15/01/2024, 10:25 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Құр оқи бергенмен ештеңе шықпайды, әлсін-әлсін ойыңды қозғап қой, пайдаланылмай қалған ақылды тот басады. Ілияс Есенберлин «Ойлар, баяндамалар, күнделіктер, хаттар»
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, қанның құдіреті жібермейді, ата-бабаң хан болса, жеті атадан ел билер ұрпақ келері ғажап емес». Қабдолашева Гулмарал "Мұқилашым – менің мұңым"
Бірақ бақыттымын деген адамның өзі бақытсыздықты сезініп, құлазуы әбден мүмкін. Өйткені бақыт деген ұғымның өзі салыстырмалы нәрсе. Әйткенмен өмір сүре білу әркімнің өзіне тікелей байланысты. Көңіліңіз қалаған еңбекпен шұғылдана жүріп, отбасының үйлесімін жасай білсеңіз, бақыттың шыңы – осы. Ол үшін кесе-көлденең кезіккен қиындықтың бәрін жеңе білуіңіз қажет. Несіп Қалымбетова «Тағдыр мен тағылым»
– Менің қолымнан жылатып тартып алу келмейді. Арамдық қып ішкен ас, ішіңе барып тас болмасына кім кепіл. Адал еңбек, мандай термен келмеген нәрсе маған жақпайды. – Сен не, періштемісің, әлде пайғамбармысың? Кім ұрламай жатыр? Анау әкелерінен де пара алуға дайын банкирлерің бе, немесе шет елден валютаға арақ пен темекі, «Сникерс» әкеліп сатып жүрген бизнесмендерің адал дейсің бе? Қазір ешкім де таза емес. Былғанбаған ауыз жоқ. – Жұрт өлді деп, бәріміз де өлеміз бе енді? Әркім өз ар-ұятының алдында өзі есеп береді. Өтпелі дәуір көпке сын. Кезінде он процент адамның байлығын қалған тоқсан проценті бөліп алып еді, бүгін керісінше, бүкіл халықтың жиғанын ат төбеліндей аз ғана топ қалталарына басып отыр. Тіпті, қазақ жерін қойып, шет елден де сарай сатып алып, мемлекеттің қаржы-қаражатын сол жақтың банкілеріне тоғытып тығып жатса керек. Әйтеуір ел іші гу-гу... Әміржан Әлпейісов «Қашқын суыр»
— Ердің көкірегі жүкті болмай, әйелі әулие тумайды. — Тақсыр, көкірегі қалайша жүкті болады? Оның хикметін ашықтай түссеңіз. — Ер жігіт «Ұрпақ тәрбиесі не болады?» «Надандықтан қайтсек құтыламыз?», «Ұрпаққа не қалдырдым?» деп қайғырғанда кеудесі рухани уайыммен «жүкті» болады. Көкіректі осындай өкініш қапсын. Тәңірдің де құлынан тілейтіні — осындай алаң! Аң аулап, көкпар шауып, қыс бойы соғым жеп, қымыз ішкенге мәз болмаңдар. Санжар Керімбай «Өркениетті адам»
Өзгені «беске» білуге тырысқанша, өзіңді «үштікке» білуге күш салсаң, олжалы болғаның. Зейнеп Ахметова «Бабалар аманаты»
Есіңізде болсын, өмірдің қуанышын ұрлайтын үш нәрсе бар: соның бірі – өткенге өкініш. Өкіну – жаныңды жегеннен басқа ештеңе бермейтін іс. Жадыра Шамұратова «Сандық»
«Өзіңе ақша қимау – саған келетін ақша энергиясының көзін жабу. Өзіңе аз алған сайын, өзіңе қимаған сайын Құдай да саған түк татырмайды» деп соғады. Бұл сау адамның сөзі емес. Бұл басыну, қымбат зат сатып алмағаның үшін кінәлі көрсету. Маркетинг тұздығына түсіру. Сіз биыл бес жылы шұлық сатып аласыз ба әлде бір мәсімен шығасыз ба? Оны әркім өзі шешеді. Оған коуч мұрнын сұқпасын. «Ақшаның энергиясы» деген сөздің өзі анекдот. «Қалаған затыңды сатып алу арқылы ақша көзін ашу» деген парадокс. Әлемдік қаржыгер Пит Данн «адам әр жалақысының бес пайызына киім алса экономикалық тұрақтылығы дұрысталады» дейді. Осы көрсеткішпен есептесек, төрт жүз мың теңге жалақы алатын кісі айына жиырма мыңға киінеді. Сонда өзгесі сапалы тамақ жеуге, қосымша білім алуға, саяхаттауға жеткілікті. Осылайша есі дұрыс адам бюджетін жоспарлауы керек. Онсызда шаршап жүрген адамдарды «ақша шақыру» дегендей қойыртпақпен алдаусыратып, иллюзияға батырмау керек. Лира Қоныс «Қазақша минимализм немесе үйде бәрі бар»
Иә, өлсең болды, жердің қойнына тыққанша асығады. Туған-туысқандарымның арасында денемді өзенге ағызып жіберуді, соның дұрыс екендігін ойлай алатын бірде-бір ақылды адамның табылмағаны ма?! Қараңғы көрде жатқым келмей аласұрдым. Бірақ одан не өнбек. Тірілер міндетін атқарып кетіп барады. Қайсыбірі араға күндер салып басыма келеді, құшақ-құшақ гүл қояды. Ал маған оның қажеті қанша? Өлгендерге ештеңенің керегі жоқ. Джером Сэлинджер «Жар жағалаған жалғыз» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 44 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |