Кітаптың құдірет-қадірі
17/02/2026, 18:03

ОҚЫРМАННЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

Кітаптың қадірін кетіруге болмайды

Бала кезінде кітап оқуға әуестеніп, жиналған ақшасына (көрімдігі бар, былай бергені бар) әдеби кітаптар сатып алып, өзінің шағын кітапханасы пайда болды. Басында қолға түскенін алып оқи бергендіктен алғашқы кітап қоры жүйелі қалыптаспады. Саны бар, сапасы жоқ. Ойлана келіп, біразын қайта сатуды ұйғарды. Ол кезде ол Қаскелеңде еді. Адамдар демалыс күндері қаланың базарында жерге төсеніш төсеп, үйіндегі ескі керек емес заттарын сатуға алып шығатын. Ол да кітаптарын арқалап базарға барды. Орын алғаны үшін базар әкімшілігіне елу теңге төледі.

Қазақи тәрбиенің бір осалдығы бар: балаларға жастайынан ақша туралы дұрыс пікір және оның қоғамдық қатынастардағы құрал екені жайында дұрыс түсінік қалыптастырмайды. АҚШ бизнесмені, көптеген тілдерге аударылған «Бай әке, кедей әке» бестселлерінің авторы Роберт Кийосаки өзінің еңбегінде былай дейді: «Егерде балаларыңыз әлі есеймеген болса және сізбен бірге тұрса, оларға активтердерді пассивтерден ажыратуды үйретуге тырысыңыз. Олар ұядан ұшып, тұрмыс құрып, үй сатып алып, балалы болып, жұмысқа жабысып, барлығын несиеге сатып алып, қауіпті қаржылық күйге түскенге дейін оларды активтер бағанын құрастыруға мәжбүрлеңіз». «Несие» дей ме? Көбімізге таныс жағдай ғой. Тамыры қайда жатқанын ашқандай. «Қолдың кірі» деп, ақшаны жаман нәрсе ретінде көрсетеді. Нәтижесінде өскенде еңбегіміз үшін лайықты ақы сұрауға ұяламыз.

Базарға шыққанда кітаптарды қымбат алса да, өз бағасын сұрауға қысылып, екі, тіпті, үш есе арзан көрсетіп қойды. Біразын 10-20 таңгеге саудалады. Халық жабыдып алып жатыр. Арасында кеңес заманында шыққан сапалы безендірілген «Адам анатомиясының атласы» деген мықты еңбек болды. Бір кісі сол кітапты қолына алып қарап шықты да, әрі ойланып, бері ойланып, ештеңе демей кетіп қалды. Біраздан соң айналып келіп, әлгі еңбекті тағы бір мұқият қарай бастады. Сол кітапты ғана қымбатырақ бағалап, 100 теңгеге беруге дайын болғаны есінде. Бір кезде жаңағы кісі оған: «Бұл өте жақсы кітап, арзан сұрап тұрсың. Кітаптың қадірін бұлай кетіруге болмайды. Мен 100 теңге емес, 200 теңге берейін», - деді. Ол, әрине, қуана келісті. Уақыт өте келе сол кісінің сөздері қайта есіне түсіп, кітаптың қадірін одан жақсы түсінді.

Олжас Сүлейменовтің (Олжас сүлейменовпен алғаш рет 2019 жылы бір шарада кездесті. Сол жерде сөз сөйлейтінін алдын ала білген ол өзімен бірге студенттік шақта іздеп жүріп сатып алған ақынның аңызға айналған кітабының алғашқы басылымын ала барды. Шара соңында қол қойдырып алды. 1975 жылы басылған еңбегін көргенде ақынның жүзі жылыды. Кім білсін, сол кезде оттай жанып, алпауыт империяны шулатқан жастық шағын еске алған да болар?) «Аз и Я» кітабы шыққанда, Мәскеудің сұрапыл саясатының кесірінен ол көпшілікке жол тарта алмай, адамдар кітапты алу үшін астындағы көлігін де берген жағдайлар болғанын атасы айтып отыратын еді. Олжас аға ертеректегі сұхбатында ресми бағасы 74 тиын тұратын кітаптың бір данасына 1000 сомға дейін (!) ұсынғанын айтты. Иә, әрбір кітап өз қадірімен құнды.  

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 3 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: