Кітап үзіндісі
20/05/2024, 10:10

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Осы бір әйелдердің өткенді ұмытпайтын қасиеті-ай, сұмдық пәлекет дүние! Әр үтір-нүктесіне дейін сақтайды! Адам өмірін сүрген сайын бойына оның түрлі қырларын сіңіреді, бірақ оның қалай, қашан болғаны жөнінде айта беру деген ең жалықтырар, түкке тұрмайтын дүние емес пе.

Оскар Уайльд «Дориан Грейдің портреті»

 

Тағы бір нәрсе айтайын, былай да ұрсыспаған жақсы ғой, десе де балалардың көзінше анасына ұрса көрме. Беделін түсіресің. Сөзін тыңдамайды. Анасының сөзін тыңдамаса, өзің араласуға тура келеді. Ол деген асқар тауыңыздан төмендеп келіп балалармен тәжікелесу деңгейіне түсу деген сөз. Ана деген балаға әкені құпия көрсетіп тұрған қақпа ғой, ол қақпаны өзің сындырсаң «шабуыл» сізге төтесінен басталады. Андағайлап келген ашу құпия құрметтің тас-талқанын шығарады. Одан кейін баланың сізді сыйлауы қиындау. Қорқатын шығар, бірақ сыйламайды. Бір нәрсе есіңде болсын! Отбасында әкенің беделі қалпына келмей, бала тәрбиесі түзелмейді» деді жазушы апай. Ойланып қалдым...

Ұларбек Нұрғалымұлы «Дайағашшы»

 

– Бүгін бар, ертең жоқ. Мәңгі жасайтындай алысасың. Жұлысасың, тартысасың, қуанасың, күлесің, ұрсысасың, енді бір ұмтылғаң, ұшпаққа жетіп қалатындай, торғайдай шырылдап от пен суға түсесің. Сөйтесің де... Әні, із-түзсіз ғайып боласың. Енді бір он-он шақты жылда сені білетін, сені көрген он шақты адам да өте шығады. Сонан соң қалдың... Молаң да қараусыз қалады. Ол кімге керек?.. Не үшін келдің, не үшін кеттің, не бітіріп кеттің? Тұңғиық...

Дулат Исабеков «Өкпек жолаушы»

 

Мал, дәулет – ғылыммен табылады. Балаларыңа жақсы өнеге беріп, ғылым, өнер үйретсең, бұлар сізге бек разы болар һәм ол дүниеде де сіздерді Алла тағала жарылқар. Кім-кімге болса да балаларына тәрбие беріп, бұларды оқуға бермек – сын.

Серік Жолдасбай, Еркін Ерланұлы «Алаш айтқан асыл сөз»

 

Эстетика - келешектің этикасы. Эстетикалық биік талғамы болу, сұлулықты түсіне, әрі бағалай білу және сол сұлулықты жасай білу деген сөз, осының бәрі жинақталып келгенде сұлулық, әдептілік сапасын көтереді. Тек сондай адам ғана қоғам мен келешек ұрпақ алдындағы өз борышын өтей алады.

Айнұр Шамшейтова "Тағдыр сыйы"

 

Әркім өз басына қиындық туғанда басқаның басындағы қиындықты қаперіне алып, тереңірек түсініп санадан өткізуі өмірдің жарлықсыз жазылған заңдылығы сияқты...

Несіп Қалымбетова «Тағдыр мен тағылым»

 

Иә, адам баласы барған сайын, төрт құбыласы теңелген сайын ескі өмірді, баяғы арбамен қоян қуған заманың сағынар. Бәлкім, табиғатқа қайтадан жақындау дегеніміз осы шығар... Осы шығар...

Оралхан Бөкей «Өліара»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 37 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: