08/01/2024, 10:37 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
...Ар бұйрығы – бар бұйрықтан ауыр. Егер де сол бұйрыққа құлақ аспасаң, тарпаң тағдырың қай тығырыққа тірерін кім білсін. Сонда не істемек? Қайда барарсың?.. Ойына бақытты балалық сәттермен бірге бүгінгі күннің сергелдеңі қатарласа келді. Қанша уақыт өтсе де ештеңе ұмытылмайды екен-ау. Жарайды, өткен – есте, болашақ – қиялда. Сонда бүгінгі күн қайда? Жай әншейін күйбің бе? Неге күнделікті өмірдің біз үшін мәні жоқ?.. Әміржан Әлпейісов «Қашқын суыр»
«Адам баласы үшін иман – бақыттың бастауы» – деп жазады әлем таныған түрік ғалымы Фетхуллаһ Гулен. «Адамды адам ететін де, керек десеңіз сұлтан ететін де иман! Мұндай асылдан құр қалу – күпірлік. Күпірлік адам баласын өлексемен қоректенетін құзғын дәрежесіне дейін құлдыратады» – дейді тағы сол ғалым. Кәмел Жүністегі «Ой-толғаныстар»
– Тек, өкініштісі, Жер ғаламшарымызда ұлы табиғатты осылай қорғай, аялай білетін халықтардың азайып келетіні. Жер атмосферасындағы, биосферасы мен гидросферасындағы адам қолымен, адам басқарған түрлі техникалармен жасалған өзгерістер, зауыттардан, фабрикалардан, жеңіл көліктерден шыққан газ-түтіндер ұлы табиғатты тұншықтырады ғой бірте-бірте. Ал жыпырлаған зәуілім ғимараттар мен көп қабатты тұрғын үйлерден тұратын қалалар Жер ғаламшарымыздың бетін түнелдей жапты десе де болады. Ал мұның соңы неге апармақ? Бүгінде бұлақ, өзен, теңіз бен мұхит сулары да тартылуда. Бұл көкейкесті мәселелер жөнінде ғалымдар мен түрлі саланың мамандары дабыл қағуда. Тек еш нәтиже жоқ. Кейбіреулер: «Өзім өмір сүрген кезде жасқы болса болды, әрі қарайғысында жұмысым жоқ» дейтін де сияқты. Бәрінен де сол пікір жаман. Жүніс Сақұрпағы «Шолпанға көшкен ауыл»
– Ақша деген, әрине, көздің құрты, талтандап басып, ешкімге жалгандап қарамайсың. Ақша – бостандық дегеннің де жаны бар шығар. Бірақ мен ақшаға табынып, оны Құдайдай көруге қарсымын. Адам рухына жететін не бар? Бассыз, білімсіз, мәдениетсіз қандай қоғам болмақ? Қарыннан жүрек әрқашан жоғары емес пе? Әміржан Әлпейісов «Қашқын суыр»
Қыз деген әр еркекке қолын ұстата берсе, алақанның қытығы кетеді. Қытығы деген – ұяты. Ұят кетсе, қыз қасиетін сақтау сезімі сұйылады. Қолын жігіттерге қымсынбай жиі ұстатуға дәніккен бойжеткенде қызға тән нәзіктік, пәктік, сыпайылық жұтайды. Қылықтары дарақыланып, жүрісінен жаңылады. Оның жүрісін бір күн ши жасырар, бір күн туырлық жасырар. Бірақ «көп жүрген жылан да аяғын көрсетіп алады» дегендей, ойнақтап жүріп от басып, өкінішке ұрынады. Құдайым сондайдан сақтасын де! Аяқты шалыс бассаң қасың түгілі, досың да табалайды. Пенделер қашан да жамандыққа оңай табыла кетеді. Зейнеп Ахметова «Бабалар аманаты»
– Сен ешкімнен кем емессің. Қайта біраз жігіттен артықсың. Бірақ қыздар батыл, шешімді жігіттерді жақсы көреді. Біздің де айтқымыз, істегіміз келетін нәрселер болады, қанға сінген әйелдік нәзіктіктен аттауға шамамыз жетпейді. Сол сәттерде өжеттеу жігіт еркектік жасап, іске кіріссе, соған түсіп қаламыз. Тек батылырақ бір адым ғана, сол ғана жетпейтіні. Өзі қысылып сыртқа шыға алмай тұрған сезімге сенің ұяндығың ездіктей көрінеді. Сондықтан да жуас, ақ көғіл жігіттер көбінесе тақыс, қу қыздардың уысына ілігеді. Әміржан Әлпейісов «Қашқын суыр» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 40 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |