Кітаптың құдірет-қадірі
23/09/2026, 22:27

КІТАП ТАҢДАП ҮЙРЕНУ

Франклді оқысаңыз жеткілікті

Осыған орай тағы бір айтары, мотивацияңыз жетпей, оны жүздеген кітаптардан іздеуге бел бусаңыз, көп уақыт жоғалтпай, бір ғана кітапты оқып шықсаңыз жеткілікті. Бұл кітап – жиырмасыншы ғасырда өмір сүрген австриялық психолог Виктор франклдің «Сказать жизни «Да»: психолог в концлагере» атты еңбегі. Қалың кітап емес және пішіні де шағын, бар-жоғы екі жүз беттей ғана. Бұл кітапты оқыған кез келген адамның мотивация тақырыбында ешқандац сұрағы қалмайды деп ойлайды.

Франкл нацистердің концентрациялық лагерьлерінің тұтқыны болған адам. Ол Венада еврей отбасында дүниеге келіп, жас кезінен психологияға қызығушылық таныта бастаған. Вена университетінде медмцинаны оқып, кейін неврология және психиатрия саласын таңдап, депрессия мен суицидтің психологиясын терең зерттейді. Он тоғыз жасында Sozialistische Mittelschuler Osterreich мектебінің президенті болып, студенттерге аттестат алу кезеңінде қолдау көрсету бойынша арнайы бағдарлама жасайды. Франкл осы қызметінде жүргенде Вена студенттерінің арасында бірде-бір рет суицид фактісі орын алмаған екен.

Австрияны нацистік Германия басып алар алдында психолог Венадағы клиникалардың бірінде өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу бөлімін басқарып жүреді. Сол жерде жүргенде ол емдеген науқастардың қатарында өз-өзіне қол жұмсау қаупі бар отыз мыңнан астам әйел болады. Алайда 1938 жылы фашистер басып кіргенде, Франкл еврей болғандықтан, оған науқастарды емдеуге тыйым салады.

Аншлюс Австриядағы еврейлерге үлкен қауіп алып келді. Франклдің АҚШ-қа қоныс аударуына мүмкіндігі болады. Бірақ ол ойланбастан одан бас тартқан. Өйткені Америкадан тек жалғыз өзіне ғана шақыру келеді. әйтсе де ғалым тума-туыстарын , қартайған ата-анасын тастап кетуге бармайды. Австриядан кетіп қалғанда, он бес жыл бойы жүргізген зерттеулері нәтижесінде жазылып жатқан кітабын аяқтауға мүмкіндігі бар еді.

Фашистер Франкл мен оның жақындарын 1942 жылы қамауға алып, концлагерьлерге айдап жібереді. Он бес жыл көлеміндегі зерттеулерінің нәтижесі жазылған қолжазбаны өртеп жіберген.

Концлагерьлерде психолог екі жарым жылға жуық уақыт бойы тұтқында болады. Сол жерге түскенге дейін ғалым өзінің негізгі ойларын тұжырымдап, өмір мәнін іздеу адамның жан денсаулығының кепілі екенін болжап жүрсе де, идеяларын іс жүзінде тексеріп көру тағдыр тәлкегімен тек осы концлагерьлерде ғана мүмкін болады.

Психолог концлагерьде жаңадан келіп жатқан тұтқындарға психологиялық жәрдем көрсетуді қолға алады. Мақсаты – оларды алғашқы шоктан арылту еді. Франклдің концлагерьде жасырын ұйымдастырған психологиялық көмек көрсету тобы өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алып отыруға тырысады. Сонымен қатар, тұтқындар арасында өз еркімен бұл дүниемен қош айтысқысы келіп жүргендер туралы хабарлап тұратын ақпарат қызметін де ұйымдастырады.

Концлагерьдегі тәжірибесіне сүйеніп Франкл өзінің логотерапия ілімін, яғни психотерапиялық жәрдем көрсету әдісін қалыптастырады. Психолог адам тек ләззат алып, билікке ғана ұмтылмай, сонымен қатар өмірдің мәнін түсінуге талпынады дейді. Лагерьде психотерапия жүргізу тұтқындар өмір мәнін іздегенде ғана оң нәтижесін береді. Осындай ауыр жағдайдағы адам үшін бұл мән шартсыз болып, өзінде тек өмір мәнін ғана емес, оның азап шегуі мен өлімінің де мәнін қамты керек болады. Лагерьдегілер Франклге: «Лагерьден аман шығамыз ба?» және «Мына азап шегу мен өлімнің мәні бар ма?» деген екі сұрақты жиі қойып жүреді. Бірінші сұраққа теріс жауап адамдардың көбісіне азап шегу мен тұтқыннан аман шығудың мәнін жойса, екінші сұраққа теріс жауап аман қалуға талпынудың өзін мәнсіз етіп тастайтын болады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 18 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: