| 28/04/2026, 08:54 | |
КІТАП ТАҢДАП ҮЙРЕНУ Заманының көрнекті оқырманы 1885 жылдың жазында Семейге америкалық журналист Джордж Кеннан келіпті. Бұл туралы ол оның «Сибирь и ссылка» деп аталатын екі томдық кітабынан оқып білді. Ол Ресей түрмелері мен айдауда жүрген адамдардың тіршілігін зерттеу мақсатында Сібірге саяхат жасаған. Губернатор америкалыққа түрмені көрсетіп болған соң қаладағы кітапханаға соғуды ұсынады. Семейдегі кітапхана бұдан екі жыл бұрын ғана революционерлердің атсалысуымен ашылған екен. Кеннан ол жердегі әдебиет қорын көрген кездегі таңданысын жасырмайды (бұдан әрі «Сибирь и ссылка» кітабынан келтірілген үзінділерді өзі аударды): «Губернатордың үйінен оның кеңесі бойынша көпшілік кітапханаға бардым. Қаланың орталығындағы орналасқан ағаштан соғылған қарапайым ғана үй екен. ішінде шағын антропологиялық музей, көптеген орыс газет-журналдарын табуға болатын жайлы оқу бөлмесі мен мың томға жуық кітаптардың керемет жинағы бар екен. олардың арасынан мен Спенсер, Бокль, Льюис, Миллий, Тэн, лебокк, Тэйлор, Хаксли, Дарвин, Лайелль, Тиндалль, Альфред Рассел Уоллес, Маккензи Уоллес пен сэр Генри Мэннің еңбектерін, Скотт, Диккенс, Марриет, джордж Элиот, Джордж Макдональд, Энтони Троллоп, Джастин Маккарти, Эркман-Шатриан, Эдгар Аллан По мен Брет Гарттың романдары мен повестерін тауып алып, таңғалдым. ғылыми және саяси-экономикалық әдебиет бөлімдері тіптен керемет екен"» Әрі қарай Кеннан күнделік түрінде жазылған еңбегінде былай дейді: «Жоғарыда аталған авторлардың көптеген ғылыми шығармалары цензура араласқан орыс басылымдары болып шықты. Леккидің «Рационализм тарихы» атты еңбегінің әрбір тарауының сиқын цензор бұзыпты. Кітаппен асығыс таныстым, кейбір жерлерін он беттен он алты бетке дейін қиып алып тастағанын көрдім. Осындай қысқартылған күйдің өзінде шалғайдағы Сібір қаласы семейде бұл кітап қорқақ орыс үкіметі үшін қауіпті болып көрінгені сондай – жоғарыдан түскен бұйрық бойынша оны бөлек алып қойып, оқырмандарға ішкі істер министрінің арнайы рұқсатынсыз бермейтін болды. Цензор «қауіпті» және «зиянды» жерлердің бәрін қиып алып тастағанына қарамастан, спенсердің, Милльдің, Льюистің, Леббоктың, Хаксли мен Лайелльдің шығармаларына да осындай тыйым салынды». Бұдан кейін Джордж Кеннан сот мекемесінде қызмет ететін Александр Леонтьевтің үйіне барады. Сол жерде кешкі мезгілде он беске жуық адам жиналады. Сөз кезегін америкалықтың өзіне береді: «Бізді жиналған қауымға таныстырған соң, еркін тақырыптағы қызу әңгіме басталды. Сұрағыма жауап бере отырып, Леонтьев Семей кітапханасының тарихын баян етіп берді е, ол тек саяси айдалып келгендер үшін ғана игілік болып қоймай, қаланың интеллектуалды өмірін жандандырғанын да тілге тиек етті. - Тіптен қырғыздардың өзі (он тоғызыншы ғасырдың тарихи деректерінде қазақтарды қырғыз деп атаған), - деді ол, - арасында кітапханаға келіп тұрады. Мен қырғыздың бір білімді шалын танимын, оның есімі Ибрагим конобай. Ол кітапханаға келіп қана қоймай, Бокль, Милль, Дрейпер сынды авторларды оқиды. - Сонда сіз, - деп айқайлап жіберді бір студент, - Семейде Милль мен Дрейпердің еңбектерін оқитын қырғыз шал тұрады деп айтқыңыз келе ме? - Иә, дәл солай, - деп Леонтьев дым болмағандай сөзін жалғастырды. – Мен оны алғаш рет көргенде, ол менен индукция мен дедукция арасындағы айырмашылықты түсіндіріп беруді сұрады. Кейін мен оның шынымен де ағылшын философиясын зерттегенін, мен атап өткен авторлардың барлығын орыс тіліндегі аудармада оқып шыққанын білдім. - Сіз ол оқығанын түсіне алды деп ойлайсыз ба? – деп сұрады студент. - Мен одан қатарынан екі кеш бойы Дрейпердің «Еуропаның ақыл-ойының дамуының тарихы» деп аталатын шығармасы бойынша емтихан алдым деуге болады, - деп жауап берді Леонтьев, - және ол кітапты қанағат етерлік деңгейде түсінгенін айтып өткім келеді». (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 12 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
