Кітап үзіндісі
01/04/2024, 10:20

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

– Қарындасым, аяп келем, жүзіңіз тым қасіретті екен. Оның қандай емі бар? Қолдан келсе…

– Менің қайғымның емі жоқ…

– Емі жоқ бір-ақ қайғы бар. Қайтып оралмас бақыт…

– Мен де сол бақытымды жоғалттым. Махаббатымнан айырылдым…

– Оны қайтаратын күш жоқ па?

– Күш жоғалғанды табуға ғана жетеді. Ал менің махаббатым… Жоқ, жоқ, ол енді маған мәңгі жоқ… Ол қаза болған махаббат…

– Жоғалғанды табатын күш, оны тірілте алмай ма?

– Жоқ. Қара тасқа жан беруге бола ма? Қаза болған махаббатымнан менің де жүрегім тас боп қатқан…

– Оныңыз бекер. Қара тасты да жібітетін күш бар.

– Ол қандай күш?

– Өмір.

Ілияс Есенберлин «Скифтер сағымы»

 

«Бұрынғы кезде шалдар күнім өтіп барады деп жылаушы еді, ендігі жас күнім өтпейді деп жылап жүр. Қарқынымыз қатты, қайда барар екенбіз?!». Ақсақалдарды тыңдай бергің келеді, бір-ақ олар осы күні аз сөйлеп, тақыстанып алған, кәрі қойдай тартқыншақ. Көңілі шаппаса, жаратпай кіржіңдейді-ай. Бұрынғыдай «Тәйт әрі, тек отыр» деп зекуге батылы бармайды. Осы күнгі шалдар біртүрлі қызық, әрі барған сайын жұмбақтанып, барған сайын, қазымырланып барады; барған сайын, азайып барады. Олар барған сайын, дүниені дүр сілкіндер әр жаңалықтан іштей сескеніп, бүгінім тынышты өтсе екен деп тілейді. Ие, олар көп дүние тілемейді де, тыныштық тілейді болғаны.

Оралхан Бөкей «Өліара»

 

— Еркектер! Әйелдеріңді қадірлеп, құрметтеңдер. Бұл қысқа ғұмырда саған тиетін мәңгілік бақыт, байлық, ұлылық — өз әйелің ғана! Одан айырылғанда кеудеңнен жаның шығып, салдырап қу сүйегің қалғандай күй кешесің!

— Әйелдер! Күйеулеріңді күтіңдер, аялап ардақтаңдар. Өмір деген өткінші дүниеде ерлі-зайыпты екі адамның татулығынан тәтті, достығынан күшті, махаббатынан биік ештеңе жоқ.

— Жастар! Қыздарды қадірлеп, құрметтеңдер: аялаңдар, ардақтаңдар, абыройын төкпеңдер. Өзің үшін жаралған "алтын балапанды" тауып, мәңгілік махаббатқа жетуге тырысыңдар.

Әзілхан Нұршайықов «Мәңгілік махаббат жыры»

 

Л.Толстойдың жазбаларында: «...Тән үшін сүрген өмірдің рахаты болмайды, тән үшін өмір сүру азап шектіреді. Рух үшін өмір сүрген өмір ғана рахатқа жеткізеді» деген сөздер бар.

Мырзагелді Кемел «Толстой тағылымы»

 

– Осы біз кімге бола қосылдық? Біреулерге киіт кигізіп, шапан жабу үшін бе, әлде адам сияқты тұрмыс кұру үшін бе?..

– Өйтіп ділмәрсыма...

– Соңынан екеуміз де бармағымызды тістеп жүрмейтін жағын неге ойламаймыз?

– Өз ақылың өзіңе!..

Өтебай Қанахин «Жер басып жүрсем»

 

Жан жарына адал болмаған адам қылған қызмет, істеген іс, атқарған жұмыс, арқалаған қоғамдық міндетіне де адал бола алмайды. Себебі саналы өмірдің бар қызығы махаббатқа тіреледі. Сондықтан да махаббатқа соқпай кететін сезім аз. Анаға сүйіспеншілік, жарға құштарлық, Отанға перзенттік, туған топыраққа борыштылық сезімдерінің бәрі махаббатқа байланысты. Адам бойындағы ең асыл қасиет адамгершілік сезімі де махаббатпен сабақтас. Өйткені махаббат қадірін білмейтін адамда адамгершілік сезімі болмайды, ал адамгершілігі жоқ кісінің жүрегін махаббат мекендемейді.

Әзілхан Нұршайықов «Махаббат қызық мол жылдар»

 

Көктемнің айдарлы жаршысы көкек те келіп жетеді топан су қайтар-қайтпастан. Ана жерден де, мына жерден де, ойдан да, қырдан да: «Кө-өкек! Көк шықты! Көк шықты! Кө-өкек!» — деп жер дүниеден шүйінші сұраған бейкүнә жарамазаншы құстың үні естілуі-ақ мұң екен, төңірек дем арасында көкке оранып, құлпырып сала береді. Соған қарағанда, аталарымыз көктемді көкек айы деп тегін атамаған ғой дейім.

Өтебай Қанахин «Жер басып жүрсем»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 36 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: