1941 жылы – бұл ұжымшардың атауы «Жаңаауыл» атауына өзгертілді. 1939 жылға дейін Қорт ауылы Цюрупин ауданына қарады. Кейін Сталин және Жаңаауыл ұжымшарлары біріктіріліп, Қорт атауы пайда болды. 1996 жылы Мерғалым атауы болып өзгертілді. Қорт ауылыынң атын Ертістің Павлодарға қарасты өңірінен шығып, ресчпубликаға мәшһүр еткендер: сынықшы Мерғалым Мұқтариханұлы Ғабдуллин (1935-1986); Қазақстанның халық емшісі Үміт Ахтанқызы Сүбәтілова, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА корреспондент-мүшесі бекмұрат Уахатов, химия ғылымдарының кандидаты, профессор Е.Б.Бәденов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент М.Мергенбаев, география ғылымдарының кандидаты, доцент Қ.Т.Сапаров, т.б.
Қостең / Бұрынғы Лебяжі кеңшары, Шарбақты ауылдық округіне қарасты мал жайылатын жері. Шарбақты ауылынан 43 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындар саны 4 адам (1970 жылы) болған. Қостең – «екі тең бөлінген (қоныс)» мағынасында айтылады.
Құлатай / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Майқарағай ауылдық округінің шалғай учаскесі. Майқарағай елді мекенінен 33 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 5 адам (1970 жылы) болған. Құлатай тура мағынада «Құла тай» – геноним (Қыпшақ тайпасындағы Бұлтын руының тармағы). 1935 жылы Қазантай ауылдық кеңесінің Құлатай ауылында «Құлатай» ұжымшары құрылған, кейін ол 1941 жылы Абай атындағы ұжымшар болып өзгертілді. 1944-1957 ж.ж. аралығында елді мекен Галкино ауданының құрамында болды.
Құмсуат / Ауылдық елді мекен, қоныс. Қызыләскер ауылдық округіндегі бұрынғы бөлімше. Қарақала (Черное) елді мекенінен 5 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 63 адам (1999 жылы) болған. Елді мекендегі басым ұлт өкілдері – қазақтар – 63 адам. Елді мекен Құмсуат қонысы бойынша аталған – «түбі құмды болып келетін ыңғайлы суаты бар қоныс» дегенді білдіреді.
Құрөлең / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шарбақты ауылдық округінің шалғай учаскесі. Шарбақты елді мекенінен 10 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 9 адам (1970 жылы) болған. Құрөлең (өлең өсетін қоныс), «шалғынды жайылымы бар қоныс» мағынасында айтылады.
Қызылағаш / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шақа ауылдық округі «Бесқарағай» орман шаруашылығының кордоны. Шақа елді мекенінен 23 км қашықтықта орналасқан. Халқының саны 2 адам (1970 жылы) болған. Қызылағаш – «қызыл ағаш өсетін (қоныс)». 1930 жылы Қызылағаша ауылында «Қызылағаш» ұжымшары құрылған. 1939 жылға дейін елді мекен мен ұжымшар Май ауданының құрамында болды.
Қызылқоғам / Ауылдық елді мекен, Ямышево ауылдық округінің бұрынғы бөлімшесі. Елді мекен Ямышево елді мекенінен 19 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 532 адам (1999 жылы) болған. Көбі – қазақтар – 511 адам. Елді мекен «қызыл (жаңа, революцияшыл) қоғам» дегенді білдіретін бұрынғы «Қызылқоғам» ұжымшарының атауымен аталған.
Қызылтұз / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Қазы ауылдық округінің бөлімшесі. Тұрғындардың саны 189 адам (1970 жылы) болған. Елді мекен «қызыл (таяз сулы, тұзды жұқа қабатымен сипатталатын) көл» дегенді білдіретін Қызылтұз көлдің атауымен аталған. 1938 жылы Қызылтұз ауылында «Қызылтұз» ұжымшары құрылды.
Қызылшілік / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Қызыләскер ауылдық округіне қараған. Халқының саны 14 адам (1970 жылы) болған. Қызылшілік – өз атауын шіліктің (аласа тал) түріне байланысты алған.
Құдайбергенов Темкен Халемұлы (1940 – 2010) / Лебяжі ауданы Жабағылы ауылында дүниеге келді. Еңбек жолын 1957 жылы Лебяжі кеңшарының 4-бөлімшесінде қатардағы жұмысшы болып бастады. 1960 жылдан құрметті зейнеттік демалысқа шыққанша дейін Лебяжі ауданы Майқарағай кеңшарында трактор жүргізуші, жылқышылар бригадирі, «Данияр» шаруа қожалығының басшысы қызметтерін асқан абыроймен атқарды. Ерен еңбек жолында ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен (1983), екі мәрте Бүкілодақтық халық жетістігі көрмесінің күміс медалімен (1979, 1980), «Еңбек ардагері» медалімен (1983), облыстық «Оныншы бесжылдықтың жеңімпазы» белгісімен және басқа да ауылшаруашылығы Министрлігінің, облыстық, аудандық грамоталармен марапатталды.
| |
| |
Просмотров: 2558 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | |
Всего комментариев: 0 | |