Кітап үзіндісі
22/10/2024, 11:17

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

– Мен де сені жақсы көрем, Чарли.

– Жақсы көрем дегенім бер жағы. Мен сені қатты жақсы көрем. Сені... қалай десем екен? Түу, сөзбен жеткізе алмаймын сезімімді!

Дэниел Киз «Алжернонға арналған гүл»

 

Көргeнің мeн көкeйдeгің хатқа түспeсe көң басып кeбініңмeн біргe кeтeді, ал жазылып қалса – жан азығы.

Иван Бунин «Арсеньевтің өмірі»

 

Қоғамда түрлі дүние боп жатады. Жата кеп барлығына пікір білдіру міндетті емес. Жапа-тармағай әркім ойын, пікірін жазып, келісіп-келіспей даурығады. Ол әлеуметтік желінің жазылмаған заңы іспетті. Көп жағдайда үнсіз қаламын. Қолымнан не келеді, қандай жақсы нығмет істей аламын деп ойланамын... Тәннің жарақатынан жанның жарақаты қиын. Емдеу, тазалау оңай емес. Сөз жақсы, бірақ жақсы сөз одан жақсы.

Ғазиза Құдайбергенқызы «Кітапханашы күнделігі»

 

– Қой, жылама. Қайғыны да, қуанышты да жыламай көтеру керек...

Дулат Исабеков «Сүйекші»

 

«Жазғыштар сенсіз де жетіп-артылып жатыр, сол көптің бірі болып қалмасыңа анық көзің жеткенде ғана жазғайсың», – дедіңіз сіз.

Мархабат Байғұт «Әдебиет пәнінің періштесі»

 

Өмір деген ну жыныс қалың тоғай. Бәз бірде сол жыныс тоғайдың ішіне енгендей боласың. Айналып адасасың. Ең қиыны – адамды танып алу. Көп кісінің бетіне қарап жыға тани алмайсың. Сырын білмейсің. Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал деген Абай ақын не деген данышпан деп ойлайсың.

 

Осы күні нешебір мәртебелі лауазымның бас айналғандай биігіне шығып алып, маңайына жан баласын жуытпай отырған әкімді, министрді көргенде – өзіңнің қалт-құлт етіп жер басып жүргеніңе қарадай қорланып пұшайман боласың. Әлгі биіктегі алпауытпен ұшырасып сөйлесе қалсаң – бала кешіп өтетін шалшық судай тап-тайыз пайымына көз жеткізіп, қарның ашып қалады. Осыған керісінше, қарапайым тіршілік күйттеп, маңдай терін күніге жүз сыпырып, белін бүгіп еңбек етіп жүрген бәзбіреумен тілдесе кетсең – хан қайырылып құлақ салғандай ақылды сөз айтады. Абыз ақынның сөзіне қарап кісіні ал деп тұрғаны, сірә, жабы аттай бейнет кешіп жүрсе-дағы ел ішінде – шашасына шаң жұқтырмас жүйріктердің бар екенін меңзегені-ау деп білесің.

Дүкенбай Досжан «Анасы жақсы адамдар»

 

— Жұмаққа барғанда адамның түрі бұрынғыдай болып қала ма?

— Білмеймін, олай деп ойламаймын.

— Онда олар бір-бірін қалай таниды?

— Білмеймін, балапан, — деді ол даусы шаршап шығып. — Жай ғана сезетін шығар. Жақсы көру үшін саған көздің керегі жоқ қой, солай ма? Ішіңнен ғана сезесің. Жұмақта бәрі дәл солай. Ол жерде тек махаббат бар, ал өзі жақсы көретін адамын ешкім ұмытпайды.

Ракель Паласио «Ғажайып»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 32 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: