Кітап үзіндісі
15/10/2024, 11:15

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

– Менің кешірген, кешірмегенім оған түкке де қажеті жоқ. Оны кешіру маған керек. Зұлымдықтан сақтану үшін ғана емес, сол зұлымдықты жасамау үшін де кектенбей, кешіре білуіміз керек. Тұлғалық қасиетіңді сақтап, өзіңді жоғалтпау үшін де кешіруді үйренуге тиіспіз. Әкенің кекшілдігі – ұл баланы әйелдерді қорлап, өш алуға итермелесе, шешенің кекшілдігі – қыз баланы еркектерге зұлым, арам деп қарауға үйретеді. Әйелін жек көретін еркектің, болмаса, күйеуін жек көретін әйелдің балалары психологиялық соққы алғандықтан, өмірге құштар болмайды, олар өмірді ешқашан сүймейді. Өздеріне қол жұмсап өлетін балалардың көпшілігі осындай отбасы құндылығы аяққа тапталған отбасынан шыққан. Ал мен ұлымның ұзақ өмір сүргенін армандаймын. Әйелім өз өмірін сүріп жатыр. Үйленер кезде болашақ жарымның табиғатын терең зерттемеген өзім кінәлімін, – деп, менімен қоштасып, баласымен кездесуге кетті.

Аягүл Мантай «Уақыттың көз жасы»

 

Көзімді жұмып, оқып шыққан кітабымды қолыма ұстағанда, оның хош иісі мұрныма келетін. Маған осыдан артық бақыттың керегі де жоқ еді.

Харуки Мураками «Норвег орманы»

 

– Мүмкін, бірін-бірі бұрыннан сырттай білетін шығар. Суының ащы, не тұщы екенін анықтау үшін көлді түгел тауысып ішу қажет пе? Бір татқаннан белгілі. Адам жөнінде де солай, меніңше. Бір қарағаннан аңғарасың.

– Адам көл емес, бала. Есіңде болсын, кісінің сырты мен іші бірдей бола бермейді.

Төлепберген Тобағабылов «Түсінсең еді мені»

 

Шын мәніндегі әйел болу – үлкен өнер. Өнер ғана емес, жай көзге, жай талғамға шегі-шеті көріне бермес ғылым. Өзің ғашық болған, сенім артқан еркектің қайғы-қуанышын, жеңілісін, жеңісін, маңдайдағы бағы мен сорын бөлісуден бөлек те әр әйелдің жеке – жетінші түйсігімен сезінетін міндеттері бар. Ол қандай міндет? Сүйе білу бар да, сүйдіре білу бар. Сыйлай білу бар да, сыйлата білу бар...

Әйел боп жаратылдың екен – тағдырыңа алғыс айт. Сен еркектен нәзіктігіңмен, биязылығыңмен, мейірімділігіңмен, сезімталдығыңмен, кешірімділігіңмен, тіпті оған қарағанда, әлдеқайда әлсіздігіңмен ерекшеленесің. Әрі бұл кемшілігің емес, жетістігің боп есептеледі. Еркек қауымы әйелді қолдап, қорғауды өзіне жазылмаған, бірақ орындауға тиісті заң ретінде қабылдайды...

Өзіңе ғашық адамның ықыласын, құрметін, сағынышын төмендетпей ұстап тұруың үшін ылғи да ізденіс үстінде жүруің қажет... Яғни шын мәніндегі әйел дәрежесіне көтерілу – айтуға ғана оңай, әйтпесе азапты шаруа.  Бірақ сол азапты ізденістен ғана бақытқа бастар жол шығуы мүмкін. Өйткені әрбір іс-әрекетіңнің жаңғырығы бар. Әйтпесе қыздың киімін киіп, сырғасын тағып, түрлі әшекейін тағынып, терең тамырлы тіршіліктің мән-мазмұнына, ең әрісі қарапайым әйел табиғатының кейбір көзге ұрып тұрар ерекшеліктеріне бас ауыртқысы келмейтіндер аз ба? Тіпті балалы-шағалы болуға да пәлендей ақыл керек емес. Өзінен гөрі өзгені кінәлауға бейім тұратындар, әдетте, осы тектес төмен етектілердің ішінен шығады.

Мұхтар Шаханов «Құз басындағы аңшының зары»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: