| 10/02/2026, 09:17 | |
ОҚЫРМАННЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ Бір нәрсеге ғана өкінеді Бастауыш сыныпта жетекші ұстазы: «Келесі күні 20 килограмм макулатура алып келіңдер», - деп міндет қойды. Бұл тапсырма, шамасы, сол кезде жоғары жақтан келген болар. Бұл екінші не үшінші сыныпта болған әңгіме. Кеңес заманында қалыптасқан әдеттер мен тәртіптен әлі арыла қоймаған кезең ғой. Ол, негізінде, кез келген тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен қарайды. Бірақ осы жолы мұғалімнің тапсырмасына салғырт қарағаны әлдеқайда дұрыс болған болар еді. Үйге келіп, атасы мен әжесіне осы туралы айтты. Бала болған соң көңілін қиғысы келмегендіктен болар, үйдің кітапханасының бір бөлігін құрбан етіп, 20 килограмм кітапты буып-түйіп берді. Таразыға салып өлшегені есінде. Содан атасы туысқандары ма, әлде көршісі ме, қазір есінде жоқ, бір кісіге көмектесуді өтініп, ертесіне сол кісі әлгі кітаптарды жеткізіп берді. Мектепке дейін жаяу жүрсең, жарты сағаттық жол. Сыныпта отыз шақты бала болса, апайдың тапсырмасын бұлжытпай орындаған тек ол болды. Бір сыныптасы екі-үш кітап алып келіпті. Болды. Апарған кітаптарын әлі күнге дейін макулатура деп айтуға тілі бармайды. Еске алса, іші күйеді. Балалық қой. Қазір апарғанына қатты өкінеді, ішінде қандай құнды кітаптар болғанын бір Құдай біледі. Бүгін қалай екенін білмейді, бірақ сол жылдары мектепте жасыңа қарамай этикаға жат міндеттер жүктей беретін. Кеңес заманында макулатура өткізгендерге сирек кітапты алуға мүмкіндік беретін талон сыйлайды екен. Ал тапсырманы орындаған екеуіне бір мақтау сөз де айтылмады. Басында: «Кімде-кім тапсырманы орындамаса, жақсы баға аламын деп үміттенбесін», - деп қорқытты (бізде тәрбие және ынталандыру тек қорқытуға ғана негізделген бе дейсің кейде), бірақ ол да бос сөз болып шықты. Сол оқиғадан кейін кітапқа қиянат жасамады. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 9 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
