Кітап үзіндісі
29/04/2024, 22:41

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Жақсы болсын, жаман болсын әркімнің өз діні болады. Мәселен бір кісі дұрыс сөйлеуді өзіне әдет қылған, дүниедегі барлық нәрселерді өз қалпында көрсете білген. Бұл кісі осы қасиет-мінезді өзіне дін етіп тұтқан. Бұл сенімі оны жалған айтудан тиып, әр нәрседен сақтайды.

Серік Жолдасбай, Еркін Ерланұлы «Алаш айтқан асыл сөз»

 

Адам құлшылықты қылған соң оны қорғауы керек қой. Оқыдым – бітті екен деме.

Ұларбек Нұрғалымұлы «Дайағашшы»

 

– Бір жұлдыз сорғалап түсті, – деді аспаннан көз алмай тұрған Әжігерей.

– Жұлдыз ағып түскенде бір адам өледі дейді ғой, – деді Ырысқали.

– Тек біздің әке-шешеміз өле көрмесін, – деді Амантай.

Таласбек Әсемқұлов «Талтүс»

 

Біздің көп-көп кінәміз түнде жасалады, сол түнде қайта кешіріледі.

Оралхан Бөкей «Өліара»

 

Ойнап жүрсең де, ойлап жүргін. Қайда болсаң да өзіңде жауапкершіліктің жүгі, адамдықтың парызы мен қарызы бар екенін ұмытпа!

Әкім Ысқақ «Жүректегі жазулар»

 

Жазып шығарасың, қалқам. Бірақ арманға жету — атқа секіріп міну емес. Оған сенің дарының да, жалықпай жұмыс істеуің де жеткіліксіз. Жазушы боламын деген адам ең алдымен өзінің тақырыбын табуы керек. Бұл жағынан олар археологке ұқсайды. Өткен дәуірлердің ең болмаса бір жұмбағын ашамын деп археолог қаншама жыл ізденеді. Қаншама қорғандарды қазады. Ескі мұраларды топырақтан тазартады, тозып қалған суреттердің көне бояуларын жаңартады. Бірақ табылғанның бәрі сап алтын емес қой. Өткен дүниенің керегі де, керек емесі де бар. Сол керек еместерді ғана тауып, бар өмірін сарп еткен талай ұлы ақыл иесі, дарынды археологтарды көрдім. Жазушы да сондай. Қанша талантты болмасын, егер тақырыбын таба алмаса, ол өзінің дарынын дамыта алмайды, халқының мүддесінен шыға алмайды. Қаламынан күміс маржан сөз төккенмен, ондай жазушыны тарих та, халық та жадында ұзақ сақтамайды. Өткен көне кезді білу — бұ да керек. Олардың өмірін, таптық таласын, тартысын, қоғамдық өсуін, өрбуін, өшуін, қатесін, табысын, мәдениетін, көркемөнерін, адамдарының мінез-құлқын ашу бұ да бір ғанибет іс. Бірақ бұның бәрі көркем әдебиеттен көрі, ғылыми зерттеушілердің дүниесі тәрізді. Ал саған сол дәуірдің өзінен де өз тақырыбыңды табу — жазушылық міндетің.

Ілияс Есенберлин «Ойлар, баяндамалар, күнделіктер, хаттар»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 33 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: