23/09/2024, 11:37 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Сарша тамыздың соңғы күнінде Есіркеп көкемнің қызы Бұрымның өлімі туралы қаралы хабар жетті. Түнде ұйықтағаннан қайтып оянбапты. Зиратқа барғанымызда Бұрымның топырағы кеппеген қабірден қып-қызыл әдемі гүлді жұлып алғаны есіме түсті. – Мұндай иісі жұпар шашқан гүлді бірінші рет көріп тұрмын. Не деген әдемі гүл! – деп құшырлана иіскеген. Сол бір жұпар иісі аңқыған әдемі гүлді кейін еш жерден кездестірмедім. Сонда ол: – Бұл гүлді саған сыйлар едім, бірақ қимай тұрғаным, – деп әдемі күлімсіреп еді. [...] Қайран, ерке Бұрым, сен маған сол күні гүлді емес, ажалды қимаған екенсің ғой. Аягүл Мантай «Уақыттың көз жасы»
– Жақсылық усыз, сосын ол кейде харакетсіз бейшараның қалпында қалады, ал жаманшылық улы, сосын да түймедей қарақұрт таудай түйені құлатады. Ұзақбай Доспанбет «Қызыл жолбарыс»
Атышулы ...ологтар қызметін қомақты ақшаға бағалап, адамдар сол курстарды бірінен соң бірін сатып алып, кеңірдегінен келсе де «болдым, тойдым» деместен, коучтан коучқа қоймай жазылып, өздерін терең зерттеуге кірісіп кеткен. Жадыра Шамұратова «Сандық»
− Әйел баласы шашын беталды тастамас болар, – деді Айша. – Тарақтан түскен шаш әлдеқалай отқа күйсе, о дүниеде балалары шырылдайды дейді. Анасының шашының отқа күйген иісін танып қояды екен де: «Анамыз тозақ отына түсіп кетті-ау!» – деп шыр айналып шырылдайды екен. Тозақ отынан анасын құтқарып алмақ болып, өздері де сол тамұқ өртіне түсіп кете жаздайды екен. Әне, сондықтан шашты көміп таста. Далаға тастасақ, жел ұшырып немесе құс ұя салып, әйтеуір, бір себептен отқа күйсе, о дүниелік нәрестенің обалына қаласың. Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша»
– Білесің бе, мен сені өте жақсы көремін. Бар жаныммен, тәніммен жақсы көремін. Сол үшін саған осы әлемнің ең асыл, ең таза, ең тамаша, бір ғажайып затын сыйлағым келеді. Бірақ ондай нәрсені таба алмайтын секілдімін, ондай нәрсе жер бетінде жоқ сияқты. Сондықтан мен барлық жұртқа әйгілі, барлық жұрттың меншігіне айналған сыйлық ұсынғым келеді. Ол – ән. Ол – «Жеңеше» деген халық әні... Дулат Исабеков «Гауһар тас»
Пейіліңізді дұрыстамай, перизатыңыз жолықпайды. Ерлан Әбдірұлы «Идеал жігіт»
Құдайдың өзі кешірім сұрасақ, күнәмізді кешіреді, ет пен сүйектен жаралған өзіміз секілді пенденің қателігін біз неге кешіре алмаймыз?.. Аягүл Мантай «Уақыттың көз жасы»
– Өмірге шоколад қорабы деп қарасаңшы. Қайта-қайта бас изедім де, Мидоридің жүзіне үңілдім. – Басым дұрыс жұмыс істемейтін болар, сірә. Кейде сенің айтқаныңды мүлде ұқпай қаламын. – Өзің де білесің, шоколад қорабында сенің жақсы көретіндерің де, аса ұнатпайтындарың да бар. Алдымен өзіңе ұнайтын шоколадты жеп аласың, әлбетте. Ұнамайтыны қалады. Жаным қиналғанда үнемі осыны ойлаймын. Қазір жаманын жеп тауыссаң, кейін міндетті түрде жақсысы келеді. Өмір де тап сол сияқты. – Мынауың тұнып тұрған философия ғой. – Бұл – шындық. Басымнан өткен соң айтам да. Харуки Мураками «Норвег орманы»
«Айналайындар, тым ақкөңіл, аңғал, сенгіш, иланғыш бола бермесеңдерші», - дейтінсіздер сіздер. Ал, өздеріңіз тым-тым ақеділ де ақкөңіл, шектен тыс сенгіш, иланғыш едіңіздер. «Айналып кетейіндер, айналадағы, жердің жүзіндегі адамдардың бәрі қайырымды, мейірбан, жамандық жасамайды деп ойламаңдар», – дейтінсіздер сіздер. Шынтуайтқа келгенде, екеуіңіз де жекелеген адамдар түгілім жер бетіндегі адамзат түп-түгел жап-жақсы, қайырымды, мейірбан, жамандық жасамайды дейтін пейілмен өмір кешетінсіздер. Біз сіздерге тартпағанда, кімге тартар едік сонда? Біз сіздерден үйренбегенде, кімнен үйренеміз сонда? Мархабат Байғұт «Әдебиет пәнінің періштесі» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 13 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |