Кітап үзіндісі
10/12/2024, 10:15

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Надан адам – жарым адам. Елдің анасы – әйел. Жарым әйел бүтін адам жасай алмайды. Елді қатарға кіргізетін білімді, өнерлі, еркін әйел.

Нәзипа Құлжанова шығармалары

 

Көп жылдар өтсе де, мен сол бір күндерге қайта-қайта орала беремін. Қазақта «өткен күнде белгі бар» деген. Ол күндер қалай өтті, кіммен өтті – әңгіме сонда ғой. Із қалмаған өмірден тұл өмір болар ма? Оны өмір деудің өзі де қиын шығар. Елдің бәрі бірдей космонавт бола бермейді. Үлкен ғалымдықты да екінің біріне жазбаған. Батырлық та баршаның үлесі емес. Із осылардан ғана қалады деп түсіну қате сияқты. Жай ғана қарапайым еңбектің, жүректен кетпейтін іздері болады. Соның соңына түсіп, ізгі ықпалдарын іздестіре, жинастыра білеміз бе? 

Орынша Қарабалина «Ұстаз бақыты»

 

– Әр адамның болашағын өткені қалыптастырады. Өмір де құрақ көрпе секілді, өзіңнің қайғың мен қуанышыңды үйлесімді етіп, құрастыруың керек.

Аягүл Мантай «Уақыттың көз жасы»

 

Миллиондаған, миллиардтаған жылдармен өлшенетін космостық дәуірдің бір тұсында жарқыраған күннің де әйтеуір бір сөнетінін, адамзат ғұмырының да мәңгі емес екенін ақылмен түсінуге болатын секілді. Бірақ бүгінгі бүкіл жүйке-тамырыңмен сезіп тұрған анық тіршілік, рухани әлем: адам баласының жарық дүниеге келгеннен бергі бастан кешкен тарихы, қызығы мен қасіреті, үміті мен өкініші, сан мың жылдар бойына сананы сарғайтып келген парасат биігі – рақымшылдық, жанашырлық, аяушылық, жақсы көрушілік, ізгілік жолындағы жанпидашылдық тағы басқа тіршіліктің мәніне айналған әулие қасиеттер – осының бәрі мәңгілік түнекке сіңіп жоқ болады дегенге көңіл шіркін көнгісі келмейді.

Төлен Әбдікұлы «Парасат майданы»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 11 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: