Кітап үзіндісі
26/02/2024, 08:32

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Білім деген – гауһар тас, бағасы жоқ, надандық деген – кесел, дерт дауасы жоқ.

Мәулана Руми «Піл туралы талас»

 

– Ол ойынды ойнау бізге балдақ алып келгенде басталды, – деді Поллианна салтанатты түрде.

– Балдақ?

– Иә. Мен қайырымдылық шарасы кезінде қуыршақ аламын деп үміттенген едім. Әкем қайырымдылыққа өткізілген заттарды жинайтын апайға қуыршақ алып келуін өтінген. Бірақ ол апай қуыршақтың орнына кішкентай балдақ әкелді. «Бұл да бір кәдеге жарап қалар» деп жазып жіберіпті.

– Әзірге, ешқандай қызық көріп тұрған жоқпын. Бұл не ойын өзі? Ақымақтық сияқты.

– Сіз түсінбедіңіз. Біздің ойынның негізі сол – қуануға келмейтін нәрселерге қуану. Сол балдақтардан басталды бәрі.

– Менің бақшасы бар үйім! Қуыршақ күтіп отырғаныңда, балдақ алып келіп тұрса, оның несі қуаныш?!

Қуанғаннан Поллианна шапалақтап жіберді.

– Болады! Қуануға болады! Болады! Болады! – деді ол ішек-сілесі қата күліп. – Мен де басында сіз сияқты ойладым. Бірақ әкем маған бәрін түсіндіріп берді.

– Маған да ойныңды түсіндіріп жіберші, – деді Нэнси сәл жабырқап. Бір сәт Поллианнаның айтқандары оған қалжың болып көрінгендей.

– Әрі қарай тыңдаңыз, – деді Поллианна жеңісті түрмен түсіндіруге көшіп, – балдақ маған керек болмағаны үшін қуануым керек! Бар қулық – осы! Бұл ойынның шартын білсеңіз, ойнау оп-оңай.

– Сандырақ! – деді де Нэнси Поллианнаға үрейлі көзбен қарап тұрып қалды.

– Сандырақ емес, өте жақсы ойын. Сол кезден бастап әкем екеуміз бірге ойнадық. Бірақ... Тек... Бұл ойынды ойнау кейде қиынға соғады. Мысалы, жаныңдағы ең соңғы жақының – әкең де ана өмірге аттанғанда, «Әйелдер көмегінен» басқа жақын адамдарың қалмағанда, куаныш табу қиындау.

– Дәл солай! Сені ең жақын туысқаның ішінде жиһазы жоқ шатырдағы үйшікке қамап қойғанда да, – деді Нэнси Поллианнаның сөзін іліп әкетіп.

Элеонор Портер «Поллианна»

 

Ал мына жұрттың сықпыты да, салты да мүлде басқа. Бүкіл қала халқы алыпсатар болып кеткендей, кез келген бұрышта қолына бірдене ұстаған үлкенді-кішілі адамдар. Жақындасаң-ақ, бәрі өзінің затын мақтап, жақынын көргендей жабыса кетеді. Түрлерінде жылылық жоқ, қажыған құр сүлдері мен жылтыраған көздері ғана көрінеді. Жүріс-тұрыстары былай тұрсын, күлкілерінің өзі де жасанды. Жымысқы, жиіркенішті бірдеңе. Ар жағында алдасам, арбаласам деген құлығының құлағы көрініп тұр. Кезінде жақсы кітап іздеген халық бүгінде қу қарынның, обыр құлқынның кұл тобырына айналған. Жүздерінде жақсылықтың, адамдықтың, мейірімнің жылт еткен нышаны болсашы. Бұрын әр адам өзінше бір қайталанбас әлем сияқты еді. Әркімнің өнінен тек өзіне тән тектілік, өзінше тәрбиелік табы айқын аңғарылып тұрушы еді-ау! Қазір пәлен деп айтудың өзі қиын. Сылдыр сөз, сырғақ жүздің ар жағын қалай жобалайсың? Қараңғы үйде тышқан ұстағанмен бірдей тірлік те, әйтеуір. «Аяғын көріп, асын іш, анасын көріп, қызын ал», – дейтін мәтелдің адыра қалғаны қашан! Қазір өз халқынның ұлын да, кызын да өзге халықтан айырып алу қиындап барады. Туған тамырыңнан, өскен өркеніңнен ажырау деген осы да.

Әміржан Әлпейісов «Қашқын суыр»

 

– Қоя ғой, жарығым, жылама енді, – деген бетінен сүйіп, – Бөтен елге кеткен жоқ қой. Мына тұрған жер. Әлі талай келеді.

– Бәрің де сондайсыңдар, – деді Әжігерей өксіп, – Әпке болып жүресіңдер. Содан кейін бір күні біреудің әйелі болып кете барасыңдар.

Таласбек Әсемқұлов «Талтүс»

 

Жақсы көру мен жек көрудің арасы бір-ақ қадам!

Заря Жұманова «Жұмадағы жұмбақ өлім»

 

– Негізі өзің нағыз Шолпанның сіңлісі екенсің, – дедім.

– Ол кім?

– Мағжан ақынның Шолпан деген кейіпкері болған. Шолпан жұлдызындай суық. Атын да әдейі солай қойған ғой. Ол да сендей бақыт іздеген. Өзі ғана бақыт­ты болуды көксеп, бар әрекет­ті аянбай жасаған.

– Әрине, кім де болса бақыт­ты болғысы келеді ғой.

– Иә, барлығымыз – адамбыз, пендеміз. Қателесетін кез­деріміз де болады. Әркім әр жолды таңдайды, түрлі әрекетке барады. Тек сол әрекет­теріміз өзгенің тағдырын тарамыстай тартып, қусырып жататынын ойлай бермейміз ғой.

– Мүмкін! Сонымен, әйел бақыт­ты болып па?

– Жоқ. Соның қисыны келмепті.

– Неге?

– Ең негізгі дүниені жоғалтып алыпты. Қазақ әйеліне тән болмыстан ада өзгеше мінез танытыпты. Ата-ана, кейуаналардан қалған сара жол, алтын өзек болған. Қазақ әйелі өз бақытын ғана көксемеген ғой.

– Ой, апай, ол – жай сөз ғой, жүдә. Ұзатылған қыздарға «Жаңа жұртыңа бақыт­ты боламын деп барма, бақыт­ты қыламын деп бар», – деп жатады. Осы сөзден құсқым келеді. Нағыз өтірік қой.

– Мүмкін, оның рас та шығар. Қазір айта-айта талай сөзді жауыр қылғанбыз. Дегенмен бақыт дегенді қате түсініп жүрміз-ау осы. Менің енемнің айтатын бір сөзі бар: «Ит екеш ит­тің де көлеңкесі болады. Біреуге пайдасын тигізеді. Ит құрлы жоқ па екен?!» – дейтін. Бәрі де өзімшілдіктен туындап жатады ғой.

Береке Жұмақаева «Шолпанның сіңлілері»

 

Бір қызықтысы, сүйіспеншілікті көрмей өскен бала – айналасынан алмаған махаббатты өзі беруге құштар болатын.

Қабдолашева Гулмарал «Мұқилашым – менің мұңым»

 

Өмірге келген екенсің, болмысың мен адам атың бар екен. Не үшін? Бар болғандағы мақсат не? Рухыңды кемелдендіру. Бұдан асқан мақсат жоқ әлемде. Саналы болмыстың кереметтілігі де сонда, күнбе күн рухыңның жарқырауында бітпейтін баспалдақтармен шаршамай жүре бересің, жүре бересің, соңында жетесің.

...Өзіңізді адаммын деп ойлайсыз ғой... Бірақ, бір қызығы, ешкім «күнбе күн» рухын өсіру үшін еңбектенбейді...

 Шыңғыс Айтматов «Жан пида»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 38 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: