28/10/2024, 22:12 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
– Кім біледі? Кейде еске алғың да келмейтін кезің болады. – Мүмкін. Бірақ өткенді өшіріп тастай алмайсың. Мен оның қандай қиын шағы болса да, ерекше мұңлы сағынышпен есіме алам. Ол мен үшін не жылап, не қуанып қана өткізген жеке адамның жалаң өмірі ғана емес, оның мына тіршілік жайлы, оның адамға міндетті түрде көлденең тартуға тиіс боп көрінетін қыруар жақсылықтары мен ғажайып құбылыстары жайлы шексіз қиялдарының бір ғана тамшысындай үлесі деп ұғамын. Дулат Исабеков «Өкпек жолаушы»
...Жаңбыр әлі де сылбырай жауып тұр. Сүлік қара да сылбырай жүріп келеді. Тау басына тұман шөккен. Жер лайсаң. Жол бұралаң. Бұл жолда Бөкен адаспасын біледі. Жаңбыр соңында жадырап шығар күн бар, көзіңді ашып, көңіліңді жұбатар жарық бар. Жарық бар жерде ер жігіт жолдан жаңылар ма?.. Дидахмет Әшімхан «Он бірінші күз»
Құдай берген өмірге қанағаттанбауға біздің ешқандай қақымыз жоқ. Аягүл Мантай «Уақыттың көз жасы»
Адам туады. Арада әжік-күжік әуремен біраз дәурен кешеді. Адам өледі. Туу мен өлудің арасын өмір деп қойыпты. Өлім деген құдіреттің алдында адам: не көрдім, не білдім деп ойлануға шамасы келер болса, қандай қорытындыға келер еді? Бүкіл өмірің бір көрген түстей-ақ болып қысқармай ма? Кең дүние дегенің бір тарынын қауызындай ғана болып тарылмай ма? Ендеше, сол алдамшы ғұмыр дегеннің көбі не, азы не – бәрібір. Шерхан Мұртаза «Қызыл жебе»
Қайда өстің? Қай уақытта? Қайсы жазда? Кескен кім? Көгердің сен көп пе, аз ба? Жақынның яки жаттың қолыменен Салындың не себептен сен осында? Александр Пушкин (ауд. Міржақып Дулатов)
Жалғыздықты жақсы көресің бе? – деді сосын жағын таянып. – Жалғыз саяхаттайсың, жалғыз тамақ ішесің, дәрісханада жалғыз отырасың... – Жалғыздықты кім жақсы көрсін?! Кім көрінгенмен дос болғым келмейді, бары сол. Дос болсаң, ертең одан көңілің қалады. Харуки Мураками «Норвег орманы»
Негізгі мақсат – биік мораль мен биік парасат. Ал байлық – жаңағы мақсатқа жету жолындағы қажетті материалдық база. Төлен Әбдік «Өліара»
Әдетте біз табысты өмір деп санаған ғұмырымыз... бәлендей табысты емес. Көп жағдайда адамның бақытын бөгделердің жетістік туралы сандырақ пікіріне қарап бағалаймыз: олимпиада медалін алды, сәтті неке құрды, жалақысы жақсы дегендей. Осыны өлшем етіп алып, соған жетуге тырысамыз. Шын мәнінде табысты өлшеу мүмкін емес, ал өмір болса біреу жеңіп, біреу жеңілетін жарыс емес. Мұның бәрі... далбаса... Мәтт Хэйг «Түн ортасындағы кітапхана»
Үй тазалау көпшілік үшін біршама стресс. Осы тұрғыда айтарым, біз «тап-тұйнақтай үй», «мұнтаздай аула», «айнадай жарқыраған терезе» деген күнделікті тіркестерімізді ойдан шығарып тастауымыз қажет. Өзіңіз ойлаңызшы, қарбаласқа толы мына заманда ондай тазалықтың түкке де керегі жоқ. Бәріміз өлшеніп берілген ғұмырды сүреміз. Сол уақытты қазанның сыртын қырнаумен, еденді ысқылаумен өткізу кімге ұнайды? Лира Қоныс «Қазақша минимализм немесе үйде бәрі бар»
Әркімнің құдайы адамның басында. Ми миллиардтаған клеткадан тұрады. Солардың тым құрыса, мыңнан бірі жұмыс істесе, әрқайсың бас-басыңа пайғамбар болар едіңдер. Құдай бас болғанда, сол бас сорлатып, ми клеткаларын түгел оятпайды. Ми клеткаларымыз ұйқыдан түгел оянса, біз қазіргідей хайуанат қатарынан бір-ақ адым алда жүрмей, ғарышта, басқа планеталарда жүрер едік. Онда анау батыстағыдай жабайылар соғысы болмас еді. Соғыс салу, адамдардың бірін-бірі өлтіруі, қан төгуі – сол жабайылықтан. Неге жабайы? Өйткені адам миының клеткалары түгел жұмыс істемейді. Сендер де оятпайсыңдар миларыңның клеткаларын! Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша»
Білімді, зиялы, көп оқыған дейміз ғой. Қанша оқығаны, қайда оқығаны емес, оның өзіңе де, өзгеге де пайдасы болмаса құны жоқ. Қарапайым дүниелерді игермеген адамды білерлігі жоқ екен дейді. Өмірде, қоғамда, ортада, қарым-қатынаста ұсақ-түйек жоқ. Мамандығыңызға, кәсібіңізге байланысты оқисыз гой. Қосымша, жанды көркемдейтін дүние де оқыған абзал. Ақылыңды, ойыңды ылғи «сау» ұстау мүмкін емес. Уақытында «емдеп» отырыңыз. Күнде бес-он минут күні бойы айтқан сөзіңізге, ісіңізге өз-өзіңізге есеп беріп, уақытында реттеп алыңыз. Қателік көбейіп кетсе қиындау. Адам өзін күнде «тәрбиелеп» отырса, іштегі рухыңыз қалыпты болады. Жаныңыз мазасызданбайды. Адамдық, отбасылық, қоғамдық, достық, туыстық қарым-қатынаста кәсіби біліміңіз емес, адамдық дүниетанымыңыз керек. Ғазиза Құдайбергенқызы «Кітапханашы күнделігі» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 19 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |