Лебяжі ауданының бейресми энциклопедиясы
11/07/2011, 17:31 | |
Әлкеев Балташ Рамазанұлы (1937) / Ресей Федерациясы Алтай өлкесі Алей ауданы Шемолино селосында дүниеге келді. Білімі жоғары. Семей зооветеринариялық институтын 1959-1963 ж.ж. оқып бітірді. Ауыл шаруашылығында 1963 жылдан осы күнге дейін қызмет етеді. 1963-1970 жылдары Май ауданының «Чапаев» кеңшарында (қазіргі Саты ауылы) бас зоотехник, 1970-1979 ж.ж. «Жалтыр» кеңшарының директоры, 1979-1980 ж.ж. Май ауданының ауылшаруашылық басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. 1980 жылдан бастап «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытының» директоры болып орналасты. Солтүстік қазақ мериносы биязы жүнді асыл тұқымды қойды шығарушылардың бірі болып табылады. «Құрмет белгісі» орденімен, «Тың жерді игеру» және басқа да медальдармен марапатталған. Лебяжі ауданының Құрметті азаматы. Қазіргі кезде «Бесқарағай-Әлкей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы.
Әжімұратов Қадыр Әжімұратұлы (1940) / Лебяжі ауданы Жаңауыл елді мекенінде дүниеге келді. Алматы халық шаруашылық институтын бухгалтер-экономист мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Лебяжі кеңшарында бухгалтер болып бастап, Лебяжі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық халықтық бақылау комитеті төрағасы, Жамбыл атындағы кеңшар директоры. 1992-1993 жылдары Лебяжі ауданының әкімі, соңғы кездері Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігі Тіркеу комитетінің «Павлодар облысы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорын директорының орынбасары болып қызмет атқарған.
Әбу Смағұлұлы (1905) / Ақмола облысы Ерментау ауданы Торғай кеңшарында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысының ардагері. 1929 жылдан бастап облыстық «Қызыл Ту», Лебяжі аудандық «Ленин жолы» газет редакцияларында тілші мамандығы бойынша қызмет атқарған. 1938 жылдан бастап Лебяжі аудандық партия комитетінде, 1940 жылдан Май аудандық партия комитетінде қызметтер атқарды. Соғыс кезінде ІІ Украин майданында, Забайкалье майданында ерлік көрсетті. 1947 жылдан Лебяжі ауданында партия комитетінде қызмет атқарды.
Әмірғалыұлы Қайкен (1925 – 1983) / Лебяжі ауданы Қарақала ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Жастайынан еңбекке араласты. 1943 жылы Кеңес Армиясының қатарына алынды, 1951 жылы елге оралды. Ветеринар қызметінен бастап бөлімше меңрушісіне дейін көтерілді, өмірінің соңына дейін №4 бөлімшенің меңгерушісі қызметін атқарды. Ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері, бірнеше медальдармен марапатталды.
Әмірғалыұлы Төлен (1922 – 1971) / Лебяжі ауданы Қарақала ауылында дүниеге келді. Ұлы отан соғысының ардагері. 1941 жылы Кеңес Армиясының қаратына алынды. 1945 жылы соғыс аяқталған соң елге оралып әр салада еңбек етті. Кейіннен №2 бөлімшенің меңгерушісі болып қызмет атқарды.
Әбетжанов Дулат Ермекұлы (1975) / Семей қаласында дүниеге келді. 1994-2000 жылдары Лебяжі ауданының Потанин орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі ретінде жұмыс істеді. 2000-2001 жылдары осы мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі, 2001-2004 жылдары дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі ретінде жұмыс атқарды. 2005 жылы Павлодар университетін (қазіргі ИнЕУ) психолог мамандығы бойынша тәмамдады. 2004-2005 жылдары Қызыләскер селолық округінде мәдени-ұйымдастырушы, 2005-2008 жылдары Абай орта мектебінің директоры, қазіргі уақыта аудандық ревизия комиссиясының төрағасы. Аудандық маслихаттың депутаты.
Әлібаева Рәуила Төлеубайқызы (1946) / Лебяжі ауданы Майқарағай кеңшарының Шоқтал ауылында дүниеге келді. 1964 жылы Павлодар педучилищесінің бастауыш сыныптар мұғалімдерін дайындайтын бөліміні бітіріп, Шарбақты, Потанин, Лебяжі орта мектептерінде зейнеткерлікке шыққанша дейін мұғалімдік қызметпен айналысты. Ерен еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» белгісімен және көптеген Құрмет грамотамен марапатталды.
Әбетов Қайырбай Әбетұлы (1916) / Лебяжі ауданы Мағал-Сырым елді мекенінде дүниеге келді. Еңбек жолын Қызыәскер толық емес қазақ орта мектебінде бастады. Бұл мектепте арифметика, физика, неміс тілі пәндерінен сабақ берген. «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталды.
Әдбіжүсіпова Айжан Халыққызы (1970) / Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысы Аягөз ауылында дүниеге келді. 1987-1992 ж.ж. Семей педагогикалық институның қазақ филологиясы факультетінде оқыды. 2002 жылы Потанин орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып орналасты. 2006 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2007 жылы «Ы.Алтынсарин» медалімен марапатталды.
Әкіжанов Байзолла (1923) / Лебяжі ауданы Төсағаш ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Мектепте оқып жүрген кезінде Семей қаласындағы аэроклубқа қатысты. 1944 жылы Ворошилов атындағы 1 Чкалов әскери-авиация мектебін аяқтады. Одан соң 1 Украин майданындағы 2 әуе армиясының 95 Гвардиялық Рава-Русский Қызыл тулы әуе полкының ұшқыштар қатарында аға ұшқыш болып қызмет жасады. Фашистерден Польшаны, Германияны, Чехословакияны азат етуге қатысты. Соғыстан кейін Мәскеудегі Қызыл алаңдағы және Тушино аэродромындағы әскери-әуе парадына қатысты. 1952-1954 ж.ж. халықаралық әуе жолдарын меңгерді. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, шалғай авиацияның қолбасшысы, авиацияның бас маршалы А.А.Новиковтың жеке ұшқышы болды. 1954-1960 ж.ж. Әскери әуе күштері Тынық мұхиты флотының шалғай авиация және мина-торпедо әуе полкының ТУ-4 кемесінің командирі болды. 1960 жылы әскери киім кию құқығымен әскерден босатылды. 1968 жылы алматы халық шаруашлығы институтын сырртай тәмамдады. 1993 жылға дейін Қазақ КСР Білім Министрлігінде, азаматтық авиация саласында басшы қызметтерде болды. Ұлы Отан соғысындағы батырлықты белсенді насихаттаушы. «Богатыри крылатой гвардии», «Верность» кітаптарының авторы.
Әлжекеева Бадығұл Таласпайқызы (1926) / Лебяжі ауданы Қызылқоғам ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы, еңбек ардагері, батыр ана. Еңбек жолын 1943 жылы Павлодар педагогикалық училищесін бітіргеннен кейін облыстағы мектептерден бастады. 1954 жылы Абай атындағы мұғалімдер институтының филолгия факультетін тәмамдады. 1952 жылдан зейнеткерлікке шыққанша дейін Амангелді орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» және басқа да мерейгерлік медальдармен, он бала тәрбиелеп өсіргені үшін «Алтын алқа» белгісімен марапатталды.
Әлжекеев Сламбек Әлжекейұлы (1916 – 1987) / Павлодар облысы Қаған ауданы Құрғұл ауылды Кеңесіндегі Шыған ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогикалық институтының география факультетін бітірді. Еңбек жолын 1938 жылы Ново-Казалинск қаласындағы қазақ орта мектебінде география пәнінің мұғалімі ретінде бастады. 1952 жылы Амангелді атындағы жеті жылдық қазақ мектебінің директоры болып тағайындалды. «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері», «Қажырлы еңбегі үшін» медальдармен, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталды.
Әмірғалиев Сатыбалды Баязитұлы (1948) / Лебяжі ауданы Лебяжі ауылында дүниеге келді. 1971 жылы Семейдің зооветеринарлық институтының ветеринария факультетін аяқтады. 1971-1977 ж.ж. Лебяжі кеңшарының бас ветеринары, Лебяжі ауданының бас ветеринар дәрігерінің орынбасары болып қызмет атқарды. 1977-1983 ж.ж. Қазы кеңшарының партия комитетінің хатшысы, Лебяжі аудандық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болды. 1983-1995 ж.ж. Лебяжі кеңшарының директоры, Қазы кеңшарының директоры, кәсіподақ комитетінің төрғағсы қызметтерін атқарды. 1995-1998 ж.ж. Лебяжі ауданының бас ветеринар дәрігері болып еңбек етті. 1998-1999 ж.ж. Павлодар облысы ақсу қаласының бас ветеринар дәрігері және қазіргі уақытқа дейін «Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы Министрлігі агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекетік инспекция Комитетінің Ақсу қалалық аумақты инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің бастығы қызметінде. Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы Министрінің, Павлодар обысы әкімінің, Ақсу қаласы әкімінің, Павлодар облысы аумақтық инспекциясы бастығының Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды.
Әмрина Кәмиля Өмірбайқызы (1950) / Лебяжі ауданы Төсағаш ауылында дүниеге келді. Еңбек жолын Лебяжі кеңшарының 2-бөлімшесінде бастады. 1971-1984 ж.ж. трактор жүргізуші болды. 1972 жылы Республикалық ауылшаруашылық кәсіподақтары конференциясының және Мәскеуде өткен Бүкілодақтық кәсіподақтардың XV съезінің делегаты, 1981 жылы облыстық ХХІІ партия конференциясында СОКП-ның XXVI съезіне делегат болып сайланды. 1980 жылы Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағының атынан өз аты сомдалып жазылған тракторға ие болды. 1981 жылы Бүкілодақтық әйелдер арасындағы социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, «Паша Ангелина» атындағы жүлденің иегері болды. 1984-1988 ж.ж. Алматы жоғарғы партия мектебінде оқыды. 1988-2009 ж.ж. Малыбай кеңшарының партия комитетінің хатшысы, аудандық партия комитетінде, аудандық мұрағат меңгерушісі, аудандық әкімдікте, аудандық жер қатынастары бөлімінде бас маман қызметтерін атқарды. Ерен еңбегі үшін екі мәрте «Еңбек ерлігі үшін», Орталық комсомол комитетінің «Алтын масақ» медальдарымен марапатталды.
Әділханова Бақыт (1948) / Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылы Подпуск бөлімшесінде дүниеге келді. 1967-1968 ж.ж. Лебяжі ауданында ашылған кооперативті курсын аяқтаған соң, еңбек жолын Подпуск бөлімшесінде бастады. Бесқарағай кеңшары жұмысшылар кооперативінде үздіксіз 25 жыл қызмет атқарды. «Кеңестік тұтынушылар кооперациясының үздігі» медалімен, «Он екінші бесжылдықтың озаты» белгісімен марапатталды. 1985-1993 ж.ж. аудандық партия комитеті бюросының мүшесі болды. Бірнеше мәрте аудандық партия мәслихатына делегат болып сайланды. Еңбек ардагері.
Әміренов Жұмабай Қабдышәріпұлы (1940) / Павлодар облысы Май ауданы Киров ауылында дүниеге келді. 1970 жылы Семейдің Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін тәмамдады. 1960-1962 ж.ж. Бесқарағай орта мектебінде бастауыш сыныптар мұғалімі, 1962-1963 ж.ж. Ақсу ауданы Қызылқұрама ауылындағы Амангелді орта мектебінде география мұғалімі, 1964-1965 ж.ж. Жаңатаң орта мектебінде директрдың оқу істері бойынша орынбасары, 1966-1969 ж.ж. Дәмелі орта мектебінде директордың оқу істері бойынша орынбасары, 1969-1997 ж.ж. Абай негізгі мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болып қызметтер атқарды. Республикалық «Қазақстан мұғалімі, облыстық «Қызыл Ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы»), аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Аққу үні») газеттерінің штаттан тыс тілшісі болды. «Тыңға – 10 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен, Қазақстан ЛКСМ ОК Құрмет грамотасымен, Мәскеуде шыққан «Рабочий-крестьянский корреспондент» журналының Құрмет грамотасымен, облыстық «Сарыарқа самалы», аудандық «Аққу үні» газеттерінің Құрмет грамоталарымен, ұстаздық жолында бірнеше мадақтаулармен марапатталды. Жергілікті ақын, әдебиетші.
Әмірәмзеұлы Мұхамедсалық (1860 – 1923) / Лебяжі ауданы Малыбай ауылында дүниеге келді. Ақын өлең айтуға құмар болып, домбырасын арқалап айдалада тыңдаушы елді іздеп жүретін болған. Шығармалары қағазға түспей, сақталмай қалды. Ақынның «Құсайын болыс» атты поэмасы табылды. «Призваға» деп аталатын өлеңінде 1916 жылғы патша жарлығына байланысты қазақтан қара жұмысқа кісі алып іріктеу, азаматтарды сарапқа салғаны туралы поэзия тілінде тұңғыш рет суреттелді. Ақынның аса тапқыр, өткір ойлы суырыпсалма, төкпе ақын болғанын бата өлеңдерінен көрінді. Шығармашылығы Лебяжі ауданына қарасты қарағай еліне жақсы таныс. Олардың ішінде «Салық» өлеңін жатқа айтушылар бірқыдыру болыпты.
Әзімбаев Төлеулі Әзімбайұлы (1914 – 1989) / Лебяжі ауданы Тереңкөл ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысы кезіндегі тыл еңбеккері. 1941 – 1945 ж.ж. Новокузнецк қаласындағы еңбек армиясына шақырылды. Жеңістен кейін 1946 – 1976 ж.ж. шабан болып еңбек жасады. «Еңбек даңқы» орденімен (1958), «Еңбек ардагері» медалімен (1973) марапатталды.
Әзімбаев Махамбет (1918 – 1986) / Лебяжі ауданы Тереңкөл ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1933-1941 ж.ж. Тереңкөл ауылында жұмыс істеді. 1946-1978 ж.ж. шабан болып қызмет жасады. «Еңбек ардагері» медалімен, «Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлік еңбегі үшін» медальмен, «Ұлы Жеңістің 40-45 жылдығы» медалімен марапатталды.
Әмрина Жеңісгүл Бипауқызы (1966) / Лебяжі ауданы Шарбақты ауылында дүниеге келді. 1983-1989 ж.ж. Семей Мемлекеттік медицина институтын тәмамдады. 1989-1990 ж.ж. облыстық клиникалық ауруханасының базасында терапия мамандығы бойынша интернатурадан өтті. 1990-1994 ж.ж. Лебяжі ауданы Майқарағай ауылындағыемханада терапевт дәрігер қызметін атқарды. 1994-1998 ж.ж. Майқарағай ауылдық округінің әкімі лауазымында еңбек етті. 2000 жылдан бастап Малыбай ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері қызметінде. Облыс әкімінің Алғыс хатымен (1996) марапатталды. 2005 жылы Павлодар облыстық денсаулық сақтау департаментінің «Үздік ауыл дәрігері» номинациясына ие болды.
Әлімқұлова Риза Байғамытқызы (1943) / Павлодар облысы Май ауданы Май ауылында дүниеге келді. 1961 жылы Лебяжі орта мектебін бітірді. 1967 жылы Семей медициналық институтының педиатрия факультетін тәмамдап, сол жылы педиатр-дәрігер маманы ретінде Лебяжі аудандық ауруханасында еңбек жолын бастады. 1971-1972 ж.ж. Қазақ КСР Денсаулық сақтау Министрлігі жанындағы педиатрия ғылыми-зерттеу институтының педиатрия бойынша клиникалық ординатурасында оқыды. Бас дәрігердің орынбасары, аудан педиатры, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Аудандық аурухана партиялық ұйымының хатшысы болды, партияның аудандық комитет бюросына мүше болып, халық депутаттарының аудандық кеңесіне депутат болып сайланды. Бірінші санатты дәрігер. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен (1982), «КСРО денсаулық сақтау үздігі» белгісімен, мерейгерлік медальдармен, республикалық, облыстық және аудандық инстансалардың грамоталарымен марапатталды.
Әубәкірова Күлсағира Алдоңғарқызы (1957) / Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы Семеновка ауылында дүниеге келді. Жоғары санатты мұғалім (1994), Қазақстан Республикасы білім беру үздігі (1998). 1984 жылы Павлодар педагогикалық институтының филология факультетін орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдады. 1991 жылдан бастап Лебяжі ауданы Тілектес жалпы орта білім беретін мектебінің директоры лауазымдық қызметін абыроймен атқаруда. Қостанайда өткен Республикалық ғылыми-практикалық конференцияның (1988), Қазақстан Республикасы мұғалімдері І съезінің (1998) делегаты, Республикалық «Білім ұясы», Астанада өткен «Үздік ауыл мектебі» (2006) байқауының қатысушысы.
Әміренов Исламхан Жұбайұлы (1937) / Лебяжі ауданы Аққу ауылында дүниеге келді. 1957 жылы Лебяжі орта мектебін бітірді. Мектептен соң екі жыл Лебяжі нан қбылдау пунктінде жұмыс істеді. 1959 жылы Алматы Мемлекеттік дене шынықтыру және спорт институтына түсті. Бірінші курстың соңында ауыр атлетикадан Қазақ КСР-нің құрама командасының мүшесі болды. Институтта оқып жүрген кезінде ауыр атлетикадан спорт шеберіне кандидат атағы берілді. Оқудан соң жолдама бойынша Павлодар қаласындағы «Қайрат» балалардың спорт қоғамына жіберілді. 1965 жылдан бастап Лебяжі орта мектебінде дене шынықтырудан сабақ оқытты, ауыр атлетикадан белсенді түрде секциялар өткізді. 1969 жылы ашылған аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің (БЖСМ) ашылуына қомақты үлес қосты. Сол жылы БЖСМ-нің директоры болып тағайындалды және бір уақытта аудандық білім бөлімінде әдіскер қызметін атқарды. Өзінің ұзақ шығармашылық және спорттық жолында И.Ж.Әміренов Моңғолияда, Тбилисиде, Мәскеуде, Львовте, Қазанда және Қазақстанның басқа да қалаларында болды. 1970 жылы «Білім беру ісінің үздігі» атағы берілді. Қазақ КСР білім Министрлігінің Құрмет грамотасымен (1986), «Еңбек ардагері» медалімен (1986) марапатталды. 1985 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанша дейін халыққа білім беру қызметкерлерінің аудандық комитет кәсіподағы төрағасы болды.
Әміржанов Мэлс Тәшенұлы (1939) / Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданының Семияр ауылында дүниеге келді. 1956 жылы Павлодар облысы Лебяжі орта мектебін бітіріп, еңбек жолын Сталин жетіжылдық мектебінде ұстаздықтан бастады. 1959 жылы аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Аққу үні») газетінде қызмет етті. 1960 жылы Қазақ Мемлекеттік ауылшаруашылық институтына түсіп, 1965 жылы Павлодар индустриалды институтын (қазіргі С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университеті) инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдады. Қатардағы инженерден бас инженерлікке дейін көтерілді. Лебяжі ауданындағы «Сельхозтехника», «Сельхозхимия» бірлестіктерінің төрағасы қызметінде, кейін Павлодар облыстық «Кубань» жаңбырлатқыш машиналарын пайдалану басқармасының төрағасы қызметінде істеді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де облыстық су шаруашылығы мекемелерінде бас инженерлік қызметте болды. шығармалары аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Аққу үні»), кезіндегі облыстық «Қызыл ту», қазіргі облыстық «Сарыарқа самалы» газеттерінде жарық көрді. «Арқаның сырлы саздары» ән жинағына өлеңдері кірді. 1997 жылы «Айналайын» байқауының лауреаты болды. Алғаш туындысы «Дәурен-ай» атты жинақта, 2004 жылы «Арман» баспасынан жарық көрді. 2005 жылы «Керекуім – мақтаным» әні қала күні мерекесінде жүлделі Дипломмен марапатталды.
Әлімқұлов Ерсайын Құсайынғазыұлы (1942) / Лебяжі ауданы Зор-Октябрь ауылында дүниеге келді. 1959 жылы Лебяжі орта мектебін бітірді. 1961 жылы Алматының кооперативті техникумын тәмамдап, Лебяжі ауданы Малыбай кеңшарының жұмысшылар кооперативінде бас бухгалтердің орынбасары болып еңбек етті. 1961-1962 ж.ж. Лебяжі аудандық комсомол комитетінде сектор есебінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1965-1967 ж.ж. Лебяжі ауданы комсомол ұйымдарының бөлімі меңгерушісі, 1967-1970 ж.ж. Лебяжі ауданы комсомолының екінші хатшысы, 1971 жылы Қазақстан Компартиясы Лебяжі аудандық комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарды. 1971-1975 ж.ж. Алматының жоғары партия мектебінде оқыды. 1975-1979 ж.ж. Қазақстан Компартиясы Лебяжі аудандық комитетінің насихаттау және үгіттеу бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті. 1979-1993 ж.ж. Лебяжі аудандық ішкі істерде саяси бөлімі бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. 1998-1999 ж.ж. Лебяжі аудандық мәслихатының хатшысы болды. КСРО-ның төрт медалімен және көптеген Құрмет грамотамен марапатталды.
Әмірғалиев Шәкірт Төленұлы (1947) / Лебяжі ауданы Қарақала ауылында дүниеге келді. 1970 жылы Павлодар Мемлекеттік педагогикалық институтын физика мамандығы бойынша, 1984 жылы КСРО-ның 50 жылдығы атындағы Павлодар кеңшар-техникумын зоотехния мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 1971 жылы Лебяжі ауданы Потанин орта мектебінде физика мұғалімі болып бастады. 1973-1983 ж.ж. Лебяжі аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы, Қазы орта мектебінде оқу-тәрбие жұмысы бойынша меңгеруші, Шақа орта мектебінде, Жаңатаң негізгі мектебінде директор болып еңбек етті. 1983-2006 ж.ж. мәдениет бөлімінде меңгеруші, аудандық кәсіподақ комитетінде хатшы, төраға, аудандық партия комитетінде саяси ағарту дәрісханасының меңгерушісі, аудандық халық депутаттары кеңесінде істерді басқарушы, сақтандыру фирмасында жетекші маман, «Отан» РП (қазіргі «Нұр Отан» ХДП) Лебяжі ауданы бойынша БПҰ атқарушы директоры, ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, Лебяжі ауданы әкімінің аппарат жетекшісі, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі, Қызыләскер ауылдық округінің әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. 2007 жылы Лебяжі ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы болып тағайындалды.
Әлімғазин Ауғанбай Байжұманұлы / 1960 жылы Алматының ауыл шаруашылық институтының зоотехникалық-ветеринарлық факультетін тәмамдап, Павлодар ауданы Чернорецк кеңшарында маман болып орналасты. Содан кейін Лебяжі ауданы СОКП ХХІІІ съезі атындағы кеңшардың (қазіргі Қарақала ауылы) зоотехнигі қызметін атқарды. Биязы жүнді қой тұқымын өсіруден мол тәжірибе жинақтады. 1967 жылы Лебяжі ауданы Майқарағай кеңшарында директор болып, он тоғыз жыл табан аудармай абыройлы еңбек етті. Аталмыш кеңшарда қазақтың ақбас ірі қара мал тұқымын өсіруді бірінші болып бастады.
Әшімбетов Нұржан Кемерұлы (1969) / Лебяжі ауданы Қарақала ауылында дүниеге келді. 1993 жылы Алматы зоотехникалық-ветеринарлық институтын зоотехник-инженер мамандығы бойынша, 2002 жылы Алматы экономика және статистика институтын тәмамдады. Еңбек жолын Павлодар ауданы Чернорецк кеңшарында бөлім басшысының көмекшісі ретінде бастады. 1993-1995 ж.ж. мемлекеттік меншік бойынша Павлодар аумақтық комитетінде маман болып еңбек етті. 1995-1997 ж.ж. «Карана» (ЮСАИД), «REMEK» консалтингтік фирмаларда консультант болды. 1997-1999 ж.ж. Лебяжі ауданы Қарақала аулындағы К.Әшімбетов атындағы өндірістік кооператив төрағасы, «Кемер» агрофирмасында директор қызметтерін атқарды. 2001-2007 ж.ж. Лебяжі ауданының әкімі лауазымдық қызметін абыроймен атқарды. Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен (1999), «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 10 жыл» медалімен (2001), Қазақстан Республикасы Үкіметінің Алғыс хатымен (2002) марапатталды.
Әпсалықов Қазыбек Неғматұлы (1960) / 1977 жылы Лебяжі орта мектебін бітірді. 1984 жылы Семей медицина институтын үздік көрсеткішпен тәмамдады. Радиациялық медицина және экология саласының білікті маманы, профессор, медицина ғылымдарының докторы, 87 ғылыми мақала мен бір монографияның авторы. 2001 жылдан радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтын басқарады. Әпсалықов Қ.Ә. басшылығымен институт Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ел тұрғындарын рдиация зардаптарынан қорғау мәселелері жөніндегі тірек мекемесіне айналды. Институтта кеңес беру-емхана және аурухана бөлімдері ашылды. Ғалым жетекшілігімен ядролық сынақтан зардап шеккен тұрғындарға жәрдем берудің аймақтық бағдарламасы жасалып, іске асырыла бастады.
Әбдіхалықова Гүлжаннат (1970) / Лебяжі ауданы Аққу ауылында дүниеге келді. Семейдің технологиялық институтын тәмамдады. Алматының «31-ші арна» телекомпаниясында қызмет етеді.
Әлімов Бауыржан Сейітханұлы (1961) / Лебяжі ауданы Майқарағай ауылында дүниеге келді. 1995 жылы «Ветеринар» мамандығы бойынша Семей зоотехникалық-ветеринарлық институтын тәмамдады. Еңбек жолын 1978 жылы Лебяжі ауданы Қазантай ауылының комсомол-жастар бригадасының шабаны болып бастады. 1978-1998 ж.ж. аралығында құрылыс учаскесінің жұмысшысы, Майқарағай асыл тұқымдық қой өсіру кеңшарының тракторист-машинисі, Лебяжі ауданы Малыбай ауылы №1 бөлімшесінің мал шаруашылығы жөніндегі бригадирі, басқарушысы, зоотехнигі болып қызмет атқарды. Соңғы уақытта Лебяжі ауданы Малыбай селолық округінде жеке кәсіпкерлікпен айналысты. Аудан әкімінің 2009 жылғы 21 мамырдағы №1-80-ө өкімімен Лебяжі ауданы Малыбай селолық округінің әкімі болып тағайындалды.
Әпсалықов Серік Кәрімжанұлы (1959) / Павлодар облысы Шарбақты ауданының Кордон Кобзелгенде дүниеге келді. 1977 жылдан 1982 жылға дейін «Физика» мамандығы бойынша Павлодар педагогикалық институтын тәмамдады. 1982 жылдан 1989 жылға дейін Шарбақты ауданы Шалдай мектебінде физика пәнінің мұғалімі, ал Богодаров, Шалдай орта мектептерінде директор болып жұмыс істеді. 1989 жылдан 1992 жылға дейін Павлодар облысының Шарбақты ауданының Қазақстан Компартиясы Комитетінің идеологиялық бөлімінде нұсқаушы, Павлодар облысының Шарбақты ауданының атқарушы комитетінде жастардың ісі жөніндегі Комитет бөлімінің меңгерушісі, Шарбақты ауданының бас әкімшілігі жанында спорт және жастардың істері бойынша Комитет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1995 жылы «Орман және саябақ шаруашылығы» мамандығы бойынша Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ ауылшаруашылық институтын тәмамдады. 1992 жылдан 2006 жылға дейін Шарбақты ауданы әкімшілігі басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары, Шалдай орман шаруашылығының жануарлар әлемі және орманды қорғау жөніндегі директоры, Шарбақты ауданының әкімі болып қызмет етті. 2002, 2004 ж.ж. «Аудан әкімінің қызметін ұйымдастыру және құзыреті», «Мемлекеттік басқару механизмін жетілдіру» тақырыптары бойынша Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет Академиясында семинарлар бағдарламасынан өтті, сонымен қатар 2004 жылы Халықаралық Кеңестік тренингтік орталықта «Сайлау науқанының технологиялары» курсы бойынша оқуын сәтті аяқтады. 2005 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясының 10 жылдығы» мерейтойлық медальмен марапатталды. 2006-2011 ж.ж. Лебяжі ауданының әкімі лауазымдық қызметін атқарды.
Әйтей / Ауылдық елді мекен, Жамбыл ауылдық округінің бөлімшесі. Ауылдық округ орталығы Жмбыл елді мекенінен 10 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 489 адам (1999) болған. Елді мекен тұрғындардың көбі – қазақтар – 425 адам. Елді мекен Кеңес өкіметінің негізін қалаған В.И.Ленин (1870-1924) құрметіне аталған – Ленин – Лена өзеніндегі саяси әрекеттерге байланысты таңдап алынған жалған есімі. 2006 жылы Ленин ауылына Әйтей батыр есімі берілді.
Әмірке базы / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Жамбыл ауылдық округінің мал жайылатын жері. Ауылдық округ орталығы Жамбыл ауылынан 12 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 17 адам (1970 жылы) болған. Әмірке базы – «Әміркенің базы (мал қорасы)» деген мағынада айтылады.
| |
| |
Просмотров: 1655 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |