Кітап үзіндісі
22/01/2024, 09:33

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Адамның жақсыдан – жаманға, жаманнан – жақсыға айналуы, саған жасаған бір түйір жамандығы, оның таудай жақсылығын жойып жіберуі қасқағым сәт екен...

Қабдолашева Гулмарал «Мұқилашым – менің мұңым»

 

Адамның тағдыры – өз қолында. Сорлы болған адам: «тағдырға шара бар ма» – деп жұбаныш етеді. Тағдырыңды – күндегі тамызықтай істеген амалыңмен өзің жасап аласың.

Алаш айтқан асыл сөз

 

– Осы сенің соңдайың. Сол жақсылығың алдыннан шықса ғой.

– Шықсын, шықпасын, әр адам жақсылықты өзі үшін істейді. Жаратқанымыз риза болсын. Өзің Аллаға сенесің бе?

– Барына күмәнім жоқ. Бірақ құлшылығым күмәнді. Ашынып, қиналған кезде ешкімді ойлауға шамам келмейді. Сабырлылық жасай асықпасам, жаратқанға бар түйсігіммен беріліп жалбарына алам. Дұға-аят оқылғанда Алла бар, ал жай жүргенде ұмытыла береді. Әсіресе Саяттан кейін көп нәрсе өзгерді... Құдайды көз алдыма елестетіп, сөйлесіп те көрдім. Ол бірде маған ақ сақалды кәрі шалдай, енді бірде көпті көрген мейірімді ана іспеттес елес береді. Көбіне әйел емес, ер адам бейнесінде ойыма түседі.

– Қалай болғанда да құдіретті күшке сенуіміз керек. Ол жалғызсыраған жарымжан адамдардың өмір сүруіне көмектеседі.

Әміржан Әлпейісов «Қашқын суыр»

 

– Жүйке ғой, – деді Гуля сәлден кейін. – Жүйкесі нашарлаған... Сонсын кейін барып түскен.

– Жүйкесі неге нашарлайды екен осы?

– Адам табиғаты бұзылғаннан... Менің саған айтып жүргенім сол емес пе. Табиғатқа қарсы тұруға болмайды, организмнің табиғи ырғағын бұзба деп... Оның үстіне мінезі нашар. Әйел организмі әлсіз ғой. Қаншама қарсы тұр, өзіңді өзің қаншама қина, уақыты келгеннен кейін әйтеуір бір нәрсеге ұрындырады... Ұрынып қалмайықшы!..

Нұрдәулет Ақыш «Гуляның көк дәптері»

 

Өмірдегі ең құнды капитал – балалар! Рухани жұбаныш пен бақыт та – балалар! Менің ойымша, артынан ұрпақ қалған адамды өлділер қатарына жатқызу қате пікір, өйткені, бұл дүниеден сыртқы пішін кеткенмен, қан мен тұқымын, мінез-құлқы мен ұсқынын жалғастырушылар бар. Бұл дегенің – сенің кетуіңмен өмір жібіңнің үзілмеуі. Бәлкім, сенің армандап-аңсаған белестеріңді солар алып, бітірмеген маңызды істеріңе нүкте қояр да, көрмеген қызығыңның көкесін танытып көрер де осы жіпті жалғастырушы – балаларың болар?! Балаң бар дегенің – қасыңда бағыңның баршылығы.

Қабдолашева Гулмарал «Мұқилашым – менің мұңым»

 

Мүлде ұмытып кететін шығармын, сосын қайтып оралмаспын деуші едім. Міне, қаншама жыл өтті мен сені ұмыта алмайды екенмін, жаным. Өзіңе мүлде қатысым жоқтай сезінгім келіп еді, болмайды екен. Тіпті соңғы күндері түсіме де кіріп жүрсің.

Кеше гөр мендей ақымақ пендені. Қатыгез өмір өз үкімін осылай жүргізген соң, не амалым бар?..

Нұрдәулет Ақыш «Гуляның көк дәптері»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 44 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: