13/05/2024, 23:00 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Өмірдің өзі көбінесе майда тіршіліктерден құралады, тұрады емес пе? Майда болғанымен кейбір кездерде шешуші рөл, маңызды іске айналып кетуі ықтимал. Ұлғайып, істің теріс бағытқа, жағымсыз нәтижеге айналмауын, насырға шаппауын қадағалау үшін де ақыл-парасат, ой-сана қажет-ақ. Несіп Қалымбетова «Тағдыр мен тағылым»
Баланың жас күнінде сүйкімді болып, атыңа кір келтірмей, ер жеткен соң көзге шыққан сүйелдей көрінуі өміріңді өксітеді-ақ! Сүлеймен Мәмет «Көңіл көзі» (Қамшының сабы немесе айқаспаған кірпік)
Тахауи Ахтановтың өмірі өзінің ең сүбелі шығармаларының бірі – «Боран» романының күрделі сюжеті секілді. Бұл кісі ылғи бораннан шығып, боранға ұрынып отырған. Отызыншы жылдардағы аштық зұлматы боран ба? Боран. Жеңген. Аман қалған. Сұрапыл соғыс боран ба? Боран. Жеңген. Аман қалған. Елуінші жылдардағы қайтара қудалау, боран ба? Боран. Жеңген, аман қалған. Тоқырау жылдарындағы тымырсық саясат боран ба? Боран. Жеңген. Аман қалған. Өтеген Оралбай «Серпер сезім»
Махаббатты өзенге емес, көлге емес, тек қана теңізге теңестіруге болады. Теңіз сияқты мұның да бетінде тулаған толқындар жүреді, түбінде ғажайып сырлы тереңдік жатады. Адамның жыныстық соқыр сезімінен туған сусыма жүйрік тілек толқынға ұқсаса, шын санадан шыққан жан тебірентер жақсы мұрат, асыл арман тізбегі махаббаттың тереңдігін танытады. «Бір көргеннен ғашық болу» деген сөз де сол «толқын» іспеттес, ол тән құмарлығынан туған, жалт етпе сезім ғана. Алғашқы лап еткен сәтте оның күшті боп көрінуі де ықтимал. Бірақ бұған қарап алданып қалуға болмайды. Тән құмарлығы алдамшы, өткінші, тұрақсыз сезім. Онда шынайы махаббатқа лайық тереңдік жоқ. «Бір көргеннен ғашық болдым» дегеннің өзі-ақ ол сезімнің таяздығын танытады, көре сала соны құшуға құмартқан жүгенсіз, ұшқыр тілекті көрсетеді. Теңізді бірінші рет көрген адам оның суының ашы немесе тұщы екенін, астында не барын бірден білмейді. Мұны теңізге түсіп көріп, түбіне талай сүңгіген адам ғана айта алады. Сол сиякты бір көргеннен адамның бойындағы барлық адамгершілік қасиетін аңғаруға болмайды. Оны анықтамаған сон ғашық болу да мүмкін емес. Ендеше «Сізді бір көргеннен ғашык болдым» деген сөзге сенудің орны жоқ. Олай деп оңай олжа» тапқысы келген қу жігіттер мен шын сезімнен хабары жоқ, жасөспірім, бейкүнә қыздар ғана айтуы ықтимал. Әзілхан Нұршайықов «Махаббат қызық мол жылдар»
Қазақ: «Балығы жоқ көл қадірсіз, шөбі жоқ жер қадірсіз, ұяты жоқ қыз қадірсіз, жігері жоқ жігіт қадірсіз», — дейді. Тұрақсыз болу да адамның жігерсіздігінен, табансыздығынан. Сондықтан адам ең алдымен табандылықты арман етуі керек. Сонда сенің махаббатыңды да еш дүлей күш жеңе алмайды. Арамдық та, зұлымдық та. Қыз ұятын сақтаса, жігіт бір мінезділігін сақтауы махаббаттың тазалығына керек қасиет. Сөйтсең ғана махаббат та адал сақталады. Тек сол бір мінезділікке екінің бірінің күші жетер ме? Ілияс Есенберлин «Ойлар, баяндамалар, күнделіктер, хаттар»
Ұлы жаратушы адамдарды өмірінде үш рет сынайды екен. Соған орай сынақтың шарттары да әр түрлі жағдайға сай болады. Негізінен әділдік, тазалыққа бағышталады. Одан дұрыс өтсең қорғаушың - періштең болады. Өте алмасаң... онда сезімің қор, еңбегің сор, сокырдың кебін киіп, айналанды сипалап, айналшық күн кешесің. Көп тобырдан, қорадағы хайуаннан айырмаң жоқ. Иә, солай! «Айт!» десе үріп, «шайт» десе жусап, қарын тойса қалғисың дегендей... Әміржан Әлпейісов «Қашқын суыр» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 33 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |