04/03/2024, 23:43 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
– Әже деймін, көктем қашан шығады? – Ертең шығады. – Ертең шықса, бүгін неге қар жауады? – Бұл «құс қанаты» ғой, қарағым. Қыс ызғары осымен бірге кетеді. Есіне енді түсті. Бұл — қыстың соңы «құс қанаты». Бұдан соң қар түспейді. Құйпалақтап қалың жауып тұр. Жаз биыл жайлы болатын түрі бар. Әбіш Кекілбаев «Құс қанаты»
Адам жүректен ары бара алмайды – қайғың осыны білгеннен. Мұрат жақын, қол созым жерде, бірақ бәрібір жете алмайсың. Махаббат үміттендіреді, бірақ арманыңа жеткізбейді. Ол үмітіңді ақтамайды – қайғың осыны білгеннен. Бала жасынан қуаныштан, бақыттан қорқатын, себебі бақыттан кейін, қуаныштан кейін келген қайғы екі есе ауыр. Ол қасіретке ғана сенетін. Қасірет – кемеңгер. Қасірет ешқашан алдамайтын адал, себебі ол қашанда жаныңнан табылады. Таласбек Әсемқұлов «Талтүс»
Көктем келсін, келмесін бәрібір ғой, Өз ішіңде қар жауып жатқаннан соң… Дәулет Жадырасын
Жаман әдеттен құтылуға, жақсы әдетті табуға құнт етсе шара бар. Ол шара — табандылық, қажыр. Жаңа əдет қонуға не жәрдем беретін болса, соны пайдаланыңыз. Жаңа жолға түсіретін жағдайдан шықпаңыз. Серік Жолдасбай, Еркін Ерланұлы «Алаш айтқан асыл сөз»
Егер мынау жарық жалғанда бақыт деген бар болса, оны тек осы қазір, дәл осы басыңнан кешіріп отырған азғантай тіршілігіңде ғана көресің; әйтпесе, өткен бақытқа өксіп, келешек бақытқа емешегіңді үзіп құр бекерге әуре болмасаң да болады. Шыңғыс Айтматов «Ерте келген тырналар»
Көңіліңе кішкентай қайғының көлеңкесі түссе, қамықсаң, өкініштің үстінде болсаң, ойыңа барлық өзің сезетін жетіспей тұрған нәрсеңнің барлығы түсетіні бар емес пе...Қуанышты болсаң, еш нәрсені елемей жүре бересің ғой... Кішкентай қамықсаң болғаны, барлығы жетіп келеді. Саттар Ерубаев «Менің құрдастырым» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 42 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |