| 14/10/2026, 22:41 | |
КІТАП ТАҢДАП ҮЙРЕНУ Кітаптың арқасында ұйқысы қанды 2015 жылы екі апта бойы еуропаның бірнеше мемлекетін аралады. Германияның Вальдбрунн деп аталатын ауылын іздеп жүргенде (ол жерде өтетін қымыз фестивалін өз көзімен көргісі келді), жолай түнгі он бірге қарай Гейдельберг қаласына келіп түсті. Сағат төртте Эбербах қаласына жүретін электричкаға отыруы керек, оған дейін қонақүйде көз іліп алайын деді. Алдын ала жасаған броны жоқ, өйткені кеште қайда болатынын азанда білмейтіндей сапарлап жүрген кезі. Вокзалдан шыға салып, картадан маңайдағы қонақүйді іздеп тауып алды да, соған қарай беттеді. Көшеде адам аз, жаңбыр сіркіреп тұр. Денесінде шаршағандық бар, ұйқы керек-ақ болып тұр. Қонақүйге кірген бойы өкінішті хабарды естіді: бос орын жоқ. Картаны қайта ашса, адым жерде тағы бірнеше қонақүй бар екен. Екіншісіне келді. Тура сол жағдай. Діңкесі құрып тұрған адамға жоқ деп есту қиынға соғады екен. Амал жоқ, келесі мүсәпірханада бағын сынап көрейін деді. Болмаса, вокзалға барып күте салады. - Үш жерде болдым, үлкен қонақүйде бір орынның табылмағаны қалай? – деп үшінші отельдің әкімшісінен ағылшынша сұрады. – Тәулікке алмаймын, төрт-ақ сағатқа орын табылып қалмай ма? - Осы күні қаламызда халықаралық медициналық конференция өтіп жатыр, әлемнің көптеген елдерінен медиктер келді, бүгін еш жерде бос орын таба қоймассыз, - деп жауап қайырды жиырма бестердегі жас жігіт. Үміті біржола үзілгендей болып еді, әкімші бірдеңені сезгендей: - Ресейденсіз бе? – деп орысшаға көшті. - Жоқ, Қазақстаннанмын, бірақ орысша білемін. Өзі Санкт-Петербургтан екен. Жат жерде бұл жігіт жақын ағайындай көрінді. - Өзіңізбен кітап алып жүрсіз бе? – деп тосын сұрақ қойды. - Түсінбедім? – деп бірден сөз таба алмай қалды. - Қандай да бір кітабыңыз бар ма? ана бұрышта орындықта күту тұруға рұқсат берейін, бірақ арасында аға әкімші тексеріп жүреді. Кітап болса, алдыңызға ашып қойып, көз іліп алыңыз. Сізді отельдің қонағы деп қабылдайды. - Иә, әрине, бар кітабым, - деді. - Онда мархабат. Арқасына тағып алған жол рюкзагын жерге қойды да, ішінен жолда оқуға ала шыққан бірнеше кітабының біреуін алып, арқасы пәстеу, онша ыңғайлы емес орындыққа жайғасты. Әйтеуір бір бетін ашып тізесіне қойды да, қалай тез ұйқыға кеткенін өзі байқамай қалды. Александр Солженицын «Архипелаг ГУЛАГ» кітабында НКВД азаматтарды ескертпей үйлерінен әкетіп, апта бойы ұйқы бермей тергеу жүргізген зорлық-зомбылық жылдары кейбіреулер тергеушінің бет алдында отырған бойы ашық көзбен ұйықтауды үйреніп алғандарын жазады. Ұйқы арсыз, ал адамның мүмкіндіктері шексіз екен. Төрт сағат бойы тырп етпей тік отырған күйде ұйқысын қандырып алды. Қалай жерге құламағанына таңғалады. Сағат түнгі төртте оянды да, әкімшіге алғысы ретінде жиырма еуро шайпұл қалдырып, вокзалға қарай беттеді. Сол түні дорбасында кітап жатпағанда ұйқысын қандыру мүмкін болмас еді. Жолға шығар алды таңдау жасағанда жолдорбаңызға бір киім кем салып, бір кітап артық салыңыз. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 9 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
