| 13/01/2026, 08:56 | |
ОҚЫРМАННЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ Қаражаты болмай, кітапты дүкендерде тұрып оқитын Мектепті алтынға бітіргенімен, алтыншы сыныпқа дейін бағдарлама аясындағы оқулықтардан басқа кітаптарды көп оқымаған екен. Оның ішінде «Дорогами сказок» (Біраз жылдан кейін 1987 жылы Ташкентте жарық көрген бұл кітаптың бір данасын ол Ресейдің Кемерово облысынан тауып алды. Оның иесі жинақты бір сайтқа салып, біздің ақшамен 6000 теңгеге сатып жатыр екен. Жеткізу құнымен 6500 теңгеге шықты. Қыздарына жекелеген ертегілерді оқып берді. Бірақ қайта оқып отырғанда балалық шақтағыдай әсер бермеді. Бірқатар ертегіде бала кезінде байқамаған кеңесшіл пропаганданың иісін де сезді. Кейбір кітаптар қайта ашылмай, жақсы естелік болып қалғаны әлдеқайда дұрыс екенін түсінді) және «Әлем халықтарының ертегілері» жинақтары, сосын Корней Чуковскийдің «От двух до пяти» кітабы мен «Шаңырақ» отбасы энциклопедиялары бар. 1999 жылы алтыншы сыныпқа барды. Міне, осы кезден бастап кітап оқуға деген ерекше бір құмарлық оянды. Яғни, содан бері оның ең жақын досы кітап болып келеді. тіпті достарының ешқайсысымен де осынша ұзақ араласпаған екен. Райхан тәтесінің күйеуі, оның жездесі, көп кітап оқитын кісі. Ол бесінші сыныпты аяқтап жатқанда, тәтесі Берік ағаның кітап таңдамай, қолына не түссе соны оқи беретінін айтып қалды. Бұл оған қызық көрінді. Бала еліктегіш келеді емес пе, осыдан бастап ол да қолына түскен кітаптарды оқи бастады. Сол кезде мектеп кітапханасында кеңестік кезеңде шыққан кітаптар басым болды. Балаларға арналған кеңестік тарихи энциклопедияларды оқыды. Бұл кезде ғылым таптар күресі тұрғысынан жазылды ғой. Ол кітапхананы түгел қарап болған соң, кітаптарды басқа жерлерден іздей бастады. Әуежайдың мәдениет үйінің кітапханасына барып жүретін. Ол жер оған ұнайтын, жазда іші салқын, есесіне, адамдар көп кегендіктен тыныш еді. Ежелгі дүниедегі кітапханалардың кіреберісінде «hic mortul vivunt, hic muti loquuntur» (Латын мақалы, қазақшаға аударғанда «бұл жерді өлілер мекендейді, бұл жерде мылқаулар сөйлейді» деген мағына береді) деген жазу болған екен. Олар ол барып жүрген кітапханаға ұқсайтын шығар деп ойлайтын. Кітапханаға жаяу баратын, оны отбасы білмейтін еді. Мәдениет үйі әуежайға барар жолда орналасқан. Оған тағы бір ұнайтыны – оның жанында бір шағын кітап дүкені болатын. Сол дүкеннің алдында орыс әжейлер жерге газет төсеп, бетіне ескі кітаптарын жайып сатып отыратын. Олардан роберт льюис Стивенсонның «Қазына аралы», Даниель Дефоның «Робинзон крузо», Джонатан Свифттің «Гулливердің саяхаты» сияқты шытырман оқиғалы романдарын орташа есеппен 20-25 теңгеге сатып алатын. Дүкендегі кітаптарды сатып алуға қаражаты болмайтын. Сондықтан сол дүкеннің ішінде-ақ оқып алатын. Бір танысы да кезінде ақшасы болмағандықтан бизнеске байланысты кітаптарды Алматыдағы «Меломан» кітап дүкенінің ішінде жүріп оқығанын айтып еді. Иә, қазіргі кітап дүкендері басқаша. Кең, жарық, кітап оқып отыруға арналған жұмсақ орындықтары да бар. ішінде еркін аралап жүре бересің. Сондықтан кітап сатып алуға қаражаты болмай, дүкеннің ішінде жүріп оқуды, қазіргі тілмен айтқанда, бұл мейнстримге айналғанға дейін бастаған. Ол кезде оқушы еді. Орыс әжейлерден сатып алған, кітапханалардан алып келген кітаптарын түн ортасына дейін оқитын еді. Әрине, атасы денсаулығын ойлап ерте жатып, келесі күні сабағына шаршамай барғанын қалайтын. Ол ұйықтап қалғандай болып, атасының көзі ілінді-ау деген кезде ақырын басып көрші бөлмеге баратын да, жарықтың сәулесі есіктің сыртынан көрінбесін деп оны көрпемен іштен қымтап, түнгі сағат үш-төртке дейін кітаптың қызығына еніп, шытырман оқиғалы әлемдерге сапар шегетін. Әр нәрсенің өз есебі бар. көзінің көруі сол кезде нашарлай бастады. Көзілдірік киді. Бірақ бұл үшін еш уайымдамайды. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 10 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
