05/11/2024, 10:35 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Өмір деген мұғалімдер айтқандай болмайды екен дейсіз. Болдыра алмай жүрген – өздеріңіз. Мінезге де тәрбие керек. Әріптессіз ғой, ашық айтайықшы, балалардан көп нәрсені талап етеміз. Сол талапты өзімізге неге қоймаймыз? Менің пікірімше, ұстаз үйретуші ғана емес, үйренуші де. Біз де ғұмыр бойы үйреніп өтуіміз керек. Соның ішінде балалардан да үйренетін жай бар. Орынша Қарабалина «Ұстаз бақыты»
– Өмірін жоспар мен кестелерге «сыйғызып», сызып қойған шеңбермен жүретін адамдар, «бәріне уақытында үлгеруім керек» деп жанталасатын адамдар – ерте үйленіп, ерте тұрмыс құрады. – Сіз ондай типтегі адамдарды жек көресіз бе? – деді ол ерні білінер-білінбес дірілдеп. – Олар «өмірде бәріне жеттім» деп ойлайды. Шын мәнінде, олар ештеңеге жетпейді. Себебі, олар өздерін Құдайға жеткізетін адами құндылықтарды таптап кетеді. Уақыт өте келе сол сезімдермен бірге өздерінің де көміліп кеткенін байқайды. Тірі: тамақ ішеді, жейді, ойнайды, күледі, материалдық дүниесі жетеді, бірақ рухани мүгедек. Қоғам түгілі, өзіне де жақсылық жасай алмайды. Аягүл Мантай «Уақыттың көз жасы»
Адамдардың күнәсіне адам төреші бола алмайды. Өйткені күнәсіз пенде жоқ. Шерхан Мұртаза «Қызыл жебе»
Бір жайтты талассыз мойындауға тиіспіз. Өмір – күрес мектебі. Оған көрген түстей жеңіл қарауға болмас. Өмір жайлы ойлағанда түске енетін «ертегіні» қоспа. Тіршіліктен бақыт пен шаттық қана күту дұрыс емес. Келешек бір ғана «қара түн» деп те түңілме. Өмірді қарапайым қалпында қабылдау шарт: Айталық, жарқын болашақ үшін күрес деп ұғын. Бұл жолда «өрлеу» мен «құлдилау» да қат-қабат кездеседі. Өзіңе мынадай сұрау қой: «Өмір ұсынар түрлі қиындық пен шырғалаңды бірге кешуге әзірмін бе?» деп ойланып көр. Менің тұлғамды жеткілікті білесің: Мен – қазақпын. Жаратылысым да, жаным да – қазақ. Болашағымды Қазақстанда өткізбекпін: Бұл жолда Айға қол созған арманға беріліп, асқақтаудан адамын. Сөзсіз кездесер қиындықтан да алабөтен безінгім келмейді. Жан тыныштығын да шат-шадыман тұрмыстан гөрі рухани күрес жолында өткізгенді жөн көремін. Сол үшін тіршіліктің жайлы күйтінен бас тартып, Қазақстан қиырында кезбе болып, өмір бақи кен іздеуге де әзірмін. Санжар Керімбай, Айбек Нәби «Қаныш және ғылыми майдан»
Шыным сол, кім болса, ол болсын, біреудің қабағынан кірбің байқасам, соған да тап өзім кінәлідей мазам қашып сала береді. Үлкеннің де, кішінің де, әсіресе балалардың қабақ шытқанына шыдас бере алмастан, шарқ ұратын жұқана жүрек менде еді. Мархабат Байғұт «Әдебиет пәнінің періштесі»
Мұғалімдікке жалақы алу үшін, күн көру үшін барғаннан асқан сор жоқ. Ол балалардың соры, ұрпақтың соры. Шаруашылықта, саясатта, тіпті соғыста жіберген қатені түзеуге болады. Ал тәрбиеде жіберген қатені түзеу қиын. Орынша Қарабалина «Ұстаз бақыты»
Мектептегі оқу-тәрбие жұмысы құлдырап кетсе, оның себептері аз болмауға тиіс.... соның ең басты себебі, мектептен еркектер кетіп, оқу-тәрбие жұмысының бірыңғай әйелдердің құзырында қалып қоюында. Кеңес заманында отбасының қожасына айналған ұрғашы жұрты әлі күнге дейін мектептің тізгінін де ешкімге бермей келеді. Мектепте ер мұғалімдердің болмауы — қыз балаларға ештеңе емес, ұлдардың соры. Мектепте ер мұғалім болмаса, болашақ азаматқа еркектің мінезін, өнеге-үлгісін, ойлау жүйесін кім дарытады? Жас жеткіншек кезінде үлкендерге ұқсағысы келіп тұратын ұл бала кімге еліктейді? Кімді пір тұтады? Бұл жағдай әкесі бар балаға да оңай емес, ал жалғыз басты жесір әйелдің қолында өскен ұлдардың күні не болады? Ондайлар ерлердің тәлім-тәрбиесінен мақрұм қалып, үйде де, түзде де әйел ақылынан әбден ығыр болуы да мүмкін ғой. Қ. Ж.
Қиялмен өмір сүретін адам мына өмірден алыстап кетеді. Өмірден алыстау – Құдайдан алыстауға апаратын қадам. Шынайы өмірдің ережелерімен ойнап жүріп (отбасын құру, бала сүю), өзіңді жоғалтпай, кемелдендіріп, Құдайды іздеу керек. Құдайды іздеу арқылы ғана баянсыз өмірден мән табуға болады. Рух тәнде ешқашан тыныштық тапқан емес. Аллаға құл болу арқылы ғана жан тыныштық табады. Жан тыныштығын табу – жылдардың, төзімділіктің, шыдамдылықтың жеңісі. Аягүл Мантай «Уақыттың көз жасы» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |